«Түркия Әзірбайжан жерлерін армяндардың басқынынан арашалау жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді», - деген Түркия президенті әрі Әділет және Даму партиясының (AK parti) басшысы Режеп Тайып Ердоған, 24 мамыр күні партияның сайлауалды бағдарламасына тағы қандай мәселелерді енгізгенін мәлімдеді. Бұл туралы Түркияның «sondakika32.com» агенттігі хабарлайды.
«Біз Украинаның Қырым мәселелері жөніндегі аймақтық тұтастығын қорғайтын боламыз. Кипр мәселелерінің әділ шешім табуы үшін күресімізді тоқтатпаймыз. Палестиналықтарды қолдауды жалғастырамыз. Сүрия топырағын террористерден тазартамыз. Сүриямен тату көршілік қатынас орнатып, олардың жаңа үкіметін қолдайтын боламыз», делінген АҚ партияның сайлауалды бағдарламасында.
Түркияның ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, мерзімінен бұрын өтетін сайлауға үміткер ретінде қатысатын Түркия президенті Ердоған, сенбі, 26 мамыр күні үгіт науқанын бастайды. Осы науқан туралы айтқан түрік басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасы мен АҚ партия атынан депутаттыққа түсетін үміткерлерді де таныстырды.
Еске салайық, 24 маусым күні Түркияда мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өтеді. 27-шақырылымдағы парламент сайлауына "Әділет және Даму партиясы" (АК Partisi), "Ұлы Бірлік партиясы" (Büyük Birlik Partisi), "Тәуелсіз Түркия партиясы" (Bağımsız Türkiye Partisi), "Республикашыл Халық партиясы" (Cumhuriyet Halk Partisi), "Демократ партиясы" (Demokrat Parti), "Халық демократиялық партиясы" (Halkların Demokratik Partisi), "Жақсы партия" (İYİ parti), "Ұлтшыл қозғалыс партиясы" (Milliyetçi Hareket Partisi), "Бақыт партиясы" (Saadet Partisi) және "Отан" (Vatan) партияларының атынан үміткерлер қатысады.
Ендеше, мерзімінен бұрын өтетін осы сайлау Түркияда қандай өзерістер орнатпақ? Алдын ала хабарланған ресми мәліметтерге сәйкес, мерзімінен бұрын өтетін сайлау қорытындысы бойынша, 2017 жылдың 16 сәуіріндегі референдумда қабылданған Түркияның Ата заңына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Әсіресе, Түркия парламентіндегі депутаттардың саны 550-ден 600-ге артады. Премьер-министр лауазымы жойылады. Министрлерді тағайындайтын атқарушы билік басшысы ретінде президент қалады. Вице-президенттер институты енгізіледі. Парламент үкімет жұмысын бақылау мандатынан айырылады. Алайда, егер 600 депуттаттың жартысынан көбі (301 депутат) тарапынан қолдау тапқан жағдайда, парламент президенттің импичменті туралы талапты қарастыра алады. Импичментке дауыс беру жасырын дауыс беру түрінде бір ай бойы жалғасады.