Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли оның "қазақстандық екпе салдырамын" деген сөзінен неге айнып кеткенін түсіндірді. Бұл жайлы ол бүгін Facebook парақшасында жазды.

Уәлидің жазуынша, 6 сәуірде ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырған Тоқаев алдағы уақытта қазақстандық ғалымдар дайындап жатқан QazCovid-in екпесін алуға да ниетті.

"Азаматтарымыз әлеуметтік желілерде мемлекет басшысының бұған дейін қазақстандық вакцина салдырамын деп, бірақ оны күтпей, "Спутник V" екпесін алғаны жөнінде сұрақтар қоюда. Президенттің әрқашан да отандық өнімді қолдайтынын сенімді түрде айта аламын. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыда шығарылған вакцинаны салдырды және біздің ғалымдарға толық сенеді. Қазақстандық вакцина өндірісі іске қосылғаннан кейін мемлекет басшысы Жамбыл облысына барып, кәсіпорынның жұмысымен арнайы танысуды жоспарлап отыр. Президент келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті" деп жазды Берік Уәли.

Тоқаев жыл басында, 25 қаңтар күнгі үкіметтің кеңейтілген отырысында қазақстандық QazCovid-in вакцинасы сынақтан сәтті өтсе, "отандық вакцинаны салдырамын" деп мәлімдеген еді. Алайда 6 сәуір күні оның «Спутник V» вакцинасын салғызғаны белгілі болды.

Атауы QazCovid-in-нан QazVac-қа өзгерген қазақстандық вакцина қазір сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оны қазақстандық ғалымдар Жамбыл облысында дайындап жатыр.

Шикізаты Ресейден жеткізілетін «Спутник V» екпесі Қарағанды фармацевтика кешенінде өндіріледі. Бұл компанияға иелік етушілердің бірі - Қазақстанды 30 жылдай билеген Нұрсұлтан Назарбаевтардың құдасы, белгілі олигарх Қайрат Боранбаев. 15 млрд теңге қаржы қарастырылған өндіріс орны өзін «биотехнологиялық препараттар өндірісіне мамандандырылған ҚР-дағы алғашқы және әзірге жалғыз фармацевтикалық зауыт» деп санайды.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация 1 ақпанда басталған. Екі ай дегенде халықтың 1%-дан сәл аса бөлігі, яғни 194 706 адам ресейлік екпенің алғашқы дозасын салдырған. Әзірге медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен күштік құрылым өкілдеріне басымдық беріліп жатыр.

"The Qazaq Times"