Сәрсенбі экс-нұротандық депутат Нұржан Әлтаевтың бастамасымен өзі және қолдаушылары «оппозицияның ұлттық үйлестіру кеңесі» деп атаған жиын өтті. Кеңес отырысына бірқатар белсенділер мен саясаткерлер қатысты. Билік сыншыларының кейбірі еш кедергісіз өткен кеңеске күмәнмен қарайды.
Аймақтардағы белсенділер жиынға ZOOM желісі арқылы онлайн қосылып, пікір білдірді. Сондай қайраткерлердің бірі Рысбек Сәрсенбайұлы кеңестің шынайылығына күідктеніп, ұйымдастырудағы кей кемшілікті сынады. Ол кеңес экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың билікке талас жолындағы болашақ партиясының негізін қалау, жарнамалау деп санайды. «Нұр Отан» партиясынан қуылған әрі бүгінгі шараға мұрындық болған саясаткер Нұржан Әлтаевтың «шын күрескер» боларына күманданады. Оның айтуынша, елдің басын біріктіру – өте қажетті әрі күрделі мәселе, дегенмен мұны азғантай топтың қалауымен жүзеге асыра қою мүмкін емес.
«Кез келген уақытта елдің басын ортақ мақсат қана біріктіре алады. Партия, Ұлттық кеңес не басқасы біріктіре алмайды. Мен осында ұйымдастырып жүрген азаматтардың түгел дерлігін білемін. Ниет барда оны іске асыру бар. Соған келген кезде мен өте күмәндімін. Өйткені өздеріңіз айтатындай ұлттық мүддені қорғау үшін сол ұлтқа адал-шынайы қызмет ететін азаматтар керек. Жалған белсенділер мен билік маңайындағы «жобалардың» әрекетінен ертең нәтиже кетіп, «нөл» болады. Осыдан бұрын Нұржан Әлтаев маған хабарласып, шетелге кетіп бара жатқанын айтып, оралған соң кездесуге қолқалады. Бірақ сол күйі сөйлескен де, хабарласқан да жоқ. Ал мұндай өз сөзінде тұрмайтын адаммен қалай бірлесуге болады? Неге Әлтаевқа байланып отырсыздар? Кімнің ақпарат мүмкіндігі мен қаражаты болса, соның ығына жығылатын Ұлттық кеңес ешқашан шынайы болмайды. Ұлттық кеңес аты болғанымен, орысша жүріп жатыр. Осы жиынның құрылымы, бағдарламасын сұраттық. Ешкім ештеңе бермеді. Діттегені – әйтеуір ниеті бір, халықты соңына ерте алатын азаматтарды Әлтаевтың қорасына кіргізу ме? Мен бұған үлкен күдікпен қараймын. Егер ол шын мәніндегі күрескер болатын болса, онда бұл беталысы депутаттықтан кеткелі бергі пікір-сұхбаттарында көрініс табар еді. Ол азаматтың шынайы ниеті қандай және жоспарын қалай іске асырмақ? «Ел мен жер» қозғалысы құрылды. Ұлттық мәселені неге сонда-ақ шешпейміз», – дей бергенде Сәрсенбайұлының сөзін модератор Қайырлы Омар бөлді.
Ойын толық айтуға бөгет болмауды ескерткен саясаткер осы уақытқа дейін құрылған қозғалыстар айналасына неге топтаспағанын, жаңа алаңның неліктен дәл Әлтаев тіркеткісі келіп жүрген «Ел тірегі» партиясының жанынан ашылғанын сұрады.
«Әрқандай нәрсені құру оңай, ал шындап жұмыс істеп, нәтиже шығару қиын дүние. Тоқетері, мен мына кеңеске ешқандай сенім артып отырғаным жоқ. Тым дүдәмал көрінеді. Бұл Тимур Құлыбаевтың ертең билікке талас кезіндегі болашақ партиясының негізін қалап, соны танымал ету үшін соның төңірегіне аңғал азаматтарды тарту үшін керек сияқты көрінеді де тұрады. Бірақ қателесуім де мүмкін. ...Кезінде Қосановтың сатқындығы қоғамды қандай жағдайға ұшыратты. Мүмкін Нұржан сатқын емес шығар, бірақ оны да осыған апаруы ықтимал. Сенім болған кезде ғана бірлесуге болады. Арада сенімге күдік туғызатын, мақсаты белгісіз адамдармен бірлесе күресуге де, барлауға да болмайды», – деп қарсылығын ашық айтты.
«Ел Тірегі» партиясын құруды көздейтін Нұржан Әлтаев Рысбек Сәрсенбайұлының сынына жауап бере келе, оппозициялық топтар әлі күнге дейін қырықпышақ болып жүргенін сөз етті.
««Рысбек ағамызды түсінемін. Бұл менің не «Ел тірегі» партиясының кеңесі емес, барлығыңыздікі. Мен көмектесуге, жұмыстануға дайынмын. Менің оппозицияға келгеніме көп болған жоқ. Бірақ, сол екі-үш айдың ішінде байқағаным, көптеген оппозициялық партия өкілдерімен кездесіп, сөйлестім, барлығы ананы сұрасаң «ой, ол КНБ-ның агенті», мынаны сұрасаң, «ой, ол Ақорданың жобасы» деп бірін-бірі жамандайды. Бұл кімге жақсы? Бұдан билікке ғана жақсы. Оппозиция әлі күнге дейін қырықпышақ болып жүр», – деді Әлтаев.
Сөз арасында арнайы кеңес үшін ғимаратты жалға алып бергенін растады. Тіпті ол кеңесті «соңғы мүмкіндік» деп атады.
«Ертең Ресейдің не Қытайдың құлы болып жүреміз. Қайткенде де бірігу керек. Ағаларға айтатыным – оппозициямен айналысып жүргендерге өте қиын, түсінем, осы бастаманы бәріміз қолдайық», – билік партиясын қуылдым деген экс-нұротандық.
Кеңес жұмысы және «оппозицияны біріктіру» мәселесіне қатысты қатысушылар түрлі пікір айтты. Қазір Украинада тұрып жатқан саясаткер Ермек Нарымбай «күн тәртібіне ірі мәселе шығармай, әншейін бірігу үшін бірігу» – бекершілік деді. Белсенді Болатбек Біләлов әуелі кеңестің мақсатын айқындап алған дұрыс, одан кейін сәйкесінше нақты мәселелерді шешуге тырысу керек деген ұсыныс айтты.
Жиыннан кейін Рысбек Сәрсенбайұлына хабарласып, кеңеске қатысты пікірін білген едік. Ол Тоқаевтың «Ұлттық кеңесінің» азаматтық қоғам арасындағы «көлеңкесіне» балайтын 17 наурызда бас қосқан кеңесті Назарбаев «кеткен жылғы» президент сайлауы қарсаңында құрылған «Жаңа Қазақстан» ұйымына ұқсатады.
«Ұлттық кеңес мен қауіптенгендей, билік жағынан болған нәрсе. Солардың ұйымдастыруымен болған дүние. Бұл Тоқаевтың «Ұлттық кеңесі» сияқты халық ішінен жасауға тырысқан көлеңкелі нұсқасы. Мәселе – шынайылықта. Мұның барлығын уақыт ашып көрсетеді ғой. «Неге бірікпейді, қалай біріктіреміз?» деген шын жанашыр азаматтар бар ғой, бұл сондай азаматтарды өздерінің уысына түсіру сияқты маған. «Жаңа Қазақстан» сайлауға дейін бір жарым, екі жыл бұрын құрылды ғой. Бұл да сол сияқты нәрсе. Алдағы уақыттардағы және бүгінгі күнгі көкейтесті мәселелерде халықты бөлу үшін, барлығы бір мақсатқа қосылып кетпеуі үшін жасап отыр бұны. Шын мәнінде, алғашқы жиыннан-ақ нағыз күрескерліктің рухы көрінбеді. Нұржан сауатты, білімді, жақсы жігіт шығар, бірақ мен одан шынайы күрескерлік пен саясаткерлікті көріп тұрғаным жоқ. Ол Құлыбаевтың қарауындағы кәсіпкерлер палатасында біраз істеді, шыққан жері – сол. Тапсырмамен келген адам ғой. Ең алғашқы саяси өткір көзқарасы – былтыр пандемияға байланысты Мамин есеп берсін деп талап қойғаны болмаса, былайғы оппозициялық бейнесі иландырмады. Мұндай адамдарға сену – өте қиын, ал сеніп алданып қалса – одан да қиын. Қосановтан кейін сан соғып қалған халық бұл жолы тағы да алданса, онда күрес мәні жоғалады. Залалы осы. Жалпы кеңес Әлтаевсыз, басқадай тәуелсіз адамдармен құрылса, жеке басым қолдар едім. Қазақстанда қанша партия, қанша қозғалыс болса да көптік етпейді. Керісінше олардың саны көп болғаны жақсы, саннан сапа шығар еді», – дейді Сәрсенбайұлы.
«Оппозицияның ұлттық үйлестіру кеңесінің» отырысына қазір шетелде тұрып жатқан саясаткер Әкежан Қажыгелдин, тіркелмеген Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай және т.б шақырылған. Бірақ олар жиынға келмеген.
Былтыр қараша айының аяғына қарай Мәжіліс сайлауының қарсаңында «Нұр Отан» фракциясының құрамынан шықпай жатып жаңа тәуелсіз партия құратынын мәлімдеген Нұржан Әлтаев Тимур Құлыбаев басқаратын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында түрлі деңгейде басшылық лауазымда қызмет еткен. Кейіннен бірер жыл ауылшаруашылық және еңбек вице-министрі орындарында болған. 2019 жылғы ақпан айынан бастап 2020 жылғы қараша айына дейінгі шені – Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының депутаты.
Осылайша ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте болған Әлтаев ендігі жолын оппозицияға жалғарына сендірмекке тырысуда. Ол биыл 21 қаңтарда азаматтық қоғамға ресми үкіметке «балама үкімет» құру жайлы ұсыныс жасаған. 30 күнде «халықтық кабинет» жасақтауды жоспарлаған бастамадан әзірге хабар жоқ.