Ширек ғасырдан бері көне саяси құралдарды пайдаланып, жүйеге үстемдік етіп отырған басшылар қатарында Назарбаев пен Путиннің есімі қатар аталады. Бұл жолы Путиннің Тоқаев емес, басқаруды уысында қалдырған Қазақстанның бұрынғы басшысы Назарбаевпен кездесуі кезекті мәрте «қос билік» феноменіне дәлел болғандай. Биліктегі ықпалын ұзақ мерзімде сақтап отырған қос саясаткердің диалогы кездесудің алғыс білдіру түрінде өткенін аңғартты.
Мәселен, Мәскеудің астанаға деген қолдауына ерекше ризашылығын білдірген Назарбаев өзі «негізін қалаған» бағытты жалғастыратынын тағы да шегеледі. Сонымен қатар ол сөзін: «Біздің байланысымыздың тарихы, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас – тұрақты әрі мемлекетаралық қатынастың үлгісі болып саналады. Мен бұдан былай да осы бағытты ұстана беремін», – деп жалғаған.
Ал Назарбаев пен оның бастамасына алғыс білдірген Путин: «Сіздің арқаңызда Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың даму қарқыны болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді. Пандемия салдарынан тауар айналымы 4 немесе 5% төмендегеніне қарамастан, биылғы жылдың алғашқы жартысында 20%-ға жуық өсім байқалып отыр. Бұл өзге бағыттар бойынша да біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы дамитынын көрсетеді», – дейді.
Пандемия кезінде Қазақстанға көрсетіп жатқан қолдауы үшін Ресейге кезекті мәрте ризашылығын білдірген бірінші президент Қарағанды фармацевтикалық зауытында ресейлік вакцина шығару аясындағы тиімді әріптестікті де талқылады.
Көрші ел билігі Кеңестік кезеңде орнаған саяси жүйені тәуелсіздік тұсында да сақтап келеді. Демек, авторитарлы режим посткеңестік кеңістік үшін таңсық емес.
Қазақстанның экс-президенті биліктен кетсе де, Қазақстанда «қос билік» феноменінің белең алғаны мәлім. 2019 жылдың наурызында 79 жастағы Назарбаев отставкаға кететінін жариялады. Алайда, ол елдің Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы және билеуші партияның төрағасы лауазымдарын сақтап қалды. Яғни де-юре тұрғысынан биліктен кетсе де, де-факто тұрғысында «шексіз билікке» жол ашылды. Ал оның қызы Дариға Назарбаева Қазақстан парламентінің спикері болды.
Сол жылы Ұлыбританияның халықаралық қатынастар бойынша беделді сараптама орталығы Қазақстандағы билік транзиті жөнінде зерттеу жариялап, іс жүзінде Тоқаев президент ретінде алдыңғы президент қалыптастырған жүйедегі қос биліктің жартысы саналатынын жазған.
Зерттеуге қатысқан сарапшылардың пікірінше, «Бұрынғы кеңес республикаларының ешқайсысы әлі басынан өткермеген мұндай ұрпақаралық транзиттің қаупі көп. 1991 жылғы тәуелсіздіктен бұрынғы уақыттан бері елде үстемдік етіп келген өз дәстүрін сақтап қалумен қоса, Назарбаев Қазақстанның өзі бастап берген бағыттан бұрылмай, күшейіп келе жатқан көптеген ішкі және сыртқы сын-қатерлер контексінде режимнің тұрақтылығын сақтап қалғанын қалайды».
Сонымен қатар, сарапшылар «Назарбаев өз өкілетін ұзартып, билігін нығайту үшін конституцияға жиі өзгеріс енгізді. Осылайша, жабық, бейресми саяси жүйе тұрақтады. Бұл институттық басқаруды, жалпы алғанда елдің дамуын тежеді» деп санайды. Бірақ Қазақстанның бұрынғы және қазіргі президенттері елде «қос биліктің» орнағанын жоққа шығарып келеді.
Ал Ресейде Владимир Путин Конституциямен рұқсат етілген екі президенттік мерзімнен кейін 2008 жылы Дмитрий Медведевке орын беріп, өзі премьер-министр болды. Медведев қызметке кіріскеннен бірнеше ай өткен соң, президенттік өкілеттіктің ұзақтығын 4 жылдан 6 жылға дейін ұзартып, елдің негізгі заңына түзетулер енгізуді ұсынды. 2008 жылдың соңына қарай бұл түзетулер ратификацияланды. Ал 2012 жылы Владимир Путин тағы да Ресей президенті боп сайланды.
Былтыр Мемлекеттік Дума Ресей Федерациясының Конституциясына түзетулер енгізу, соның ішінде президенттік мерзімдерді қалпына келтіруді бірінші оқылымда мақұлдады. Яғни Конституциялық сот келіскен жағдайда Владимир Путин 2024 жылдан кейін Ресей президенттігіне қайта сайлана алады.