Мадиярдың мамандығы - электрик. Алматы қаласындағы колледждердің бірін бітірген соң іс-тәжірибеден өтуге барған. Алайда барған мекемесі «сақтандыру жауапкершілігін өзімізге алмаймыз» деп іс-тәжірибеден өткізбеген. Айтуынша, өзінің де қызығушылығы болмаған көрінеді. Осылайша, тәжірибеден өте алмаған ол қазір әр жұмыстың басын бір шалып жүр. Тұрақты жұмысы жоқ. Диплом қалтада.
Естеріңізде болса Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко осыдан біраз уақыт бұрын «токарь, слесарь, электрик және басқа да мамандар жетіспейтіні» туралы айтқан еді. Оның сөзінше, ресейлік жоғары оқу орындарына түскен қазақстандықтарды «кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты» қайтару керек екен. Мүмкін сөзінің жаны бар шығар. Шыныменде елімізде осы мамандықты игерген жастардың жетіспейтіні анық. Hh.kz сайты ұсынған статистикаға сүйенсек, Қазақстанда электрик мамандығына бір айда 158 сұраныс болған. Слесарь мамандығы бойынша 64 орын бос. Дегенмен мұндай кәсіппен айналысқысы келмейтіндер саны көбейген сияқты. Ал мұның себебі қандай?
Психолог Мейірім Анарбекқызының пікірінше, Қазақстандағы мұндай тенденцияның қалыптасуына негіз болып отырған басты үш себеп бар. Біріншіден - қазақ халқының менталитеті. Мысалы ата-ана баласына кішкентай кезінен «басшы бол», «менің балам басшы немесе министр болады» деп бағдар береді. Осыдан кейін кез келген балада мансапқа деген қызығушылық пайда болады.
Екіншіден, мекеп қабырғасында жүрген кезде балаларға дұрыс кәсіби бағдардың берілмеуі. «Бұл жерде мектептің де рөлі басым екенін айтуға болады. Мысалы әрбір мектеп «үздік 100 мектептің құрамына кірдік», «оқушылардың барлығы ЖОО-ға түсті» деп айтып, сапаны көтеру үшін балаларды ЖОО-ға түсуге тәрбиелейді. Ал егер балаларға 7-сыныптан бастап кәсіби мамандықтар туралы түсіндірілсе, олардың жетіспейтіні туралы айтылып, нарықтық экономика заңдылықтарына сай бағдар берілетін болса, бұл дұрыс болар еді», - дейді психолог.
Мейірім Анарбекқызы атап айтқан үшінші себеп - балалардың кәсіби мамандықтарға жеке қызығушылықтарының болмауы және дер кезінде дайындықтың жоқтығы. Оның пайымдауынша, кәсіби бағдар алмаған оқушы 9-сыныпты бітірген соң не істерін білмейді. Содан 11 сыныпқа қалады. ҰБТ тапсырған соң аз бал алып қалған жағдайда, сол балмен оқуға болатын оқу орындарын және жинаған балына сәйкес мамандықты таңдайды. «Яғни бәрі әйтеуір ЖОО-ға грантқа түссем деп өзі тапсырып жатқан мамандық туралы білмеуі де мүмкін. Ал қызығушылық болмаған соң бәрі босқа қалады», - дейді маман.
Оның сөзінше, мұндай қалыптасқан қағиданы жою үшін ата-анамен жұмыс істеу керек. Яғни бала мен ата-ананы қатар ала отырып оларға жоғарғы лауазымды мамандықтар мен кәсіби мамандықтардың нарықтағы сұранысы қандай екенін түсіндіру қажет екен.
Десек те, Алматы автомеханика колледжінің директоры Темірбек Ануарбекұлының сөзінше, қазіргі кезде халық кәсіптік мамандықтарды игеру керектігін түсіне бастаған. « Мысалы бұрын ата-ана баланы ЖОО-ға түсіруді мақсат ететін. Ал қазір олай емес. Ең бірінші балаға өзін өзі материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете алатын кәсіпті таңдауына мүмкіндік бере бастады», - дейді ол.
Темірбек Ануарбекұлы оқу орнын жылына 300-ден аса студент бітіретінін айтады. Мысалы өткен жылы 50 студент ЖОО-ға кетіп, грантқа ие болса, 5%-ы әскери мамандықты таңдаған. «Ал оқу орнын бітірген маманның іс-тәжірибесі аз болып жұмысқа қабылданбаған жағдайда олар бізге қайта келіп тәртіпке сай қажетті тәжірибеден өте алады. Бізде дәнекерлеуші немесе токарь маманы болсын өз ісін жоғары дәрежеде біледі. Жыл сайын бітірген студенттердің 80%-ы тәжірибеден өткен мекемелерден жұмыс тауып кетеді», - дейді колледж директоры.
Ал студентті сақтандыру жауапкершілігі іс-тәжірибеден өтетін мекемеге және колледжге міндеттеледі екен. Себебі бұл әр мекемемен жасалған келісімшартта көрсетілген. Сондықтан ешбір өндірістік кәсіпорындар «маман іс-тәжірибеден өту кезінде жауапкершілікті өз мойнымызға алмаймыз» деп айтпайды.
Бұдан бөлек, жоғарыда аталған мамандықтарға қызығушылығын білу мақсатында қазақ тобында оқитын 1-2 курс студенттеріне сауалнама жүргізіп көрдік. Автослесарь мамандығында оқитын 50 студенттің 31-і мамандықты өздері таңдағанын және сол мамандық бойынша жұмыс істейтіндерін айтса, 10-ы ата-анасының таңдауымен оқуға келгенін және алдағы уақытта жұмыс істемейтіндерін, ЖОО-на тапсыратындарын жазған.
Ал кейбірі ата-анасының қалауымен түскенін және кейін алған мамандығы бойынша жұмыс істеу- істемеуі белгісіз екенін айтқан. Енді бірі мамандыққа қызығушылығым енді байқала бастады деп жауап берді.
Маржан Нүсіпбек
"The Qazaq Times"