Қазақстан Үкіметі былтыр пандемия басталған 1 наурыз бен биылғы 30 сәуір аралығында коронавирус жұқтырған 1773 адамды «басқа диагноздан қайтыс болды» деп ковидтің ресми есебіне қоспаған. Елде ауырғандардың жалпы саны 400 мыңнан асты.
QT редакциясының сұрағына ДенМин тарапынан берілген ресми мәліметке қарағанда, сәуір айында 154 адам коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болған.
(!) Министрлік олардың өлімін «басқа дерттерден болды, коронавирус тікелей әсер етпейді» деп санайды. Жауапты мамандар бұл жайлы сирек сөз етеді, оның өзінде журналистердің сұрауымен. Ақпарат автоматтандырылмаған. 18 маусым 54 жағдай, 2 шілде 101, 23 шілде 319, 4 қыркүйек 556, 11 қыркүйек 576, 15 қазан 672, 9 қараша 709, 15 желтоқсан 764, 26 желтоқсан 816 жағдай, 20 қаңтар 938, 3 ақпан 1061 болып, 17 наурыз 1450, 29 наурыз 1619, 6 мамыр 1773-ке дейін артқаны хабарланды.
Министрліктің ақпараттық жүйесі бойынша коронавирус инфекциясының жанама әсерінен... Оның ішінде өңірлер бөлінісінде: Қостанай облысында – 265, Солтүстік Қазақстанда – 255, Павлодар облысында – 240, Шығыс Қазақстанда – 165, Ақмола облысында – 159, Алматы облысында – 129, Жамбыл облысында – 108 жағдай. Ал ең төменгі көрсеткіш Шымкентте 13 және Маңғыстау өңірінде 7 кейс тіркелген.
Кейінгі екі айдан аса уақыт қызыл аймақтан шыға алмай отырған Алматы қаласында сәуірде ілеспе диагноздан көз жұмғандар күрт өсті. Өткен айда бірден 41 жағдай орын алып, жалпы жиыны 87-ге жетті. Мұндай өсім қалада ғана емес Алматы облысында да байқалды. Баталов басқаратын аймақта осы айда 36 адам коронавирус жұқса да, жанама әсерден қайтыс болды.
Оның арасында қарттар, ондаған бала, тіпті жаңа босанған ана да бар. Былтыр қараша айында 107, желтоқсанда 122 және биыл қаңтарда 123, ақпанда 389, наурызда 169 өлім тіркелген.
Осы санатта өмірден өткендердің дерегі коронавирустың мемлекеттік дерекқорына енгізілмейді. Сарапшылар мен мамандар бұған қарсы. Мұны «статистиканы мейілінше жақсартудың амалы» деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырады. Соңғы дерек бойынша, аурулар тобы жіктелімін ведомство былай таратады:
- Қанайналым жүйесінің аурулары – 639 (39,5%)
- Тыныс алу жүйесінің аурулары – 644 (39,8%)
- Эндокриндік жүйенің аурулары – 112 (6,9%)
- Несеп-жыныс жүйесінің аурулары – 53 (3,3%)
- Жаңа өскіндер – 51 (3,2%)
- Басқа жағдайлар – 274 (6,4%)
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6,5 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3948, КВИ- / U07.2 – 837, ілеспе аурулардан – 1773) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1773 адамды жалпы статистикаға енгізбейді.
ДДСҰ қайтыс болған адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, ағзадан тыс сыртқы фактордан, яғни оқыс апаттан көз жұмғандардан басқасын Covid өлімі статистикасына қосуға кеңес берген. Дегенмен Қазақстан үкіметі райынан қайтпады. Әлі күнге дейін параллель есеп жүргізіледі: жанама әсерден қайтыс болғандар саны не мемлекеттік, не халықаралық статистикаға енбейді.
Уашиңтон (АҚШ) университеті медицина мектебінің Денсаулық көрсеткіштері және бағалау институты (IHME) зерттеуінде Қазақстандағы коронавирус құрбандарының саны ресми статистикада көрсетілгеннен 14,5 есе көп екені айтылған. IHME есебі бойынша, Қазақстанда Covid-19 салдарынан 81 696 адам қайтыс болған. Өткен айдың ортасында осы ақпараттан кейін министрлік деректі қайда екшедік деген уәжбен ресми сатистикаға мыңдаған адамның есебін қосты.
«Қаза себебін бұрмалау – әруақты мазалайды»
Мәмбетәлі Ербосынов 63 жасына қараған шағында былтыр індет өршіген шілдеде аяқ астынан сырқаттанып, төсек тартып жатып қалған. Орта жастағы қарындасы Сәуле Ербосынова бауырының ауруханаға уақытылы жата алмағанын, кейіннен бір аптада дерті күшейгенін айтады. Ақыры соңында «Шымкент қаласындағы Асар ықшам ауданында ашылған жаңа модульді аурухананың жан сақтау бөлімінде жатқан».
– 40 жылға жуық медицина саласында жан аямай еңбек еткен ағама ел қатарлы коронавирус жұққаны анық. Әйтпесе сап-сау өздігінен жүрген адам қалайша бір күнде сары төсекке таңылады? Үйде оттегі құрылғысын алып тыныстап жатты. Көп ұзаған жоқ, бірер аптада тілден қалып, қатты арықтап кете барды. Оған екі жақты пневмония деген диагноз қойды. Бұл жай пневмония емес, не коронавирустық, не ковидтің асқынған қабынуы ғой. Осылайша сайда саны, құмда ізі жоқ күйде бейне бір созылмалы аурудан қайтқандай тіркеді. Қаза себебін бұрмалау – әруақты мазалайды. Әр нәрсені өз атымен көрсету керек, – деді ол ашынып.
Көптеген адамдар әлеуметтік желілерде дәрі-дәрмек жетіспей, орын да, дәрігер де тапшы болған былтырғы жазда ауруханаға бара алмағанын, ал онда жатқандардың көбі аман шықпағанын көріп, үй жағдайында емделуге мәжбүр болғанын жиі жазады.
Сарапшылар: Жанама әсер дегеннің көбі коронавирусқа тиесілі
Сарапшылар пікірі «жоғарыда аталған ауруларға шалдыққан науқастардың жағдайы асқынған сатыда болмаса, психика не оқыс жарақат-соққы себебінен қайтпаса, онда олардың дені коронавирустың құрбаны ретінде қарастырылуы тиіс» деген ортақ арнаға тоғысады.
Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі:
Коронавирус жүрек, өкпе, қант диабеті секілді созылмалы ауруларды қозыдруы мүмкін. Қайтыс болғанда жүрегі тоқтап, тромбоз болуы ықтимал. Мүмкін коронавируспен ауырмаса, қолдаушы терапия алып тірі жүре беруші еді. Қайтқан адамның диагнозы мен өлім себебінде байланыс болатыны анық.
Вирус жұққандықтан тромб мөлшері ұлғайып, қан ұйып жүрек, өкпе не миға салмақ салады. Осының салдары да әсер етпейді дей алмаймыз. Пневмония ауруын ПТР-дың бары-жоғына қарамастан клиникасына қарай коронавирустық сипатта қарастыру қажет деп басынан бері айтып келеміз.
Серік Тұрсын, Швейцариядағы қазақ дәрігері, медицина білімдері бойынша оқытушы-тәлімгер:
Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Коронвирус туралы статситиканың дұрыс берілмеуі тек қазақстандықтарды ғана емес, бізді де ойландырады. ДДСҰ-ның белгілеген код былтыр ақпан айында нақтыланған. Ал Қазақстан билігі неге тамыздан бастап енгізді. Бұған жауап беруі керек. Қайтыс болған адамның бойында басқа ауруы болғанына қарамастан, ағзасынан вирус табылса, бірден коронавирус себебінен деп есептеуі тиіс. Өйткені вирус ангиотензин конвертинг рецепторы арқылы денеге кіреді. Екінші түрі қан тамырлары арқылы бойға тарайды. Сондықтан вирус барлық тінге жайылып, ең әлсіз тұсынан ұстайды. Жасы үлкен адамдардың созылмалы ауруын қоздырып, салдары өлімге айналып жатыр. Бұл сөзсіз коронавирус статистикасына енуі тиіс. Жылдың басынан бергі барлық пневмонияны ақөкпе деп айдарлап, негізгі есептен бөлді. Бұл қате қадам. Мұны Қытайдағы тұмау маусымында өршіген пневмонияны КТ арқылы ажырататын ғылыми тәжірибе дәлелдеді.
Мыңжылқы Бердіқожаев, Қазақстандық жоғары санатты нейрохирург-дәрігер:
Қатерлі ісігі бар не қан қысымы жоғары адамға ем дұрыс жасалса, олар өмір сүре берер еді. Коронавирустың жанама әсерінен қайтқаны жөніндегі дерекке толық көз жеткізу үшін өте күрделі зерттеу-сараптама жүргізу керек. Оны жасап жататын ешкім жоқ шығар. Сондықтан ресми мәліметке сенуге мәжбүрміз.
Қайырғали Көнеев, невролог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты:
Коронавирус инфекциясы тромбоз тудырғандықтан жоғарыда көрсетілген қайғылы жағдайға алып келетіні анық. Көптеген елдерде коронавирус жұққан адамдар оқыс жағдайдан басқа кездің бәрінде құрбандарды індет себебінен деп қарастырылып келеді.
Деректі шегініс
2020 жылы «маусым-шілде қырғынында» 42 мың адам, ал 2019 жылы дәл осы аралықта 22 мың, 2018 жылдың жазғы екі айында 21 мың адам өмірден қайтқан. Демек былтыр кісі өлімі алдыңғы жылдан кемінде 20%-ға артты. 163 613 адамның өлімі Қазақстанды жаңа ғасырда ең жоғарғы көрсеткішпен орны толмас қасіретке ұшыратты.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 47-орында тұр.
Билік аталған санаттағы пациенттен ПТР тесті арқылы коронавирус анықталғанына қарамастан, «басқа аурулардың себебінен қайтыс болғанын» алға тартып ортақ есепке енгізбейді. Министр орынбасары Ажар Ғиниятқызы былтыр күзде статистикадағы негізгі кемшіліктер туралы редакция тілшісімен 45 минут сұхбаттасып, әр айдың 10-ы өткен айдағы ілеспе диагноздан қайтыс болғандардың санын тұрақты түрде ресми ресурстарда жариялауға уәде еткен еді. Бірақ вице-министр сөзінде тұрмады. Ведомство бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрауымен ғана жариялайды.