Қазақстанның бас санитар-дәрігері Ерлан Қиясов ауруханаларда фото және бейнетүсірілімге қойылған шектеулерді алып тастады. 17 қыркүйекте қол қойылған қаулы бүгін күшіне енді.
Қоғам наразылығын тудырған, белсенділер адам құқығын бұзып-заңды қақтығыстарға жол береді деп сынаған норма күшін жойды. Бұдан былай пациенттер құқықтары бұзылған жағдайда дәрігерлердің іс-әрекетін камераға таспалауға хақылы.
Осыған дейін қолданылып келген «Денсаулық сақтау ұйымдарында, жедел медициналық жәрдем көлігінде, жергілікті атқарушы органдар карантин үшін айқындаған үй-жайларда пациенттер мен медицина қызметкерлерінің келісімінсіз аудио-, фото- және бейнетүсірілім жүргізуді, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің үйде медициналық көмек көрсетуі, ошақта эпидемиологиялық тексеру жүргізу, науқастар мен байланыста болғандарға сауалнама жүргізу кезінде шектеу» туралы тармақ алынып тасталды.
Денсаулық сақтау ұйымдарында фото және видео түсірілімге тыйым 2020 жылдың сәуірінде пандемия басталғаннан кейін бірден пайда болған. Денсаулық сақтау министрлігі мұны әлеуметтік желілерде дәрігерлердің теріс имиджін қалыптастырмас үшін және БАҚ беттері мен интернетте медицинаға қатысты жағымсыз ақпаратты азайтуға керек болды деп түсіндірген.
Бұдан басқа, COVID-19 анықталған науқаспен байланыста болған адамдар (тығыз байланыс) вакцинацияның толық курсын алмаған болса, екі апта бойы үйде оқшауланады. Ал екпе алғандарға маманның қабылдауына барып қаралу жеткілікті болмақ. Коронавирус анықталған сырқатпен байланыста болған мұндай адамдардан ауру белгілері байқалмаған жағдайда үй карантиніне оқшауланбайды, тіпті енді осыған дейін мемлекет есебінен жасалып келген COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізілмейді. Бекітілген маман телефон арқылы 14 күн оның жағдайын бақылап отыратын болады. Симптом байқалған бойда ПТР тестін тапсырып, оның қорытындысы дайын болғанша үй карантинінде отыруға міндеттеледі.