Журналистердің өткір сұрақтарынан жиі қашқақтайтын не айналып өтетін* денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін екі орынбасарымен онлайн брифинг өткізді. Әлемнің 214 еліне тараған коронавриус пандемиясының күзгі толқыны басталып кетті. Соның қатарында Қазақстандағы ахуал қандай, биыл «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған Үкіметтің дайындығы қай деңгейде, ел алдына шыға бермейтін министр осы уақыт аралығында немен айналысты, Цойдың болжалды толқынға төтеп берер қауқары мен індеттің ықтимал қарқыны нешік деген сұрақтарға жауап топтастырып көрдік. Азаматтық қоғам белсенділері министр үйіп-төгіп берген уәдесін Үкімет шын мәнінде іске асырмаса, бүгінгі сөзі ертеңге көзтүрткі боларын еске салады. 

Цойдың ескі танысы әрі орынбасары, жақында ғана бас мемлекеттік санитар-дәрігері болып тағайындалған Ерлан Қиясов ОртКом брифингінде қазіргі ахуал туралы сөз етті. Оның мәлімдеуінше, 6-14 қазан аралығында «құрлық шекарасы арқылы өткен 33,6 мың адамның 3322-сінде ПТР-тест нәтижелері болмаған». Олардың 60-ынан вирус анықталған. Сонымен қоса, кейінгі бір аптада халықаралық әуе рейстерімен 14 832 жолаушы, оның 3051-і анықтамасыз келген. 10 жолаушыдан алынған сынама вирустың барын көрсеткен. ПТР тестінің қорытындысынсыз келген жолаушылардың барлығы карантин стационарлары жеткізілген.

Ерлан Қиясов аймақтарда әртүрлі нысандардың саныитарлық норманы сақтау-сақтамау тәртібіне тексеріс жүріп жатқанын айтты. Рейд, мониторинг... Қазіргі кезге дейін 26 759 нысан тексеріліп, оның ширек бөлігіне жетпейтіні немесе 5221-інен карантин ережелері бұзылғаны анықталыпты. Мәселен, астанада тексерілген объектілердің 62%-ы, Алматы қаласында 52%-ы, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында 40%-дайы норма сақталмаған.

Бас санитар Қиясовтың дерегіне қарағанда, 6 қазанға дейін шетелден келген азаматтардың тек 30%-ында ПТР тестімен келсе, ал бүгінгі таңда 80%-ға дейін коронавирусқа талдау нәтижелерімен бірден келеді.

Баспасөз жиынында сөз алған Цойдың бұрынғы әріптесі, жақында ғана денсаулық сақтау вице-министрі атанған Ажар Ғиният оқушылардың арасынан 184 коронавирус жағдайы тіркелгенін хабарлады. Оның 73-і – кезекші сыныптардың оқушылары, ал қалған 111-і қашықтан оқитын балалар. Қазір 12 оқушы ауруханада емделіп жатыр.  COVID-19 вирусы анықталған балалардың басым бөлігі Шығыс (17 мектептен 21 жағдай) және Солтүстік (11 мектептен 15 жағдай) Қазақстан облыстарынан.

Дәл осы екі өңірдегі эпидемия ахуалы күшейіп тұр. Бір айдан бері жұқтыру дерегі бойынша алдыңғы орында. Ажар Ғиният Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы аурушаңдық министрліктің қатаң бақылауына алынғанын жеткізді.

Жарты ай ел алдына шықпай кеткен министр Алексей Цой ПТР тестінің тарифін 22%-ға арзандайтынын хабарлады. Баға осы айдың соңына қарай бекітілмек. Қазақстандағы зертханалардың тәуліктік қуаты 48 мың болғанымен, сондай көлемде тестілемейді. Тағы мүмкіндікті 63 мыңға жеткізуді көздеген. Сынаманың арзандауының бірден-бір себебі – нарықтағы тестке қажетті материалдардың бағасы төмендеуі екен. Қазіргі таңда ПТР тесті 11,5 мың теңге тұрса, жаңа баға бойынша шамамен 9 мың теңге төңірегінде болады.

Министрдің айтуынша, ведомство CОVID-19 вакцинасын тегін алатын топтардың санатын анықтапты. Олар – жасы 60-тан асқан созылмалы ауруы бар адамдар, медицина қызметкерлері, мұғалімдер. Әзірге жобамен 2,8 млн адам немесе халықтың 15%-ы тегін екпе ала алатын көрінеді. Бұл ретте вакцинаның 5,6 млн дозасы қажет. Баяндамасын судыратып оқыған министр ведомствоның ресейлік «Спутник V», «AstraZeneca» компаниясының Оксфорд және қазақстандық вакцинаны сатып алу бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«ДДСҰ қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеуге ресми түрде жіберді. 17 қыркүйекте вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы базасында клиникалық зерттеулердің I фазасын жүргізуге рұқсат берілді. 17 қарашада II кезеңнің клиникалық зерттеулері аяқталады, ал III кезең 2021 жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады», – деді Цой.

Халық наразылығынан кейін президент өзінің айлап орындалмаған тапсырмасын есіне түсіріп, бұйда-бұйда бюрократияның кесірінен «Естуші мемлекет» құруды қиындатып жүрген үкіметке ескерту жасаған. Әлде сондай түр танытқан. Әйтеуір бірнеше айда атқарылмаған іс бірер аптада іске асыпты. Кәсіби қызметін атқару кезінде коронавирус жұқтырып, қайтыс болған барлық 182 медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңге мөлшерінде әлеуметтік өтемақы тағайындалыпты. Мұны министр де растады. Бастығы айтпаса өздігінен қозғалмайтын шенеуніктердің кейпінше «президенттің қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына барлық тиісті жәрдемақыларды толық тексерусіз төлеу жөніндегі тапсырмасы жедел мерзімде орындалды» деген министрдің сөзінегі «жедел» қай жедел екені белгісіз. Бұдан өзге қызмет барысында коронавирус пен оның пневмониялық түріне шалдыққан 6341 медқызметкерге өтемақы тағайындалыпты. Бұған 77 млрд теңге қаржы жұмсалған. Медицина қызметкерлерін жыл соңына дейін ынталандыру бойынша үстемеақы ретінде тағы 137 млрд теңге қарастырылған.

Ағынан жарылған бас дәрігер жазда дәрі-дәрмек тапшылығы болғанын мойындады. Мойындай келе қорытынды шығарғандай сипат көрсетіп, опатқа ұрындырған тапшылық апатына жол бермеуге уәде берді. Дәрі-дәрмекпен қамту үшін ел көлемінде инфекциялық және провизорлық орталықтарда қор құрылды деседі.

«Бірыңғай дистрибьютор 16 млрд теңгеден астам сомаға 91 түрлі дәрі заттарын жөнелткен. Жыл соңына дейін 1 млн адамға амбулаториялық жағдайда емделу үшін қызуды түсіретін қосымша препараттар мен антикоагулянттар қарастырылған», – деді ол.

COVID-19 жеңіл түріне шалдыққандар амбулаториялық деңгейде емделген. Халықтың дәрі-дәрмек сатып алуға, мемлекеттің стационарлық емделуге жұмсайтын шығындары азайды. Бүгінгі тұрақтандыру қорларында 13 млрд теңгенің дәрілік қоры барына сендіруге тырысты министр.

Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасының аясында жергілікті бюджеттер және демеушілердің қаржысына  Қазақстанда 12 модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр. Алматы мен Талдықорғанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, тағы 7 өңірде құрылыс жалғасуда.

«Коронавирус жұқтырып, жағдайы ауырлаған науқастарды емдеуге қажетті өкпені жасанды желдету аппараттарының маңызы зор. Бүгінде инфекциялық және провизорлық стационарларда 3535 бірлік ӨЖЖ стационарлық аппараты бар. Қосымша 2030 сатып алынады. 24 548 төсек-орын оттек қорымен (оның ішінде орталықтандырылған станциялар – 5 194, оттегі концентраторлары – 11 025, оттегі баллондары – 7 450, оттегі жастықшалары – 879) қамтылған.

Медицина саласын техникалық жабдықтаудың бір бағыты – транспорт мүмкіндігін арттыру мақсатында әкімдіктер отандық санитарлық 807 дана автокөлік сатып алуға шарт жасасты. Қазақстан зауыттарында 360 жедел жәрдем көлігі жасалды, оның 150-і өңірлерге жеткізілді. Алдағы уақытта тағы 210-ы жеткізілмек. Жалпы 15 қарашаға дейін аймақтарға 1167 көлік жеткіземіз», – деді министр.

Үкімет ауруханаларды бүге-шүгесі қайда өндірілгені белгісіз «Made in Kazakhstan» цифрлық рентген-аппаратымен толықтырмақ. 20 қазанға дейін алғашқы 24 құрылғы Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстарына жеткізіледі. Қалған аппараттарды бір ай ішінде жеткізуге жоспарлаған.

«Медициналық көмекке қол жеткізудің басты жолы – шалғай өңірлер үшін көлік медицинасын одан әрі дамыту екені анық. Бүгінгі таңда 28 жылжымалы медициналық кешен дайындалды. 1 қазанда оның екеуі Қостанай қаласына жеткізілді. Басқа 98 ЖМК 20 қазанға дейін өңірлерге жеткізілетін болады», – деді уәдені үйіп-төккен ДенМин басшысы.

*Олай дейтініміз екі апта алдын өткен брифингте министр коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғандар саны және коронавирус пен оның пневмониялық түрі туралы күнделікті ақпараттың теңгерімін сақтау жөніндегі сауалымызға жазбаша жауап береміз деп, артынан ғайып болған. Бұл бірінші рет емес, министр де, ресми өкілі де көп сұраққа жекеңізге жауап береміз деген уәжбен есегі судан өткенше «жұбататын» әдет тапқан. 

"The Qazaq Times"