Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жаңа Конституцияға қол қойды. Заң жобасын сынға алған тәуелсіз заңгерлер мен сарапшылар президенттік басқару формасына өту бастамасы елді Орталық Азияның өзге елдеріндегі секілді авторитарлық режимге әкелуі мүмкін деп алаңдайды. Ал өз кезегінде Садыр Жапаров «жаңа конституцияны жазуда ел үшін өзекті сын-тегеуріндер ескерілді», дейді.
Заңға қол қою рәсімі «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында өтіп, тікелей эфирде көрсетілді.
Республиканың негізгі заңына түзетулер енгізу бойынша референдум 11 сәуірде өткен. Мәліметтер бойынша, референдумға бір миллион 336 мың 743 сайлаушы қатысқан. Бұл дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы санының 37,8%-ы. Ал олардың 79,24%-ы конституцияға түзетулер енгізуді қолдаған.
Конституциялық Кеңес мүшелері әзірлеген түзетулер президент өкілеттіктерін едәуір күшейтуді, Парламент құқығын шектеп, олардың санын 120-дан 90 адамға дейін қысқартуды көздейді. Атап айтқанда, мемлекет басшысы министрлерді тағайындау және жұмыстан босату құқығын қоса алғанда, Үкіметті толық бақылайтын болады. Министрлер кабинетінің жұмысын президент әкімшілігі үйлестіреді, ал премьер-министр қызметі алынып тасталады. Сонымен қатар, президент енді алты жылдық емес, екі бес жылдық мерзімге сайлана алады. Осылайша, Қырғызстан президенттік-парламенттік басқару формасынан толықтай президенттік басқару моделіне көшеді.
Жаңа заң жобасында формалды түрде цензураға тыйым салынған. Бірақ онда пікір үшін қудалаудың қылмыс екені жазылмаған. Ал мұндай норма қазіргі заңда бар. Есесіне ұсынылған құжатта сөз еркіндігін шектейтін тармақтар бар. Мысалы заң жобасында «Өскелең ұрпақты қорғау үшін моральдық және адами құндылықтарға, Қырғыз Республикасы халқының қоғамдық санасына қайшы іс-шаралар заңмен шектелуі мүмкін» деп жазылған.
Конституцияға өзгерістер енгізу туралы шешім Қырғызстанда 2021 жылы 10 қаңтарда өткен референдум барысында қабылданған. Яғни президент билігін күшейтуді елдің қазіргі президенті Садыр Жапаров ұсынған. Жапаров жаңа конституцияны толықтай қырғыз мамандары әзірлегенін, осыған дейінгі конституцияның «шетелден көшірілгенін» айтты.
Жаңа конституция толықтай енгізілгеннен кейін «Халық құрылтайы» атты президент бақылауындағы жаңа құрылым жұмысын бастайды. Сарапшылар аталған құрылтай парламентке балама болып, президентке парламент билігін шектеуге жол береді деп санайды. Бірақ Жапаров «билік толығымен президентке өтеді» деген тұжырымдарды жоққа шығарды. Сонымен қатар, жаңа заң парламенттегі депутат санын 120-дан 90-ға дейін азайтып, президентке судьялар мен құқық қорғау құрылымдарының басшысын тағайындауға мүмкіндік береді.
Қырғызстанда Ата заңды барлық президенттер өзгерткен. Жаңадан сайланған Садыр Жапаров та бұл дәстүрден айныған жоқ. Президенттің құзыретін едәуір арттыратын заңды ұсынғаннан кейін Freedom House халықаралық ұйымы конституцияның кезекті рет қайта жазылуы Қырғызстанның еркін емес елдер қатарына кіруінің бірден-бір себебі деген. Human Rights Watch ұйымы мен бірқатар заңгер қазіргі парламент сайлауының мерзімі өтіп кеткенін, сол себепті оның Конституцияға өзгеріс енгізу туралы бастама көтере алмайтынын айтты.