Ресейдің Украина шекарасындағы әскери белсенділігі халықаралық қауымдастықтарды алаңдатып отыр. «Мәскеу атысты тоқтату туралы келісімді өрескел бұзды» деген Солтүстік Атлантикалық альянс, Еуроодақ пен АҚШ Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын бірнеше мәрте мәлімдеді.
Қазір Ресейдің тұрақсыздандырушы әрекеттері Украинаның шығысындағы шиеленісті ушықтыра бастаған. Осыған байланысты Альянс мүшелері 1 сәуірде Қара теңіздегі жағдайды талқылады. НАТО мәліметінше, әскерилер қақтығысы кезінде төрт украин сарбазы қаза тапқан.
Германия мен Францияның Сыртқы істер министрлері тараптарды ынтымақтастық байланыс орнатуға шақырып, Ресейге ескерту жасады. ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррел бұл мәселені украин тарапымен Еуроодақ елдері СІМ басшыларының таяудағы саммитінде талқылауға ниетті.
Наурыздың соңында Тhe New York Times газеті Мәскеудің Украина шекарасына 4000-ға жуық әскер жібергенін жазды. Басылымның мәліметінше, Ресей 23 наурызда аяқталған әскери жаттығулардан кейін Украина шекарасына жақын аймақтан әскер шығармағандықтан, АҚШ пен Еуроодақ бұл жағдайды қатаң бақылауға алған. Себебі шекараға әскер жіберу – мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Кей сарапшылар Кремльдің екі ел шекарасына сарбаз жіберуін «жаңа соғысқа қадам» деп болжаған. 2036 жылға дейін билікте қалу мүмкіндігіне ие болған Путин Қырым аннексиясынан кейін Донецк, Луганскты Федерация құрамына қосып алса, «Жаңа Ресей» тұжырымы қалыптасуы бек мүмкін. Ал бұл Путиннің билік ету мерзімін тағы да ұзартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде Ресей Брянск, Воронеж және Ростов облыстарына, аннексияланған Қырымға да әскерилер жіберіп жатқандығы туралы хабарламалар жарияланды.
Бұл хабарға халықаралық қауымдастықардың назары ауғаннан кейін Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 1 сәуірде мәлімдеме жасап, «Ресей өз аумағында қарулы күштерді қалай қолданатынын өзі шешеді және бұған алаңдаушылық танытудың қажеті жоқ», – деді.
Кейіннен Лондон мен Киев шиеленістің ушығуына жол бермеу мақсатында халықаралық серіктестермен Украина шекараларындағы жағдайды бақылауға келісті.
Ресей Украинаның Қырым түбегін 2014 жылы наурызда заңсыз аннексиялап алып, түбектегі әскери әлеуетін күшейте бастаған. 2014 жылы көкьтемде Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен үкімет әскері арасында қақтығыс басталған.
Украина мен Батыс елдері Мәскеуді сепаратистерге қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды. Бірақ Кремль мұны жоққа шығарады. Алайда, 2016 жылы қарашада Халықаралық қылмыстық сот Украина шығысындағы қақтығысты «Украина мен Ресей арасындағы халықаралық қарулы қақтығыс» деп таныған. Америка мен Еуроодақ елдері Қырымды Ресей жері ретінде мойындаған емес.