3 қыркүйекте Қазақстан үкіметі мен ресейлік «Сбер» компаниясы тараптары қол қойған E-Gov порталын GovTech цифрлық моделіне көшіру туралы меморандумның толық мәтіні жарияланды. Ондағы ақпарат бойынша, Қазақстан ресейлік «Сбербанктің» IT-платформасын 500 млн долларға сатып алады. Бұл қаржыны «Сбер» Қазақстан үкіметіне қарызға бермек.
Қазақстанның нормативтік-құқықтық акті-құжаттары жарияланатын «Әділет» порталындағы құжатта отандық «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен ресейлік «Сбербанк» ЖАҚ арасында қарыз жөнінде келісім жасауды қарастырады. Құжатта 500 млн АҚШ долларына пара-пар қаражат ресейлік рубль күйінде Ресей жағына қажетті құжаттардың барлығы уақытында берілген жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін беріледі деп көрсетілген.
E-gov-қа балама GovTech жүйесі «Сбердің» Platform V платформасына негізделіп жасалады. Сондай-ақ меморандум 31 қазанға дейін концорциум құруды да қарастырады. Құжатта ERG компаниялар тобына еншілес BTS Digital ЖШС стратегиялық әріптес ретінде көрсетілген.
Меморандум Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің egov Ресейге берілмейді деген тұжырымына күмән келтіреді деп жазды ҚазТАГ агенттігі.
«Аталған меморандум аясында ҚР үкіметі: ... GovTech платформасын «электронды үкімет» ақпараттық-коммуникациялық платформасының негізгі бөлігі ретінде бекітеді» делінген үкімет мақұлдаған құжатта.
Меморандум мәтінімен танысқан экономист Олжас Құдайбергенов Facebook желісіндегі парақшасында жобаға күмән көп деп жазды.
«500 млн доллар қарыз, оның үстіне платформа жасауға, оның үстіне Сбердің өзінен алудың қажеті жоқ. Мұндай дүниелер жасалса, келіссөз жасай алатындай өз ақшамызға жасалуы керек. Әйтпесе несие алушының саудаласуға шамасы келмей қалады. ...Мұндай конструкцияда жоба әрбір параметр бойынша күмәнді болып шығады!» деп жазды сарапшы.
Қыркүйек айының басында Қазақстан-Ресей басшыларының қатысуымен «Еститін үкімет» ресейлік Сбер компаниялар тобымен Қазақстанның цифрлық үкіметіне арналған платформа құру жөнінде меморандумға қол қойғаннан кейін қоғамда наразылық көңіл-күй артқан. Десе де қазіргі үкімет құрамы түрлі әдіспен «аманаттау» қадамының дұрыстығын жеткізуге тырысып, райынан қайтпай отыр. ІТ мамандардың бір тобы «жабық кабинет жағдайында қабылданған шешімді» сынады, олар платформа дайындауға үміткерлердің ашық тәсілмен таңдалмауына наразы.
Екі апта бұрын цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Сбер платформасы ел үшін «ең қолайлы жүйе» және «ҰҚК талаптарына сәйкес келед» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, жобаға шашамен жарты миллиард доллар жұмсалады.