Жапония премьер-министрі Есихидэ Суганың АҚШ-қа ресми сапары басталады. Суга Ақ үйдің жаңа басшысымен жеке кездесу өткізетін алғашқы шетелдік көшбасшы болмақ.
Екі мемлекет басшылары арасындағы келіссөздер 16 сәуірге белгіленген. Саясаткерлердің басты тақырыбы – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің іргетасы саналатын екіжақты альянсты нығайту. Сонымен қатар, екі ел басшылары Қытай тақырыбын да талқыламақ.
Токио да, Вашингтон да Бейжіңнің сыртқы саясаттағы ұстанымдарына, оңтүстік Қытай мен Шығыс Қытай теңіздеріндегі әрекеттеріне бірнеше рет ескерту жасаған. Суга мен Байден Қытайдағы адам құқықтары мәселесін, оның ішінде Гонконг, Шыңжаңдағы жағдайды талқылауға ниетті.
Жапон тарабы кездесуде Сенкаку дауына да баса назар аудармақ. Шығыс Қытай теңізіндегі Сенкаку архипелагының айналасындағы аумақтық дау 2012 жылы қыркүйекте ушыға түскен. Сол жылы Токио бұл аралдардың жеке иелерінен сатып алынғанын жариялады. Осыдан кейін Қытайдың бірқатар аймақтарында Жапонияға қарсы демонстрациялар өткен. Негізінен Жапония тарапы дәл осы мәселе бойынша маусымда Қытайға наразылық нотасын жолдаған. Жапонияның шағымынан кейін, АҚШ Қытайға ескерту жасады.
1895 жылы империялық Қытаймен соғыста жеңіске жеткен соң, Сенкаку аралдары мен Тайуань Жапония құрамына қосылды. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін Токио Тайуаньға басшылық ету құқығынан бас тартты. Ресми Бейжің Сенкаку аралдарын да иеленгісі келеді. Алайда, Жапония үкіметі бұл аралдар соғыс нәтижесінде аннексияланбады дейді.
16 наурызда Токиода Жапония мен АҚШ СІМ және Қорғаныс министрлігі басшыларының «2+2» форматындағы бетпе-бет келіссөздері өткен. Бұл кездесуде де АҚШ Қытайдың сыртқы саясаттағы ұстанымы мен адам құқықтарының тапталуын сынға алған.
Келіссөздердің тағы бір маңызды тақырыбы – өткен ғасырдың 70-ші жылдары Солтүстік Корея барлауымен ұрланған жапон азаматтарының мәселесі мен зымыран-ядролық бағдарламасы. Бұған дейін Вашингтон мен Пхеньян арасындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталып, Жапонияны алаңдататын мәселелер шешімін тапқан жоқ.
КХДР барлау қызметтерінің жапондарды ұрлау тақырыбы ресми дипломатиялық байланыстарды қолдамайтын екі ел қарым-қатынасындағы ең ауыр тақырыптардың бірі саналады. 2002 жылы Пхеньян алғаш рет Жапонияның тек 13 азаматын ұрлау фактісін мойындады және олардың бесеуіне отанына оралуға мүмкіндік берді. Қалғандары қайтыс болды деп жарияланды, бірақ расталмады. Осыған қарамастан, премьер-министр Есихидэ Суга да, оның алдындағы Синдзо Абэ де Ким Чен Ынмен тікелей диалог құруға дайын екенін хабарлаған.
2014 жылдың мамырында Жапония мен КХДР үкіметтері аиалған мәселе бойынша жаңадан тергеу жүргізуге келісті, бірақ бұл комиссия кейіннен Пхеньянның бастамасымен таратылды.
Премьер-министр Суга АҚШ-тың жаңа президенті Байденмен жеке кездесу өткізетін алғашқы шетелдік көшбасшы болады. 2009 жылы ақпанда Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Таро Асо да АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обамамен кездескен алғашқы шетелдік көшбасшы болды.
Пандемияға байланысты жапон делегациясының құрамындағы саясаткерлер саны аз болады.