Түркияның Батыстан бет бұрып, аймақтағы елдермен – араб елдері, түркі елдерімен және Ресей, Иран, Кавказ өңірімен болған қарым қатынасын нығайтып жатқанын байқаймыз. Бұған НАТО мен Түркия арасындағы сенімсіздік те себеп болды. Сүрия, Ирак, Ливия қатарлы Түркияға көршілес және таяу жатқан елдердегі тұрақсыздық, аталған елдерде ДАИШ, ПКК қатарлы террорлық ұйымдардың жетіліп шығуы, Түркияның шекара және әуе қорғаныс қуатын арттыруға итермеледі.
Түркияның НАТО-ға «өкпелі» болатын бір себебі – Сүрия дағдарысы кезінде зымыран қаупінде қалған НАТО-ға мүше түрік елін, аталған ұйым лайықты дәрежеде қорғамады деп қарайтыны. Түркия жақтың айтуынша, НАТО-ның зымыран қорғаныс жүйелері Түркияға кешіктіріп әкелінген. Сонымен бірге, түріктердің Италия мен Испанияға да өкпесі қара қазандай. Оларды қажетті уақытта зымыран батареяларын шығарып алып кетті деп жазғырады. ПКК-PYD-YPG қарулы топтарында НАТО мүшелерінде өндірілген ауыр және жеңіл түрдегі қарулар бар болып, Түркияның қорғаныс қуатына сын тудырып отыр. НАТО қару-жарақ өндіруші орындарында жасалған жарылғыштардың Стамбулдағы жарылыста қолданылуын алға тартқан Түркия бұл үлкен ұйымға деген достық пейілінен айнып шықты.
Әскери қорғаныс саласында ғана емес, ел іші-сыртының саяси алаңдарында Түркия Батыстан шеттетіліп қалып қойды. 2016 жылғы 15 шілде оқиғасында Батыс елдері Ердоған билігін жақтағанды былай қойып, биліктің азаматтарды қудалауы мен жазалауын "адам құқықтарын бұзушылық" деп айыптады. Осының бәрі Ердоған үкіметін Батыс елдерінен бет бұрып, аймақтағы өзіне жақын елдермен, Ресеймен, түркі және араб елдерімен ынтымақтастықты жақсартуға итермеледі. Әсіресе, қорғаныс саласында Ресеймен ынтымақтастық қатынасын барынша арттырды.
Ресейдің S-400 қорғаныс жүйесін сатып алу жоспары оның НАТО-дағы одақтастарының қарсылығын туғызды. Тіпті Батыс тараптан қатаң сын, сөгіс пен ескертулер қарша борады. НАТО мүшелері Ресей S-400 қорғаныс жүйесі одаққа мүше елдердің қорғаныс қауіпсіздігіне қатер төндіреді дегенді алға тартты. Ал, түрік елінің қорғаныс саласындағы мамандар жүргізген сараптаулар бұл жүйенің НАТО қауіпсіздігіне қайшылығы жоқ екенін дәлелдеп көрсетуге тырысты. Бәрі бірдей бұл тексеру қорытындылары НАТО-ның қабағын жадырата алған жоқ.
Шын мәнісінде орыс пен түрік одақтастығы да ұзақ баянды болады деп сену қиын. Түркия Шығыс пен Батыс түйіскен тұсында тұрғандықтан оның экономикасы, геосаяси тұрақтылығы Батыстан бір жола қол үзуге жібермейді. Ал, Түркияға көрші елдерден төнетін қауіп алдында Ресей оның мүдделес серіктесі деуге болады. Бұл бір мүддеге құрылған одақтастықтың мерзімі Орта және Таяу-Шығыстағы жағдайға тікелей байланысты. Түркияның басты мақсаты әуе қорғаныс саласында Ресей мен Қытай қорғаныс техникаларына уақытша бағынышты бола тұрып, өз елінің әскери өнеркәсібін жоғары өреге көтеру. Сол арқылы өзін-өзі әуе және зымыран қорғаныс саласында қамтамасыз ету жағдайына жеткенде, Қытай мен Ресейдің қорғаныс жүйелерінен бас тартатыны анық.
Десе де, ұзақ болашақтан алғанда және Таяу, Орта-Шығыстағы аумалы-төкпелілік пен державалардың жүргізген саясатын алып қарағанда Түркияның оқшауланып қалуы да бек мүмкін. Ливия немесе Сүрия секілді бір ілік тауып, талан-таражыға түсіруге дайын тұратын Батыс алыптары түрік жұртын қаншалықты бағалайды, ол өз алдына бір мәселе.
НАТО-дан бөлек АҚШ-пен ынтымақтастықты жақсарту үшін құлшынған Ердоғанның еңбегі мен үміті де еш кетті. Ал, оның оңтүстігіндегі араб елдерінің өзі ала шапқын әбігер, өз ішінде іріп отыр. Осындай кездерде жақынның жаны ашымаса, жаттың көмегі қайырлы болмас. Алайда, түркі тектес елдердің экономикасы мен әскери қуаты НАТО, Ресей, Қытайға қарағанда көп қауқарсыз. Дегенмен, түркі елдерінің экономикасы мен қорғаныс қуатын қатар әрі жедел дамыту арқылы, Түркі дүниесінің экономика, қауіпсіздік ынтымақтастық ұймын жасақтау, бір Анадолы жұртына ғана емес, түркі тектес қай-қайсы елдің де ұзақ әрі стратегиялық жоспарына кіруі тиіс.