Қазақстан Үкіметі былтыр пандемия басталған 1 наурыз бен биылғы 28 ақпан аралығында коронавирус жұқтырған 1450 адамды «басқа диагноздан қайтыс болды» деп ковидтің ресми есебіне қоспаған.
Сәрсенбі күнгі брифингте QT редакциясының сұрауынан кейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғандар 1450-ге жеткені туралы жауап хат жолдады.
Билік аталған санаттағы пациенттен ПТР тесті арқылы коронавирус анықталғанына қарамастан, «басқа аурулардың себебінен қайтыс болғанын» алға тартып ортақ есепке қоспайды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы былтыр күзде статистикадағы негізгі кемшіліктер туралы редакция тілшісімен 45 минут сұхбаттасып, әр айдың 10-ы өткен айдағы ілеспе диагноздан қайтыс болғандардың санын тұрақты түрде ресми ресурстарда жариялауға уәде еткен еді. Бірақ вице-министр сөзінде тұрмады. Ведомство бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрауымен ғана жариялайды.
(!) Министрлік олардың өлімін «басқа дерттерден болды, коронавирус тікелей әсер етпейді» деп санайды. Жауапты мамандар бұл жайлы сирек сөз етеді, оның өзінде журналистердің сұрауымен. Ақпарат автоматтандырылмаған. 18 маусым 54 жағдай, 2 шілде 101, 23 шілде 319, 4 қыркүйек 556, 11 қыркүйек 576, 15 қазан 672, 9 қараша 709, 15 желтоқсан 764, 26 желтоқсан 816 жағдай, 20 қаңтар 938, 3 ақпан 1061 болып, 17 наурыз 1450-ге дейін артқаны хабарланды.
Министрліктің ресми жауап хатында «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының 2021 жылғы 5 наурызындағы деректеріне сәйкес, биыл 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында коронавирус инфекциясының ілеспелі диагнозы болған 512 өлім жағдайы тіркелді» делінген.
Оның арасында жартысына жуығы қарттар, ондаған бала, тіпті жаңа босанған ана да бар.
Былтыр қараша айында 107, желтоқсанда 122 және биыл қаңтарда 123, ақпанда 389 өлім тіркелген.
Осы санатта өмірден өткендердің дерегі коронавирустың мемлекеттік дерекқорына енгізілмейді. Сарапшылар мен мамандар бұған қарсы. Мұны «статистиканы мейілінше жақсартудың амалы» деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырады. Соңғы дерек бойынша, аурулар тобы жіктелімін ведомство былай таратады:
- Қанайналым жүйесінің аурулары – кемінде 502 (34%)
- Тыныс алу жүйесінің аурулары – кемінде 538 (37%)
- Эндокриндік жүйенің аурулары – кемінде 86 (6%)
- Жаңа өскіндер – кемінде 46 (3%)
- Басқа жағдайлар – кемінде 156 (11%)
Былтыр коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғандардың ең көбі СҚО, Қостанай, ШҚО, Павлодар, облыстарына, ең кемі Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау өңірлеріне тиесілі.
Қазақстанда былтырғы 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 228 мыңға, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 50 мыңға жуықтаған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 278 мыңға таяған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4990-ы (КВИ+ / U07.1 – 2881, КВИ- / U07.2 – 659, ілеспе аурулардан – 1450) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1450 адамды жалпы статистикаға енгізбейді.
Өткен жылы «маусым-шілде қырғынында» 42 мың адам, ал 2019 жылы дәл осы аралықта 22 мың, 2018 жылдың жазғы екі айында 21 мың адам өмірден қайтқан. Демек былтыр кісі өлімі алдыңғы жылдан кемінде 20%-ға артты. 163 мың 613 адамның өлімі Қазақстан үшін жаңа ғасырдағы ең жоғарғы көрсеткішпен орны толмас қасіретке ұшыратты.
ДДСҰ қайтыс болған адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, ағзадан тыс сыртқы фактордан, яғни оқыс апаттан көз жұмғандардан басқасын Covid өлімі статистикасына қосуға кеңес берген. Дегенмен Қазақстан үкіметі райынан қайтпады. Әлі күнге дейін параллель есеп жүргізіледі: жанама әсерден қайтыс болғандар саны не мемлекеттік, не халықаралық статистикаға енбейді.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.