Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Владимир Путинге қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа назар аударып, мәселені шешуге атсалысқаны үшін алғыс білдірді.

Путинмен келіссөздер барысында Жапаров: «Құрметті Владимир Владимирович, қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға көңіл бөлгеніңіз үшін жеке алғысымды білдіргім келеді. Ресей – біздің басты одақтасымыз және сауда-экономикалық серіктесіміз, сондықтан барлық мәселелер бойынша нәтижелі келіссөздер жүргізуге үміттенемін», – деді.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайда өзге елдер Қырғызстан мен Тәжікстанның қайсысына жақ екенін ашық көрсетпеуге тырысты. Кейіннен екі елдің ресми тұлғалары арасында әскери іс-қимылды тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін кей елдің басшылары шекарадағы кикілжіңге байланысты позициясын білдіретін мәлімдемелер жасай бастады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында бітімгер болуды ұсынған. Ол мәлімдемесінде: «Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын», – деді. Шекарадағы қарулы қақтығысты «қатты алаңдаушылықпен» қабылдағанын жеткізген Тоқаев екі елдің атысты тоқтатып, келіссөз бастау ниетін құптады.

28-30 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болып, қырғыз жағынан 36 адам, оның екеуі бала, қаза болған. 183 қырғыз азаматы жараланған.

Қақтығыстың салдарынан Қырғызстанның Баткен облысында 78 тұрғын үй, екі мектеп, фельдшер-акушерлік пункт, үш шекара бекеті, балақша, он жанар-жағармай станциясы, милиция бөлімшелері, сегіз дүкен өртенген. 29 сәуірде шекарадағы жағдай ушығып, екі елдің әскери қызметкерлері арасында атыс болған. Сол күні кешке тараптар атысты тоқтатуға келіскенмен, атыс жекелеген жерлерде 1 мамырға дейін жалғасты.

1 мамырда Баткен облысында екі ел үкіметтерінің делегациясы делимитация және демаркация мәселелері бойынша келіссөз өткізді, кездесу кезінде тараптар атысты толық тоқтату және шекарадан әскер әкету туралы келісімге келген. Екі ел прокуратурасы ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғады.

"The Qazaq Times"