Алматыда бейбіт митингке тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы сейсенбі күнгі брифингте Алматы қаласының бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Басқарма басшысы коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты бейбіт жиналыстарға тыйым салуды қарастырып жатқанын жеткізді.
«Қыркүйек айында бейбіт митинге рұқсат берілген еді. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып дезинфекция құралдарын қолдану арқылы митингілер өткізілді. Ол кезде ауру қалыпты деңгейде еді. Бірақ қазір жағдай өзгеруде. Соған байланысты митинг шараларын шектеу қарастырылып жатыр», – деді ол.
Оның айтуынша, сауда алаңдарының жұмыс істеп тұрғаны «халыққа да, мемлекет үшін де пайдалы». Бұл нысандарда коронавирус жұқтыру қаупі санитарлық талаптарды сақтауға байланысты екенін айтады. Сондай-ақ, эпидемияның күзгі толқыны қарсаңында 10 адамнан артық адамның топтасуына да тыйым салынады.
Пандемия басталар тұста басы дауға қалып, шені мемлекеттік бас санитар-дәрігерінен қалалық деңгейге төмендеген Жандарбек Бекшин саяси науқан қыза бастаған шақта екі ай бұрынғы бейбіт жиындарға баға бере бастады. Тіпті журналистер мен блогерлердің топтасып жүруін Бородино шайқасына теңеді.
Бұған дейін «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина мен Liberty қорының президенті, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов бірігіп, Алматы әкімдігінен 31 қыркүйек күні митинг өткізуге рұқсат берілгенін хабарлаған. Жиын «саяси реформа жүргізу және саяси себеппен қудалауды тоқтату» тақырыбында митинг өткізгісі келетінін мәлімдеп, жергілікті атқару органына өткізген үшінші өтінішінен кейін ғана рұқсат алған. 500 адамға арналған бейбіт шеру жақындаған тұста билік ерекше шешім қабылдап жатыр. Кинотеатр мен театр жұмысына рұқсат беріп, бірақ азаматтық қоғамның талап жиынын өткізуіне тосқауыл қоймақ.