Кейінгі екі аптада Үндістанда болған қазақстандықтар ПТР және вакциналау сертифактына қарамастан үйде 14 тәулік карантинде болады. Сейсенбідегі Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
«Үндістанда күн сайын 400 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырып жатыр. Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты, кең таралған штамм импортын болдырмауға бағытталған шаралар қабылданды. Қазақстанға үшінші елдер арқылы келген адамдар және соңғы 14 күн ішінде Үндістанға барған адамдар, ПТР және ковидке қарсы вакциналау сертификатының бар-жоғына қарамастан, үйде 14 күн оқшауланады», – деді министр.
Ашық деректерге қарағанда, мамыр айының үш күнінде Үндістанда 1,1 миллионнан аса сырқат тіркелген. Дәл осы аралықта 11 мыңнан аса адам қайтыс болған. Көктемгі пандемия антирекордтық жаңартулармен ауыр жағдайда өтіп жатыр.
Қазақстан үкіметінің мәліметінше, көктем басында геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне кемінде 2,5 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айындағы аурушаңдық наурызға қарағанда 3 есеге артты. Жалпы осы көктемде әзірге 120 мың (КВИ+ 116 мың, КВИ- 3,7 мың) науқас анықталды. Сондай-ақ, өткен бірер айда ресми расталған өлімнің үштен бірі, яғни 1540 адам (КВИ+ 1290, КВИ- 250) өмірден қайтты.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 330 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 53 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 383 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6193-і (КВИ+ / U07.1 – 3762, КВИ- / U07.2 – 812, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 47-орында тұр.