Енді қазақстандық дәрігерлер кәсіби түрде қателескен жағдайда жарна төлеуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осындай заң нормаларын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой "Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігіне кепілдік беру мәселелері жөніндегі ҚР кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді.
"Жарна бойынша Қазақстан актуарилері (сақтандыру жарнасын есептеуші маман - ред.) есеп жүргізді. Орташа базалық мөлшерлеме дәрігерлердің кәсіби дәрежесіне байланысты белгіленеді. Мысалы дәрігер-хирург емдеу кезінде қате жіберсе жылына 44 мың теңге шамасында жарна төлейді. Ал медқызметкерлер бұл соманы төлеуге дайын. Себебі мұндай жағдайда оларда пациентті емдеуде жауапкершілік және пациенттерге ешқандай зиян келтірмеуге кепілдік болады", - деді Алексей Цой.
Сондай-ақ, Алексей Цойдың сөзінше, министрлік өтемақы сомасын да нақтылауды жоспарлап отыр. Яғни егер науқас дәрігердің қателігінен үшінші топтағы мүгедек болып қалса оған 500 АЕК төленеді (2017 жылғы АЕК - 2269 теңге). Бұл шамамен 1,134 млн теңге.
Сондай-ақ, министрліктің алдын ала жасалған есебі бойынша дәрігер қателігінен пациент қайтыс болған жағдайда 1000 АЕК көлемінде өтемақы берілуі мүмкін.
Ал медициналық қателерді анықтау аккредиттелген тәуелсіз сарапшылардан тұратын сараптама комиссиясының қатысуымен жүргізіледі.