Мектеп оқушыларының жазғы демалысының бір айы өте шықты, қыркүйек жақындаған сайын ата-аналардың уайымы көбейе бастайды. Әсіресе көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баланы басынан бақайшығына дейін киіндіртіп жіберу әжептәуір қаржыны талап етеді. Базардағы шарықтап тұрған бағаны айтпасақ та, баршаға аян.
Күндікке жұмыс істеп, қарындарын зорға тойғызып жүрген қарапайым ел қаншама? Олардың балаларын мектеп құралдарын түгендеп беруі үшін қанша ақша кетеді? Қазіргі уақытта каспий редпен тамағын алып жүрген түлкі құрсақ жұрт тағы да каспипге қарыздана ма?
Ол жағынан қарыз қамытын ілген үстіне іле беру ата-анаға салмақ. Осындай ата-аналарды қолдау мақсатында мектепке жол жобасы сияқты республикалық қайырымдылық іс-шаралары қажет-ақ.
Маусым айының соңында ата-аналардың чатына "мектепке жол "акциясының талаптарына сай келетін балаларға аяқ киім мен мектеп формасы берілетінін хабарлауда. Бұл акциямен қайырымдылық жасалғанына 15 жыл болды.
Жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету; баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу; жетім балаларға, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету акцияның мақсаты. Бұл көмектесуге берілетін заттарды айғайлатып, ұрандатпай бергені жақсы болар еді, себебі көмекті алып тұрған бала басқа балалардың алдында өзінің жағдайы төмен отбасыдыдан шыққанын жариялағысы келмейді. Кей бала ата-анасының өтінішімен амалсыздан алады. Кейде қайырымдылықпен келген заттардың сапасы сын көтермейді, аяқ киімдері киюге жарамай, мектеп формаларының размері дұрыс келмейді немесе сапасыз тігілген болып шығады. Осындай олқылықтарды жіберуге не себеп? Тағы да жемқорлық немесе немқұрайдылық па? Сый қылсаң сыпыра қыл демеуші ме еді қазақ, оң қолым бергенді сол қолым білмесін деген қағиданы ескеріп, жария түрде емес, жасырын бергені құба-құп болар еді.
Нұрбәтима Байтұрсын
Алматы облсы, Талғар ауданы