26 тамызда кешкісін Тараз қаласына іргелес Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде алапат жарылыс болды. «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің №28349 әскери бөлімі РММ» нысанында болған өрт 8-9 сағаттың өзінде толық сөндіріле қоймады. Ондаған адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Тұрғындар үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Арыс-2 трагедиясының баяны.
Әлеуметтік желілерде лезде тараған жарылыс бейнежазбаларынан оттың диаметрі аса үлкен шар тәрізді лап еткенін көруге болады. Жарылыс қала тұрғындарына сезілген.
Редакция байланысқан Тараз қаласының тұрғындары екі мәрте үлкен жарылысқа куә болғанын және ара-тұра дүмпу білініп жатқанын хабарлады. Қазір қызыл жалын толық сөндіріле қойған жоқ. Оқиға орнында арнайы қауіпсіздік қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Сағат 21.00-ден асқанда Қазақстанның Қорғаныс министрлігі алғашқы ресми мәлімдемесін жариялады.
«Бүгін сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шықты. Өрт салдарынан белгісіз зат жарылған. Өртті сөндіруге бөлімнің шынжыр табанды өрт сөндіру машинасы мен өрт сөндіру командасы жұмылдырылған. Оларға Жамбыл облыстық ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері көмек көрсетіп жатыр. Өрт ошағын жою жалғасып жатыр. Өрттің неден шыққаны анықталып жатыр», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Ведомство дерегінше, вице-министр генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев бастаған Қорғаныс министрлігінің комиссиясы оқиға орнына бет алған.
Тараз қаласының орталығы мен әскери бөлім орналасқан арақашықтық шамамен 30-40 шақырым. Кей бейресми ақпараттарға қарағанда, 21.00-ге қарай Алматы-Тараз күре жолы мен теміржол желілері уақытша жабылған.
Өрт басталғалы алғашқы екі сағатта жарылыстан жапа шеккен немесе қаза тапқандар туралы ақпарат белгісіз болды.
21.30 Қорғаныс министрлігі әскери бөлім орналасқан елді мекен тұрғындарын эвакуациялау басталғанын растады. Жанармай құю бекеттерінде қалың кезек қалыптасты. Дәріханалар мен дүкендерде де ұзын-сонар кезек.
Комиссия жетекшісі Руслан Шпекбаевтың хабарлауынша, қоймада алысқа ұшпайтын инженерлік оқ-дәрілер сақталған.
Куәгерлер жариялаған видеолардан дүмпу қуатынан көліктердің терезелері шытынап, үй төбелері құлағанын және «снарядтардың ұшып» жатқаны байқалады.
Қорғаныс министрлігі Байзақ ауданындағы әскери нысанның маңайында орын тепкен Үшбұлақ (120 тұрғын), Жібек жолы (500 тұрғын), Қайнар (85 тұрғын) елді мекендерінің тұрғындары көшіріліп жатқанын нақтылады.
22.00 БАҚ беттерінде алдын ала есеп бойынша 7 адамның зардап шеккені хабарланды. Әскери бөлім маңында жедел жәрдем қызметінің 16 бригадасы жұмыс істеп жатыр. Осы сәтте Тараз қалалық №1 ауруханаға 32 адам түрлі жарақатпен жеткізілгені белгілі болды. Олардың арасында төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері де бар.
Министрлік «өрттің бір бөлігі өшірілді» деген ақпарат таратты.
22.30 Жарылыс тарсылы Тараз қаласының тұрғындарына естіліп жатыр. Министрлік қойманың елеулі деңгейде 6 рет жарылғанын хабарлады.
Президент Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында жедел штаб жұмыс істеп жатқанын әр қылмыстық іс қозғалғанын, оқиға орнына қорғаныс және төтенше жағдай министрі, ішкі істер вице-министрі аттанғанын жазды.
22.50 Өңір әкімдігі зардап шеккендердің 60-қа жеткенін хабарлады. Оның 11-і әскери қызметкер.
23.00-ге қарай Жамбыл облысының әкімдігі әскери бөлімдегі жарылысқа байланысты бес бағыт бойынша 8 пойыздың кешігіп, жолдан қалғанын хабарлады. Бейсенбі күні жолаушылар тасымалдайтын Алматы-2 – Атырау, Алматы-2 – Шымкент, Маңғыстау – Алматы-2, Ақтөбе – Алматы-1, Шымкент – Алматы-2, Түркістан – Алматы-2, Сарыағаш – астана, Қызылорда – Семей поездарының бағыттары өз уақытынан кешігіп келеді.
Әкімдіктің хабарлауынша, өртпен күресіп, оқиға орнында тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облыстық полициясының 300 адамнан тұратын жеке құрамы, әскери бөлімшенің 500 адамнан тұратын жеке құрамы түгел жұмылдырылған.
23.45 Облыс әкімдігі жаңартқан мәліметке сай, зардап шеккендерге 32 дәрігер және 56 медқызметкер көмектесіп жатыр. Сағат 23.30-дағы ахуал бойынша, Тараз қаласындағы №1 ауруханаға 66 адам келіп түскен. «Оның көпшілігі жеңіл, тағы екеуі ауыр жарақат алған».
00.12 Тараз қаласының тұғындарын сабырға шақырған полицейлерге президент Тоқаев та қосылды. Ол Twitter желісінде арнайы қызмет мамандары жұмылдырылғанын айта келе «зардап шеккендердің артқанын, бірақ жағдайды бақылауда екенін» айтып бақты.
00.35 ІІМ эвакуациялау басталғалы әскери бөлімге жақын елді мекендерден 1200 адам көшірілді деген хабарама таратты. Олар Тараз қаласындағы мектептерге орналастырылады. Полиция ұрлық-қарлық, тонауға жол бермес үшін эвакуацияланған жерлерді күзетіп-патрульдеуге тиіс.
00.38 Жамбыл облысындағы әскери қоймадан шыққан өрт фактісі бойынша ІІМ Қылмыстық кодекстің 462-бабы («Қару-жарақты, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп төндіретін заттар мен заттарды ұстау ережелерін бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын жеткізді.
00.55 Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің қоймаларында 2019 жылы Арыс қаласында болған өрт пен жарылыстан кейін әкелінген оқ-дәрілердің сақталғанын растады. Сондай-ақ, баспасөз қызметі өңірге қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және арнайы құрылған комиссия өкілдері келгенін хабарлады. Олардың оқиға орнына бара жатқаны айтылады. Қорғаныс министрлігі өрт себебінің болжалды нұсқасын жариялады.
«Инженерлік оқ-дәрілердің жанып жатқанын өрттің динамикасынан байқауға болады. Инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жалғасып жатқан өрт сол жерде сақталған тротилдың жануынан туындауы мүмкін. Аспандағы түтін іздері қоймада сақталған сигналдық патрондардың өртенуіне байланысты болуы да ықтимал» делінген алғашқы алдын ала болжам-мәлімдемеде.
01.30 Өрт әлі сөндірілмеді. Тұрғындар әлеуметтік желілерде жарылыс жалғасып жатқаны туралы жазды.
02.00 Түн ортасы шамасында тағы бір қатты жарылыс болды. Бұл жайлы тұрғындар мен куәгерлер хабарлады.
03.00 Облыстың Өңірлік коммуникациялар қызметі апат маңында мекендейтін тұрғындарға облыс 400-ден аса орын дайындалғанын хабарлады. Қосымша мыңға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған. Оның ішінде Тараз қаласында 221 адам арнайы жасақталған жатын орындармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Жуалы ауданы Б. Момышұлы атындағы ауылда 18 адам орналастырылған.
Осыдан екі жыл бұрын, 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қоймалардың бірінде осыған ұқсас жойқын жарылыс болған. Мыңдаған оқ-дәрі, зарядталмаған снарядтар қарша бораған. Нақтырақ айтқанда, 3 мың вагонға тең 117 мың тонна оқ-дәрі мен қару-жарақ жарылған.
Салдарынан бес адам қаза тауып, 165 адам медициналық көмекке жүгінді. Ондаған әлеуметтік маңызды нысан бүлініп, мыңдаған тұрғын үй зақымданған еді. Ол кезде де 45 мыңнан астам арыстық бас сауғалап қыр асқан. Қаланы қайта қалпына келтіру үшін 56 млрд теңге бөлінді.
Арада екі апта өткенде шілденің басында қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бір қаланың халқын босытып, тұрқын тып-типыл еткен апатты «табиғи құбылыс» деп атап, халықтан «кешірім сұраудың ретін көріп тұрған жоқтығын» айтқаннан кейін көптің сынына қалған. Десе де қоғамдағы отставка туралы талап жиі айтылғанымен, ол жолы билік әрекетсіздік танытқан.
Қорғаныс министрлігі редакцияға берген жауап хатында жарылыстан бүтін қалған 32 мың тонна қарудың 20 мың тоннасы көшірілгенін, 12 мың тоннасы 2024 жылға дейін толық көшірілетінін хабарлаған.
(Ақпарат толықтырылды)