Бүгін, 19 қазанда Түркістан өңіріндегі жекеменшік балабақшалардың жүзден аса қызметкері бала басына мемлекеттен берілетін қаражат көлемінің мардымсыздығына шағынып, президент Тоқаевқа ұжымдық хат жазды. Оқиға туралы толымды ақпарат таратқан Азаттық радиосының хабарлауынша, әкімдік жауабына көңілі толмаған олар Ақордаға қайрылуға мәжбүр болған.
Сейсенбі күндіз жүзден артық тәрбиеші және сол қатарлы қызметкер Түркістан қаласындағы әкімшілік іскерлік орталығына барған. Наразылар Түркістан облысының барлық аудан қалаларынан жиналды. Олар қолдарына «Тәрбиешілердің айлық жалақысы көтерілсін!», «Біздің де еңбегіміз басқа облыстар сияқты бағалансын!» деген жазуы бар бірнеше плакат ұстап шыққан.
Ақпарат құралына пікір білдірген наразылардың бірі Дилбар Хабибова республика бойынша бюджет есебінен орташа есеппен «жекеменшік балабақшаларда бала басына 40 мың теңгеден төленіп жатыр. Түркістан облысында үш жылдан бері 25 мың теңге төленеді».
«Жыл басынан бері тәрбиешілердің айлық жалақысы 25 пайыздан екі рет көтерілді. Біз бала басына берілетін ақшаны көтермей жатқан соң жалақыны өсіре алмай отырмыз. Тәрбиешілер «неге педагог туралы заң орындалмай жатыр?» деп көтеріліп жатыр. Сол үшін құрылтайшылар әкімдік алдына келді», – дейді Хабибова.
Наразылардың пікірінше, бала басына берілетін қаражатты өсірмей, кәсіпкерлердің, тәрбиешілер мен баланың тапталып келген құқығы қалпына келмейді. Мысалы, жекеменшік балабақшаларда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы аз. Кіші қызметкерлердің жалақысы – 40 мың теңге, тәрбиешілердің жалақысы 50-70 мың теңге арасында.
Наразы топты облыс әкімінің орынбасарлары Конгресс холл ғимаратына кіргізіп, сөйлескен. Бірақ әкімдіктің жауабына көңілі толмаған наразылар петиция жазып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Амантай Өсербаев наразы топтың шартымен келісетінін айтады. Оның сөзінше, балабақшадағы бала басына қаржыландыру 41 мың теңге болғанымен 25 800 теңге төленіп жатыр. Кәсіпкерлердің талабын орындау үшін қаржы министрлігіне хат жазылған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, аймақта 1424 балабақша болса, оның 1024-і – жекеменшік. Жекеменшік балабақшадағы бала саны жүз мыңнан асады. Кейінгі жылдары Қазақстанда педагогтердің жалақысы біліктілік санатына қарай айтарлықтай ұлғайғанымен, балабақша-бөбекжай қызметкерлерінің еңбекақысы психологиялық-эмоционалды қажу мен күнделікті базалық шығындармен салыстырғанда өте мардымсыз.