Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің 39 жастағы ұлы Сердарды экономика және банк саласы, халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс бойынша вице-премьер етіп тағайындады.
Ұлын президенттікке алдын ала дайындап жатқан Бердімұхамедов үкімет отырысында мемлекеттік аппаратта бірнеше өзгерістер енгізді. Сердарды вице-премьер ретінде тағайындамас бұрын ол ұлын Жоғарғы бақылау палатасы төрағасы және Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің мүшесі қызметінен босатты. Түркіменстанның ресми басылымдары Сердарды «халықтың ұлы» ретінде мадақтайды.
Президент жаңа вице-премьердің міндеттеріне мемлекеттік және қоғамдық – денсаулық сақтау, білім беру, қаржы және экономика салаларын цифрландыру және инновациялық технологиялар ендіру кіретінін айтты.
61 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға бай Түркіменстанды өзіне дейінгі президент Сапармұрат Ниязов қайтыс болған 2006 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді. Түркіменстан билігін сынайтындар мен құқық қорғаушылар Бердімұхамедовтің билікке келгелі өзгеше ойлайтындарды қудалағанын және айтарлықтай өзгеріс жасамағанын айтады. Президент Бердімұхамедовтің жалғыз ұлынан басқа үш қызы бар.
Ал Сердардың саясаттағы мансабы 2016 жылдың соңында бастады. Сол кезде ол Түркіменстан парламентінің мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар елдің өндіріс және құрылыс министрі қызметін атқарған.