Қазақстанда соңғы күндері Мәжіліс депутаты Никита Шаталовқа қатысты туындаған дау қоғамдағы саяси және әлеуметтік поляризацияның тағы бір көрінісі болды. Бұл оқиға антикризистік коммуникацияның маңыздылығын тағы да дәлелдеді. Алайда, билік пен депутаттың алғашқы реакциясы мәселені шешу орнына, оны одан әрі ушықтырып жіберді. Бұл туралы белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт өзінің әлеметтік желідегі парақшасында "Қазақстанда “ұлттың артына тығылу” билік өкілдерінің, қоғамда танымал тұлғалардың сүйікті манипуляция тактикасы. Мәселен, кешеден бері Мәжілісте “шаңыраққа қаратқыш” депутаттармен қатар “орыс болғаны үшін ғана” сын астына қалатын мәжілісмен бар екенін көрдік. Сондай-ақ Президент әкімшілігі мен Мәжіліс басшылығы антикризистік коммуникацияны мүлдем түсінбейтінін көрсетті..." деп жазды.

Биліктің алғашқы реакциясы: Қайталанатын қателіктер

Антикризистік коммуникациядағы негізгі қағидалардың бірі – алғашқы реакцияның маңыздылығы. Дұрыс және уақытылы берілген жауап репутациялық дағдарысты бақылауға алуға мүмкіндік береді. Бірақ Қазақстан билігі бұл мәселеде дәстүрлі әрі тиімсіз тәсілді таңдады. Мәжіліс пен Президент әкімшілігі халықтың алаңдаушылығына жауап ретінде «ол мемлекетшіл азамат» және «бірлік маңызды» деген стандартты риториканы қолданды. Бұл реакция көпшіліктің ызасын туғызып, сенімсіздікті күшейтті.

Шаталовтың үнсіздігі де жағдайды ушықтырды. Егер ол ең басында түсініктеме беріп, қателігін мойындап, шынайы кешірім сұраса, бұл дау басқаша өрбуі мүмкін еді. Бірақ ол уақыт өте келе ғана пікір білдірді, оның мәлімдемесі қоғамды одан әрі ашуландырды. «Бұл – ақпараттық интервенция, мен оған қарсы күресемін» деген сарындағы мәлімдемесі қоғамның сұранысына жауап бермеді. Оның орнына, бұл сөздер жағдайды одан әрі шиеленістіріп, билікке деген сенімсіздікті күшейтті.

Қазақстандағы репутациялық дағдарыс және оның саяси салдары

«Шаталов кейсі» қоғамда бұрыннан қалыптасқан проблемаларды ашық көрсетті:

  1. Антикризистік коммуникация дағдарысы – Билік өкілдері қоғаммен диалог жүргізудің заманауи тәсілдерін түсінбейді немесе қолданғысы келмейді. Кешірім сұрау және конструктивті түсініктеме беру – әлсіздік емес, керісінше, жауапкершіліктің көрсеткіші.
  2. Саяси поляризацияның күшеюі – Бұл оқиға этносаралық және саяси шиеленістің артуына ықпал етті. Қоғамдағы белгілі бір топтар бұл дауды өз мақсаттарына пайдаланып, ұлтшылдық пен этносаралық алауыздықты ушықтыруда.
  3. Биліктің цензура мен жазалау әдістеріне сүйенуі – Қазақстанда кез келген дағдарыстық жағдай цензурамен, шектеулермен немесе жазалаумен шешіледі. Бұл әдіс қысқа мерзімді тұрақтылық бергенімен, ұзақ мерзімді перспективада сенім дағдарысын тереңдетеді.
  4. Ресейлік ақпараттық ықпалдың артуы – Шаталовтың сөзі ресейлік пропаганда үшін жақсы құралға айналды. Бұл жағдай Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі тұрғысынан да алаңдаушылық туғызады.

Мухоряпов кейсімен ұқсастық

Бұған дейін бизнесмен Мухоряпов қазақ және орыс тілдері туралы пікір білдіріп, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Оның жағдайында да антикризистік коммуникация дұрыс жүргізілмеді. Бұл екі оқиға бір нәрсені көрсетеді: билік пен танымал тұлғалар қоғаммен қалай дұрыс сөйлесу керектігін білмейді немесе үйренгісі келмейді.

Не істеу керек?

Егер Қазақстан билігі антикризистік коммуникацияны жетілдіргісі келсе, төмендегідей қадамдарға баруы керек:

  1. Тез және ашық жауап беру – Дау туындаған сәтте билік немесе жеке тұлғалар ұзақ уақыт үнсіз қалмауы керек. Бірден шынайы жауап беру қажет.
  2. Шынайы кешірім сұрау және түсіндіру – Егер қандай да бір мәлімдеме түсінбестік тудырса, оны түсіндіріп, қажет болған жағдайда кешірім сұраған жөн.
  3. Ресми ұрандардан бас тарту – «Бірлік», «ұлттың артынан тығылу» сияқты жалпылама риторика адамдардың сенімін арттырмайды. Оның орнына, нақты сұрақтарға жауап беру керек.
  4. Қоғаммен диалог орнату – Билік әлеуметтік желілер мен қоғамдық платформаларды тиімді пайдаланып, халықтың шынайы сұранысына жауап беруі қажет.

«Шаталов кейсі» Қазақстандағы антикризистік коммуникацияның әлсіздігін және биліктің қоғаммен байланыс орнатудағы қателіктерін көрсетті. Бұл жағдай саяси поляризацияны тереңдетіп, билік пен халық арасындағы сенім дағдарысын күшейте түсті. Егер билік осындай дағдарыстық жағдайларды дұрыс басқара алмаса, болашақта мұндай даулардың саны артып, олардың саяси салдары ауырлай бермек. Антикризистік коммуникация – кез келген билік үшін маңызды құрал, оны меңгермейінше, Қазақстандағы саяси тұрақтылық ұзақ мерзімді болмайды.

The Qazaq Times