Бүгінгі қазақ жазушысы кешегі ағабуын әдебиет өкілдері секілді тұлғаға айнала ала ма?

– Бұл сұрақ Кеңес Одағы кезінен қалыптасқан, қасаң түсініктен туған сұрақ. Бүгінгі қоғам үшін тұлғаға айнала ма, жоқ па, ол, жалпы, қоғамдағы қажеттілікке байланысты. Әрине санасы жоғары, Алашорда қайраткерлері тәрізді алдына ұлы мүдде, ұлы мұрат, ұлы мақсат қойған жазушылар болса, ол басқа әңгіме. Ол – ерекше туған адамдар дер едік. Ал қарапайым адамдар немесе бүгінгі жастар тұлғаға айнала ма, жоқ па – ол қазір маңызды сұрақ емес. Себебі, қазір ақшаның, байлықтың насихаты, фетишизм асқынып тұр. Яғни, қазір кез-келген қоғам мүшесі, тұтас қоғам бір нәрсені – қалай байысам дегенді ғана ойлайды. Біз капиталистік қоғам орнатамыз, нарықтық экономика қалыптастырамыз, елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамамыз етеміз деген үлкен жолға түстік. Бірақ, осында бір ерекше қауып бар еді. Ол қауіп – адамдар руханияттан қол үзіп, ұлы романдар емес, сауық әдебиетін ғана оқып, сауықшыл, тойшыл боп кетпей ме деген қауіп. Кешегі рухани құндылықтарынан, рухани мұратынан, сонымен қатар, адамның кім екенін танытатын қадір-қасиетінен жұрдай болып қалмай ма деген үрей бар еді. Сол қауіп бүгін расқа шықты. Қазір кітаптың күйреген уақыты келді. Көлемді кітаптарды жастар оқымайды. Компьютерден қысқа-қысқа ақпарат оқиды. Қысқа-қысқа өлеңдер, әңгімелер оқиды. Ұзаса 2-3 бет, әйтпесе одан да аз шығармалар. Ал, ұлы шығармалар, үлкен романдар, мысалға: «Соғыс және бейбітшілік», «Абай жолы», «Қан мен тер», «Албастылар», «Моби Дик», «Ағайынды Карамазовтар», «Тынық Дон», бұдан басқа да ХІХ ғасырдағы Еуропа, Америка жазушылары тудырған ұлы-ұлы романдар оқылмайды. Бір-бірін жанашырлыққа, бауырмалдыққа шақырған, адамгершіліктің, ықылас-ілтипаттың мәртебесін бекіткен, рухани құндылықтарды қалыптастыратын ұлы шығармалар оқылмағандықтан бүгінгі қоғамда қатыгездік, енжарлық, немқұрайдылық, жақын-жуық, ағайынның қасірет-қайғысынада ортақтаса алмайтын суық қандылық орнады. Бүгінгі күні неге қылмыс көп, неге жастар бірін-бірі аяусыз пышақтап немесе атып өлтіріп кетіп жатыр. Осының бәрі адамдардың ұлы шығармаларды оқудан қол үзіп қалғандығынан. Осы тұрғыдан алғанда сіздің сұрағыңыз орынды.

Біз қазір әділетті мемлекет орнатуға тырысып жатырмыз. Жаңашылдыққа, ғылым-білімге ұмтылып жатырмыз. Жаңа технологияларды игеріп, дамытып жатырмыз. Бірақ, біз қазақ қоғамының болашағын ойлайтын болсақ, ендігі қоғамда бір-біріне деген жанашырлық, қамқорлық болмаса, ондай қоғамның құны көк тиын. Себебі, жарлы байыған кезде бай кедейленуі мүмкін ғой. Шын мәнісінде тұрақтылық дегеніміз адамгершілігі бар қоғам орнату.

Бәріміз өзімізді ұлтшыл, ұлт қайраткері сияқты сезініп сөйлейміз, қалам тартамыз, сахнадан жыр толғаймыз, ән шырқаймыз. Алайда нағыз қазақылық қаситетерден арылып бара жатқанымызды ұғына алмай жүрміз. Кешегі қонақжайлық, меймандос көңілден арылдық.

Қазақтың билігі қазақ қаламгерлерін өз мүдесіне пайдаланып отыр ма?

– Әәуелі біз сол билікті де қоғамның бір мүшесі ретінде қарастыруымыз керек. Билікті бөле жарып емес, өзіміздің бір бөлшегіміз ретінде санағанымыз дұрыс. Осы тұрғыдан алсақ, билік пен қоғамның арасындағы байланыс ең әуелі интелектуалдар, жазушылар, өнер адамдары арқылы қалыптасады. Олар қоғамның мұңын айтатын, биліктің кем кеткен тұстары болса есіне салып отыратындар – журналистар, өнер қайреткерлері, жазушылар.

Жалпы, биліктің өнер адамдарын пайдаланудың екі жағы бар. Бұның жақсы жағы өнер адамдарының мәртебесі өседі. Қалай дегенде де қоғамда биліктің ықпалы өте үлкен. Егер билік өнер адамдарын пайдалана алатын болса, өнер қайраткерлері қоғамды адамгершілікке бастайтын фактор ретінде таныла алады. Сондықтан, билік өнер адамдарын пайдалануға мүдделі. Бір жағынан халықтық тұрғыдан алсақ, екінші жағынан мемлекеттік тұрғыдан өз идеологиясын, саясатын жүргізу үшін өнер адамдарын алдына салып отырады. Ал, билік өз қателік-кемшіліктерін ақтау үшін, болмаса жасырып-жабу үшін пайдаланатын болса, онда бұл, әрине, жаман жағы дер едім. Өнер адамдары, өнер қайраткерлері тәуелсіз дербес тұлға болғаны, сонымен қатар биліктің түйткілді мәселелеріне етене араласып, көмектесіп жақтасып отыратын болса, онда бұл құптарлық жай болар еді.

 

Қалыптасқан жазушы ретінде мемлекеттік билікпен қаншалықты байланысыңыз бар?

– Әзірге маған ондай бақыт бұйырған жоқ. Мәдениеттің дамуы тұжырымдамасына атсалысқаным бар. Онда да тапсырма алып бірдеңе жазған жоқпын. Тек талқылауына қатыстым. Ол мәслихат маған өте ұнады. Өйткені, оны адақтауға менің Альмира Наурызбаева секілді ұстаздарым да қатысты. Ал, енді болашақта ондай мүмкіндік болып жатса, мен одан бас тартпас едім.

 Әңгімеңізге рахмет!

«The Qazaq Times»