Алматы қаласында тіркелмеген Демпартияның кезекті митингісі өтті. Абай ескерткішінің түбінде жиналған белсенділер бұған дейін хабарланғандай негізгі үш талапты көтерді. «Саяси тұтқындарға бостандық беруді», «Үкіметтің электронды платформасын ресейлік комапния көмегімен трансформациялауға қарсылық», «мемлекеттік тілді қорғау» сияқты талаптармен өткен жиында және қаланың орталық аумағында мобильді интернет бұғатталды.
Редакция тілшісі сағат 11.45 шамасында қала әкімдік маңайында мобильді интернет істемеуінің себебін сұрап ұялы операторға хабарласып көрді. Activ («Кселл» АҚ) байланысының колл орталық маманы «ҚР Байланыс туралы заңының» 41-1-бабы («Байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібі») бойынша терроризм қаупіне қатысты құзырлы органдардың тапсырмасымен уақытша, белгісіз мерзімге дейін жұмыс істемейтінін» жеткізді.
Митинг басталарға бірер сәт қалғанда полицияның белсенді Аружан Дүйсебаеваны ұстағаны хабарланды. Полиция наразылардың қолындағы плакаттар мен рупорды күшпен тартып алды. Жанболат Мамай, Абзал Достияров пен Нұрбол Бәйтереков үшеуін Абай-Достық көшелерінің қиылысына келген кезде арнайы жасақтың 20 шақты сарбазы тап берді. Демпартия жақтастары текетіреске түсіп, Мамай мен Бәйтерековті алып қалды. Омондықтар Абзал Достияровты ұстап әкетті. Оған дейін Ырысбек Тоқтасын митинг қарсаңында 15 тәулікке қамауға сотталған еді.
Митингке жиналғандар билікті сынады. Олар «Тәуелсіздікке қауіп төндірген» Назарбаев режимінің «биліктен толықтай кетуін» талап етіп, «Назарбаев кет!» деп ұрандасты. Сонымен қоса, «Арон Атабек бастаған саяси тұтқындарға бостандық берілсін», «АЭС салу әскери қоймаға ие бола алмайтын биліктің ісі емес», «Сбер керек емес, отандық мамандардың шамасы келеді», «Қытайдың индустриялық-демографиялық экспансиясына жол жоқ», «Әлеуметтік желіден қолыңды тарт» деген талап-лозунгтер жиі қайталанды.
«Тәуелсіздік дегеніміз Назарбаевтың отбасы мен оның айналасындағыларды байытуға арналған құрал емес. Ол бүкіл қазақстандықтардың құндылығы, оны қорғау керек», – деді бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай.
Оқиға орнында болған редакция тілшілері Абай мен Достық көшелерінің маңын полиция күзетіп тұрғанын, тұрғындарды жиын маңайына өткізбей жатқанын көрді. Оқиға орнында полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Алмасбеков пен қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков жүрді.
Күштік құрылым өкілдері бұл жолы да қоғамдық көліктерді игілігіне пайдаланды. «АлматыЭлектроТранс» ЖШС автопаркіне тиесілі №86 бағыттағы маршурттың бірнеше автобус полиция нұсқауымен ескерткіштің алдына қойылды. Ішіне әдеттегідей құзырлы орган өкілдері бел жазып, отыруға кіріп-шығып жүрді. Полицияның қоғамдық тасымалдау қызметінің көліктерін қолдануы қандай да бір құқықтық негізде келісімшарт бойынша заңдастырылған ба деген сұраққа редакция екі айдан бері жауап ала алмай келеді.
(Бұған дейін 6 шілдеде өткен санкцияланбаған митингте арнайы жасақ пен полиция аталған компанияға қарайтын №32 бағыттағы маршруттың төрт-бес автобусын пайдаланған. Соған байланысты редакция қалалық әкімдік пен Полиция департаментіне сұрау хат жолдаған, десе де әлі күнге дейін жауап берілмеді – QT)
Талтүс кезінде, сағат 13.30-те белсенділер Достық даңғылы бойымен Ш.Уәлиханов ескерткішіне, кейін Тәуелсіздік монументіне қарай шерулетіп барды. Кейіннен Желтоқсан, Абай, Масанчи көшелерінің жиегімен Алматы қалалық полиция департаментіне қарай беттеді. Жол-жөнекей жоғарыда аталған талаптарын айта жүрді.
Шерулеткен топты Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдрахманов күтіп алды. Ол департамент ғимаратының алдына келген наразыларға жақтастарының босатылмайтынын, сот шешімі бойынша әрекет ететінін мәлімдеді.
«Әкімшілік құқық бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып жатыр. Кейбір белсенді 25 тамыздағы садақа-асқа қатысқан. Абзал және Дәурен Достияровтар 6 шілде күнгі митингке шыққаны үшін әкімшілік сот шешім шығарды. Бұл кісілер мұнда жоқ, ...заң бұзғандықтан әкімшілік қамауға алынды» деді Әбдрахманов.
Ондаған адам белсенділер босатылмайынша кетпейтінін айтып, есік алдында күтіп отырды. Наразылар Абзал Достияровтың кейінгі кезде үш рет қатарынан қамалғанын еске алып, конституциялық басты құқықтарына нұқсан келгенін айтты. Сағат 15.30-дан асқанда департамент басшылығы Аружан дүйсебаева мен Гүлнәр Мейірманбетованың босатылатынын, ал Абзал-Дәурен Достяровтарды босату үшін қорғаушылары аппеляцияға шағым түсіру қажеттігін хабарлады.
Сонымен қоса, департамент басшысының орынбасары Әбдрахманов қоғамдық көліктерді арнайы құзырлы органдардың қызметіне тартылғанынан бейхабар екенін мәлімдеп, мәселенің жай-жапсары мен заңдылығы жөнінде редакцияға жауап беруге уәде берді.