Алматының апорты алма сұрыпының ішіндегі ең әйгілісі. Үлкендігі мен хош иісі, дәмі аңызға айналған. Сол апорттар бүгінде көп кездеспейді. Оған әртүрлі себеп бар. 1913 жылы Мәскеуде Романовтар әулетiнiң таққа отырғанына 300 жыл толуына байланысты өткізілген тойға бiздiң қазақтың үш жүзiнен барған ақсақалдар патша тойына Алматының апортын алып барған. Оның әрқайсысының салмағы 1 килограмм 200 грамм – 1 килограмм 300 граммнан шыққан екен. Тойға жиналған қауым сол жерде өлшеп көрiп, Алматының алмасына таңқалысады.
Одан бері бір ғасыр өтті, тарих үшін көп болмағанымен, бүгінгі күн үшін ұзақ уақыт. Апорттардың сапасы да, саны да төмендеді. Ең алдымен таудағы тәбиғи ортаны бүлдіріп көптеген құрылыстар салынды. биiк таудың басында, белгiлi бiр өзiне тән биiктiкте өскенде ғана нағыз апорт бола алады. Оның топырақты тез арада құнарсыздандырып тастайтын қасиетi тағы бар. Апортты өсiру үшiн осының бәрiн ойластырып отырмаса, түрi ұқсағанмен, өзi нағыз апорт болып шыға қоймайды.
Апорттың нашарлауының тағы бір себебін мамандар былай түсіндіреді: "апорт бірнеше вирус түрімен зақымдалған. Оның ішінде төрт латентті вирус бар. Вирус инфекциясы іштегі құрт сияқты апорт ағашын іштен сорып, өнімін азайтады, алманың сапасын төмендетеді"-дейді. Сондай-ақ соңғы жылдары телітуші ретінде қытайдың және сібірдің уақ алма ағаштарын қолданды. Олар апортқа сәйкес келмейді, тіпті бір-бірін бөтенсиді. Осылайша алма ұсақталып, сәтсіз зерттеу салдарынан да азайып кетті.
Апорт алмасының керемет болуының басты факторы – ол Іле Алатауының ерекше экологиялық жағдайы мен табиғаты. Бұл сортқа қолайлы жағдай – осы таудың теңіз деңгейінен 900-950 метрден 1300-1350 метр аралығындағы кеңістік. Жоңғар Алатауында бұл кеңістік 850-1250 метр аралығында жатыр. Ал, апорт бағы бұдан жоғары орналасса, оған қажетті жылу жетіспейді, одан төмен болса, артықтық етеді. Өкінішке орай ол жерлерде өсіруге жағдай жасалмады, басқа жерге көшірілген, будандастырылған қаламшелер өзінің қасиетін жоғалтты. Мақтанышқа айналдырар апорт тұқымын сақтап, оны экспорттық өнімге айналдыруға болар еді, бірақ ол қолдан келер ме екен? Бұл жағы белгісіз.
Нұрбәтима Байтұрсын