Yomiuri газеті жүргізген жалпыхалықтық сауалнама нәтижесінде Жапония тұрғындарының шамамен 60%-ы ел премьер-министрі Есихидэ Суганың отставкасын талап еткен. Халықтың билеуші партияға деген сенімі қандай? Шағын топ арасында жүргізілген сауалнама қазіргі премьер саясатындағы негізгі факторларды жоққа шығара ала ма? Сараптап көрелік.
Сауалнамаға іріктеу арқылы анықталған 18-75 жас аралығындағы мыңнан астам азамат қатысқан. Қатысушылардың 12%-ы премьер-министр отставкаға кетуі тиіс деп санайды. 47%-ы ол басқарушы партияның жетекшісі ретінде қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін қыркүйекте қызметінен кетуі керек дейді.
71 жастағы Есихидэ Суга былтыр қыркүйекте премьер-министр болып тағайындалды. Бұған дейін басшылық еткен Синдзо Абэ денсаулығының нашарлауына байланысты отставкаға кеткен. Суга Үкімет басшысының міндетін тек қыркүйекке дейін, билеуші партия жетекшісінің кезекті жоспарлы сайлауы басталғанша атқарады. Қазіргі премьер-министрдің жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Дегенмен Yomiuri тілшілерінің пікірінше, Суга партиясы пандемиямен күресте айтарлықтай нәтиже көрсетпегендіктен халықтың наразылығы күшейе бастаған.
Суга 2012 жылы желтоқсанда елдің бас хатшысы қызметіне тағайындалып, жапон тарихында бұл қызметті ең ұзақ уақыт атқарған жоғары лауазымды тұлға атанған. Жапон парламентіне сайланған, шамамен бір жыл ішкі істер министрі болған. Оны бұрынғы премьер-министрдің жақын серіктерінің бірі деп атайды.
Халықтың билікке сенімі сөз болғанда, Суга партиясы «пандемиямен күресте сылбырлық танытқаны үшін отставкаға кету тиіс» деген пікірлер жиі айтылады. Дегенмен премьер-министр қызметіне тағайындалғаннан бері оның сыртқы саясаттағы позициясы сынға ұшыраған жоқ. Есихидэ Суганың беделін арттырған негізгі үш мысал бар.
Былтыр ол қытай-жапон даулы мәселесіне айналған Сенкакудағы жағдай туралы жедел ақпарат жинау және талдау бойынша арнайы дағдарыс штабын құрып, Бейжіңге бірнеше мәрте наразылық нотасын жолдады. Жапонияның шағымынан кейін, АҚШ Қытайға ескерту жасады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің бұрынға басшысы Майк Помпео: «Біз Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізін жеке меншік теңіз империясы ретінде қарастыруына жол бермеуіміз керек. АҚШ үкіметі осы мәселеге шара қолданады», – деп мәлімдеген.
Шығыс Қытай теңізіндегі Сенкаку архипелагының айналасындағы аумақтық дау 2012 жылы қыркүйекте ушыға түскен. Сол жылы Токио бұл аралдардың жеке иелерінен сатып алынғанын жариялады. Осыдан кейін Қытайдың бірқатар аймақтарында Жапонияға қарсы демонстрациялар өткен. 1895 жылы империялық Қытаймен соғыста жеңіске жеткен соң, Сенкаку аралдары мен Тайуань Жапония құрамына қосылды. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін Токио Тайуаньға басшылық ету құқығынан бас тартты. Ресми Бейжің Сенкаку аралдарын да иеленгісі келеді. Алайда, Жапония үкіметі бұл аралдар соғыс нәтижесінде аннексияланбады дейді. Жапонияның жаңа премьер-министрі Есихиде Суга да бұл ұстанымнан айныған жоқ.
Екінші мәселе – Жапоня мен Ресей арасындағы негізгі қайшылыққа айналған арал дауы. «Үлкен жетілік» елдерінің ішінде Қырым аннексиясынан кейін Путинмен кездесу ұйымдастырған екінші мемлекет Жапония болатын. Соған қарамастан, Жапония мен Ресей арасындағы ынтымақтастық келісімге 70 жылдан бері қол қойылмай келеді. Яғни екі ел Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін арнайы келісімшарт жасасқан жоқ. Есихиде Суга Ресеймен қарым-қатынаста Куриль аралдарының оңтүстік бөлігі туралы мәселені түпкілікті шешуді қажет деп санайды.
Екі ел 1855 жылдың 7 ақпанында Итуруп және Уруп аралдарының арасындағы шекараны анықтайтын бірінші орыс-жапон келісімшартына (Симод трактаты) қол қойды. Сол уақыттан бастап Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аталған шартқа сәйкес Жапонияға тиесілі. Бұл күн Жапонияда «Солтүстік аумақтар күні» ретінде атап өтіледі.
Ресей 1875 жылы барлық Курил аралдарын Сахалин аралының жапон бөлігімен айырбастау үшін Жапонияға берген. Бірақ, 1905 жылы орын алған орыс-жапон соғысынан кейін Ресей жеңіліс тауып, Оңтүстік Сахалинді Жапонияға тиесілі деп санайтын «Портсмут» бейбіт келісімшарты жасалды. 1945 жылы Кеңес Одағы Ялта келісімі бойынша Ұлыбритания, АҚШ-пен байланыса отырып, Жапониямен соғыс жүргізді. Сол кезде КСРО Оңтүстік Сахалин мен Курил аралдарының Кеңес бақылауына беру туралы шарт қойды. Осылайша, Кеңес Одағы Жапония капитуляциясынан кейін барлық Сахалин мен Курил архипелагын өз құрамына қосты. Алайда, КСРО 1951 жылы Сан-Францискода Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мемлекеттер енгізген бейбіт шартқа қол қоюдан бас тартты. Себебі, шартта Курил мен Сахалиннің Ресейге тиесілілігін бекітетін ережелер айқындалмаған.
Араға бес жыл салып, 1956 жылы қос ел бейбітшілік декларациясын қабылдады. Соған сәйкес Мәскеу бейбіт келісімшарт жасасқаннан кейін Хабомаи және Шикотанды Жапонияға беру мүмкіндігін қарастыруға келісті. Құжатта Кунашир мен Итуруттың «тағдыры» қозғалмаған. Сонымен қатар, келісім бойынша КСРО бейбітшілік орнағаннан соң екі аралды Жапонияға қайтарып беру мәселесін қарастыруы тиіс еді. Бірақ, КСРО Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша бүкіл Курил архипелагын өз құрамына қосты.
Үшінші кезекте, адам құқықтарының бұзылуына байланысты шет елдерге, құрылымдар мен жеке тұлғаларға санкциялар заңнаманы ұсыну. Қазіргі уақытта Жапонияда адам құқықтарын бұзғаны үшін айыптауларға байланысты санкциялар салуға мүмкіндік беретін жүйе жоқ. Бұл мәселеде Токио әдетте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қатаң қаулылар бойынша қарарларын орындайды, бірақ ешқандай тәуелсіз қадамдар жасамайды. Жапония «Үлкен жетілік» тобында мұндай заңнамасы жоқ жалғыз ел. G7 қрамындағы Ұлыбритания, Италия, Канада, АҚШ, Франция және Германия да адам құқытары мәселесі бойынша заңнама бар.
Бұған дейін Токио Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына байланысты АҚШ пен Еуроодақ енгізген қатаң шараларға қосылған жоқ. Сарапшылардың айтуынша, енді жапон үкіметі Қытай мен өзге елдердегі адам құқығы мәселесіне байланысты санкция енгізу мәселесін қарастыруы мүмкін.