Осыдан он жыл бұрын Қазақстанның батыс өңірінде мұнайшылар ереуілге шықты. Ереуіл алты айдан астам уақытқа созылып, 2011 жылғы жаз кезінде шырқау шегіне жетіп, мыңдаған жұмысшы алаңға жиналды. Қозғалыстың эпицентрі 150 мыңнан астам халқы бар Жаңаөзен қаласы болды.

2011-де жыл бойына қаладағы мұнайшылар компаниясында еңбек қатынасы нашарлай түсті, салдарынан мұнай-газ өндірісі құлдырап, ол компанияның балансына кері әсерін тигізді. 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында билік пен ереуілші жұмысшылар арасында қақтығыс басталды. Полиция оқ жаудырып, салдарынан кем дегенде 16 бейбіт тұрғын қаза тауып, жүздеген адам жараланды. Сонымен қоса, зорлық-зомбылық үшін 40-қа жуық жұмысшы, кәсіподақ жетекшілері мен наразылық білдірушілерге үкім шықты. Ал Қазақстан билігі бұл оқиғаны тәуелсіз зерттеушілерге зерттеу жүргізуге тыйым салды. Кейіннен Ұлыбританияның экс премьер-министрі Тони Блэр Жаңаөзен оқиғасын халықаралық деңгейде көрсету және көтеру жөнінде кеңес берді.

Қазақ жазушысы Ырысбек Дәбей Жаңаөзендегі осы оқиғаларды «Қоңыз» романында сипаттаған. Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген Ырысбек Қазақстанға 2001 жылы қоныс аударған. Өзінің журналистік қызметімен айналыса жүріп, өлең және очерктер жинағын жарыққа шығарады. Ол екінші романы «Қоңыз» кітабында Жаңаөзендегі мұнайшылардың өмірі, 2011 жылғы оқиға кезіндегі зорлық-зомбылық, айтуға тыйым салынған әм  жасырылған озбыр жайттарды шығармасына арқау етеді.

Британдық Оpen Democracy сайтында жарияланған сұхбатта автор Жаңаөзен оқиғасы туралы жазуға түрткі болған алғышарт дүниелер және роман атауының астарын тарқатып айтып берді.

Жаңаөзен оқиғасын жазу туралы шешімге қалай келдіңіз?

Жаңаөзен оқиғасы – бұл отыз жыл бұрын Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бергі басынан өткерген ең драмалық оқиға. Филолог әрі жазушы ретінде мен шетелдік әдебиетті көп оқимын, онда авторлар өз қоғамында кездесетін трагедиялы оқиғаларды жиі суреттейді. Алайда, қазақ әдебиетінде бұл тақырыптарды жазуға баулитын мектеп те, дәстүр де жоқ. Мәселен, мен Қытай жазушыларын оқығанда, олар цензураға қарамастан, үлкен-үлкен трагедиялы оқиғаларды көркем шығармаларға арқау етеді. Мұндай цензура Қазақстанда да бар. Міне, осындай ойлар маған Жаңаөзен трагедиясы туралы ойланып, ізденуге бастама болды, осы оқиға туралы роман жазуға итермеледі.

Сіз шетел әдебиетінен шабыт алғаныңыз туралы айттыңыз. Кімдерді оқисыз?

Өзім қатарлы көптеген жазушы сияқты мен де Габриэль Гарсия Маркес пен Эрнест Хемингуэй тәрізді классик жазушыларды оқыдым. Соңғы оқыған жазушылар қатарында Нобель сыйлығының лауреаты Мо Ян, Орхан Памук, Халид Хоссейн мен тибеттік жазушы Алайдың кітаптары бар. Өйткені олардың шығармалары маған шабыт сыйлайды. Әсіресе, соңғысы, яғни Тибет жазушысының шығармалары жаныма жақын. Ол Тибетті отарлау саясаты туралы және тибеттіктерге қарсы жасалған қатыгездік пен зорлық-зомбылық туралы жазады.

Алайда «Қоңыз» деректі жанрында жазылған роман емес. Оны әдеттегі әлеуметтік прозадан ерекшелейтін басты элементтің бірі – Батыс Қазақстанның жыр стилі. Мен 1930 жылдардың басындағы кеңес үкіметі кезіндегі малды тәркілеу мен 1937 жылғы қуғын-сүргін арасындағы кезеңді баян ететін «Көкмойнақтың үйірі» деген жергілікті жырды басшылыққа алдым. Сонымен қатар, ол «Адайдың тағдыры» деп те аталады.

Менің ойымша, сол замандағы қуғын-сүргін мен Жаңаөзендегі қанды оқиғаны салыстыруға болады.

Романның басты кейіпкерлері – мұнайшылар және сіз олардың дене мүшелеріне ерекше назар аударасыз. Өзіңіздің кейіпкерлеріңізді ішіп алған және мүгедек күйінде, сондай-ақ ақыр соңында атылған кезін де айқын суреттейсіз.

Иә, мұны шығарманың ең қиын бөлімі болды десем, артық айтқаным емес. Романды жазу барысында Маңғыстауға бірнеше рет бардым. Мен жамбас сүйегінің 5 сантиметрі мүжіліп-желінген мұнайшыны, көзінен немесе аузының жоғарғы жақ бөлігінен айырылған, бет сүйегі зақымданған адамдарды көрдім. Мен осы оқиғадан ең көп зардап шеккен белсенділермен сөйлестім. Маңғыстауға бармас бұрын, газеттер мен интернетке шыққан материалды қарап шықтым. Алайда, Жаңаөзен тұрғындарымен бетпе-бет кездескенде, жағдай мүлдем басқа екенін түсіндім.

Мәселен, мен Мақсат Досмағамбетовпен кездестім, ол екі жыл бұрын қайтыс болды. Бірақ қайтыс болғанға дейін, түрмеге қамалып көп азап шеккен. Біз Каспий теңізінің жағасында сөйлестік. Оның әңгімесін тыңдағанда кезде өзегім өртенді.

Бұл кездесу романды жазуға қамшылап, барлық күмәнімді сейілтті. Қанды оқиға салдарынан зардап шеккен мұнайшылардың жағдайын көргеннен кейін, олардың өз еліндегі полициядан тартқан азабын түсіну қиын болды.

Мақсат Досмағамбетов Жаңаөзендегі 2011 жылғы ереуіл кезінде ойын ашық айтқан жұмысшылардың бірі болды. Сол жылы маусымда ол Жаңаөзендегі оқиға туралы толығырақ хабар беру үшін Мәскеуде өткен баспасөз мәжілісіне де қатысты.

2012 жылы 37 жұмысшы мен олардың жақтастарына қатысты өткен сот процесі кезінде Досмағамбетов тергеу изоляторында зорлық-зомбылық көргенін, азапталғаны туралы ашып айтты. Алты айдан кейін оның түрмедегі азаптаулардың салдарынан қатерлі ісік ауруына шалдыққаны белгілі болды. Медициналық тексеруден өту үшін түрме әкімшілігіне жасаған өтініштері екі жыл бойына қараусыз қалды, кейін оған беттегі қатерлі ісік диагнозы қойылды.

Келесі төрт жылда оған мұнайшы әріптестерінің қаржылай көмегінің арқасында Оңтүстік Кореяда алты операция жасалды. Досмағамбетов 2018 жылы 29 қыркүйекте 36 жасында қайтыс болды.

Осыған қоса, сіздің романыңызда 2011 жылғы 16 желтоқсандағы оқиғалармен шектелмей, мұнай кен орындарындағы және қала өміріндегі күнделікті зорлық-зомбылық та сипатталады.

Иә, роман оқиғаның шарықтау шегінен, яғни аштық жариялап, алаңға кеп шатыр құрып жатқан жұмысшылардан бастау алады. Көп оқырман роман сол жерден атыс басталған сәтпен жалғасады деп күтті. Бірақ мен ең алдымен қантөгістің негізгі себептеріне назар аударғым келді. Бұл бұрыннан бері жолға қойылмаған білім беру, денсаулық сақтау саласындағы және қауіпсіздік аппараттарына қатысты әлеуметтік проблемалар.

Қытай жазушысы Мо Янның «Сарымсақ балладасы» (The Garlic Ballads) атты романы бар, ол шығарма да осылай дамиды. Онда 1988 жылы қытайлық сарымсақ өсіретін қытай шаруаларының көтерілісі суреттеледі. Автор толқудың өзіне тек он бет қана арнаған. Ал романның қалған бөлігін осы оқиғаның тууына себеп болған әлеуметтік жағдайларды зерттеуге арнайды. Сол сияқты, мен де өз романымда Жаңаөзендегі әлеуметтік жағдайларды зерттегім келді: жұмысшылар неге жұмыс орнынан мұнай ұрлайды? Неліктен аяғы ауыр әйелдің босануына мүмкіндігі жоқ? Неліктен адамдар мұнайдың үстінде отырса да, су мен жарыққа зәру? Бұл жағдайлар осы трагедияның орын алуына ықпал етті ме?

Оқиғаға он жыл өтсе де, оны көпшілік арасында талқылау әлі де оңай емес. Қазақстан халқы кітапты қалай қабылдады?

Әсіресе, жастар арасында, сондай-ақ әлеуметтік медиа платформаларда көптеген реакция болып, талқыға түсті. Көпшілігі кітап шынымен де өмірде болған оқиға негізінде жазылған ба, жоқ па деген сауалдар қойып жатты. Расымен де осындай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз ба деп сұрағандар да аз емес. Көбі кітаптың жарыққа шыққанынан да бейхабар. Тіпті ресми әдеби газет-журналдардың ешқайсысында, теледидардағы шоуларда да кітапты талқылап, пікірталас өткен жоқ. Екі баспа бұл романды басып шығаруға келісім бермеді. Тек жақында «Жалын» журналы ғана серия түрінде жариялады.

Жуырда сіздің романыңыздың алғашқы тараулары орыс тіліне аударылып, ресейлік «Литеrraатура» журналында жарық көрді. Роман атауы «Қоңыздың» бірнеше мағынасы бар. Мәселен, «қоңыз теріп кету» сөзбе-сөз «қоңыз жинауға бару» делінсе, бейнелі түрде «қайыр сұрау» деген мағынаны білдіреді. Тағы басқа қандай ұғымға негізделеді?

Қазақ ұлтында қоңыз теріп кету деген нашар жағдай, әбден күйі тозған ахуал ретінде көрініс табады. Бұл қайыршының жағдайына ұқсайды.

Сонымен бірге, қазақта сиырдың тезегін домалататын қоңыз туралы аңыз бар. Бір күні сіңірі шыққан кедей кісі тілегін орындайтын қасиетті әулие адаммен кезігіп қалады. Қасиетті адам одан таңдау-ықыласы даналық пен байлықтың қайсысына түсетінін сұрайды. Кедей екіншісін таңдайды, себебі ол өмір бойына жоқшылықтың тауқыметін тартқан еді.

Оның тілегі орындалады, бірақ әулие кедей бай болған шағында қызметкерлеріне жәбір көрсетіп, оларды шектен тыс пайдаланар болса, қарғысқа ұшырайтынын ескертеді. Десе де ол дәулеті тасыған бойда берген уәдесін ұмытып кетеді. Ол қол астындағыларын сес көрсетіп-сабап, еңбекақысын төлемей қояды. Кейін әулие келіп, оны өзгертуге тырысқанымен, байлығын бөліскісі келмейді. Ол осы сәтте ақырындап шөге бастайды, әйткенімен райынан қайта қоймайды. Алдымен аяғы, артынша белі жерге «батады». Көзін ашып жұмғанша, иығын қара жер тартып, ақырында соқа басы соқсиып топыраққа тиеді. Дей тұрғанымен ол байлықтан бас тарта алмай, мүлкіне ешкімді жуытпайтынын айтады. Кейін танауына дейін шаң қарпып шөккенде мұрнынан қан саулайды. Сөйтіп, оның қатқан қаны мен қалдығынан қоңыз пайда болады. Бұл қоңыз қанша бақайшықтай үлкен болса да тезек дөңгелетіп, соның маңында жүреді. Қиға әуес пиғылы бір ғұмыр сарсаңға салып қойған деседі. Оны жеу үшін аздап қазып та алады, бірақ содан кейін оны қайда қойғанын ұмытып кетеді. Бұл цикл өмір бойына жалғасады. Бұл жағдайда қоңыз өзге жандардың ақысын жейтін, таразыдан «пайда көретін» ашкөз адамның метафорасы.

Жаңаөзендегі жағдай осыған ұқсас. Онда монополистер мен жекелеген ауқатты отбасылар қарапайым адамдарды пайдаланып, олардың маңдай тер, табан ақы еңбегінің есебінен байлық жияды. Бұған дейін де солай болды, бұдан кейін де осылай жалғаса бермек. Байлық үшін тіпті адамдарға оқ жаудырды. Олар осы қоңызға ұқсайды. Байлық-мүлкі артса да, кемісе де өз боғын айналдыратын қоңыздарға ұқсайды.

Сұхбаттасқан: Гент университетінің докторанты, Мария-Кюри грантының иегері Маурицио Тотаро.

Ағылшын тілінен аударған: "The Qazaq Times"

"The Qazaq Times"