Апта басы, дүйсенбі түсте Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Ішкі істер органдарын цифрландыру» тақырыбында өткен брифингте вице-министр QT редакциясының митинг кездерінде интернеттің бұғатталуы жайлы сұрағына жауап берді. Бұғаттау мәселесінен басын алып қашқан вице-министр жауабы заңнамаға қабыспайды.
– Интернетті бұғаттау мәселесі ІІМ органдарының құзіретіне кірмейді. Менің ойымша, сіз бұл сұрақты басқа мемлекеттік органдарға қоюыңыз қажет. Олар міндетті түрде жауап береді деген сенімдемін, – деді ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов.
«Бұл сұрақ біздің құзіретімізге кірмейді» деген әр жиында белгіленген аймаққа жақын қойылатын арнаулы көліктер мен бұғаттау аппараттарының министрлікке қатысы жоғын мәлімдеді. Әлдебір мемлекеттік органның атын нақтылауды сұрағанда аулақ деген сыңаймен жоғарыдағы сөзін тағы қайталады.
«Ішкі істер министрінің орынбасары ретінде айтарым – біз мұндай жұмыспен айналыспаймыз» деп кесіп айтты Сәрсенов.
Десе де Үкімет қабылдаған шешім басқа тәрізді. 2019 жылғы маусым айында президент сайлауынан кейін наразылық көңіл-күй үдеген тұста елде әлеуметтік желілер бұғатталып, интернет өшірілген еді. Сол кезде ОКҚ-да ұйымдастырылған брифингте Бас прокуратура өкілі Сапарбек Нұрпейісов органның ол оқиға қатысы жоғын айтып, интернет бұғаттауға құзіретті ведомстволарды атаған.
«Үкіметтің 2018 жылғы 25 қазан күні шығарған қаулысы бойынша, интернетті әлеуметтік, табиғи және техногендік төтенше жағдайлар кезінде бұғаттауға болады. Бұл құзірет төрт мемлекеттік орган – бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі және қорғаныс министрлігіне берілген. Құжатта төрт мемлекеттік органға тиісті өкілеттіктер берілген», – деген еді ол 2019 жылғы 13 маусымда.
Қаулы қауқары туралы сол кездегі ақпарат министрі Дәурен Абаев тізімге ҰҚК, ІІМ, Бас прокуратура және Қорғаныс министрлігі кіретінін түсіндірген.
Бір ғана Алматы қаласының өзінде биыл билік рұқсат етпеген 23 қазан (ҚДТ), 18 қыркүйек (Демпартия), 6 шілде (ҚДТ, Демпартия), 15 мамыр (Демпартия), 1 мамыр (ҚДТ) күндері өткен немесе басталмай жатып аяқталған митинг-шеру кезінде аумақта мобильді интернет өшірілген. Биліктің еш ескертусіз немесе оқиғадан кейін түсіндірмесіз интернетті бұғаттау салдарынан Орталық саябақ, Астана және Республика алаңы, Абай ескерткішінің маңайы сияқты көпшілік жиналатын орындардағы шағын және орта кәсіпкерлер мен түрлі мекемелер зардап шегеді.
Осындай наразылық акцциялардың бірінде қыркүйектің 18-і, тіркелмеген Демпартия жақтастарының митингі күні QT тілшісі әкімдік маңайында мобильді интернет істемеуінің себебін сұрап, ұялы операторға хабарласып көрді. Activ («Кселл» АҚ) байланысының Call орталық маманы «ҚР Байланыс туралы заңының» 41-1-бабы («Байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібі») бойынша терроризм қаупіне қатысты құзырлы органдардың тапсырмасымен уақытша, белгісіз мерзімге дейін жұмыс істемейтінін» жеткізген.
Азаматтық қоғам өткізетін әр санкцияланбаған жиын «әлеуметтік, табиғи және техногендік төтенше жағдай» ретінде бағалануы себепті өшіріле ме, бұғаттау шешімін қабылдау алгоритмі қалай іске асады, оған жауапты тұлғалар кімдер, бұғаттау шығыны қанша мөлшерде және қандай қаржы көзінен өтеледі деген сұрақтардың бас ашық қалып отыр. Бұл жөнінде редакция бірер ай бұрын Алматы қаласы әкімдігі мен Полиция департаментіне, ІІМ және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сұрау хат жолдаған. Тап осы сауалдар жауапсыз қалып келеді.
Сөз бостандығы рейтингінде «цензура басым» ел ретінде төмен (180 елдің ішінде 155-орында) тұратын Қазақстан Freedom House халықаралық ұйымының интернет еркіндігі тізімінде де Ресей, Беларусь, Иран және Қытай секілді авторитар елдермен бір қатарда тұр. Биылғы есепте 70 елдің арасында (100 ұпайдан небәрі) 33 ұпаймен «интернеті еркін емес» деп бағаланды.