Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасының басшылығы редакция сұрағына орай ҚазҰУ жерінің жекенің қолына өткені жөніндегі дауға нүкте қойылғанын хабарлады.
Басқарма басшысы Ардақ Самамбетов 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмысы туралы екі айдан кейін өткізген баспасөз жиынында:
«2017 жылы ҚазҰУ-дың келісімімен 75 соттық жер OMIREX компаниясына берілген болатын. Содан бері тиісті соттар өтті. Соттың шешіміне сәйкес, жердің барлығы заңды берілген. Бұл мәселе жабылған. Себебі жер ҚазҰУ-дың келісімімен берілген. 2017, 2018 жылдары ҚазҰУ-дың келісімен тиісті қаулы қабылданған. ...Сот нүкте қойды. Соттың шешімі орындалуы керек. Биыл мамыр айында сот шешім шығарды. Бұл бойынша жердің берілуінің заңдылығы нақтыланды», – деді.
Биыл қыста БАҚ өкілдері Алматы қаласында орналасқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығының аумағындағы жердің бір бөлігі бастапқыда уақытша жалға алынып, кейіннен жекенің қолына өтіп кеткені туралы жазып-хабарлаған еді. Жерді пайдалануға алған компания да, университет те алғашында мұны жоққа шығарған. Кейіннен компания ақпарат құралдарындағы зерттеулерден кейін наурыз айында ақпаратты растаған. Компания аталған аумақта бизнес орталығы салынатынын және абаттандыру жұмысы жүретінін мәлімдеген.
Бұл деректі білім министрі Асхат Аймағамбетов ЖОО-ға тиесілі жер учаскесінің шамамен 0,8 гектарға азайғанын растады. Министрліктің жұмыс тобы cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлескен тексерісі аяқсыз қалған. Мұны азаматтық қоғам белсенділері жердің қазіргі қағаз жүзіндегі иелерінің бірі ықпал еткен болуы мүмкін деп топшылайды.
Дау өршіген ақпан айында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев оқу орнының жері жекеменшікке берілмейтінін айтып, «қазір университет қарамағындағы жер телімінің бәрі университеттің өз құзіретінде» деген еді. Алайда маусымда сот шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Қолданыстағы тәртіп бойынша, оқу орны жерін басқаға бергісі келсе, әкімдікке ұсыныс жасауы керек. Қалашықтың шұрайлы жері жалға, артынан жекеменшікке өткен кезде де университеттің 11 жыл басқарған ректор Ғалымқайыр Мұтанов болған. Ол қоғамдық резонанс тудырған шу кезінде орнынан кеткен. Төрт жыл бұрын сол кездегі ректор, әкім мен әкімдік жалға берілген жерді меншікке қалай заңдастырғаны қазірге дейін белгісіз.
Осыған дейін ақпарат құралдары бұл жер телімінің экс-президент Назарбаевтың күйеу баласы, елдегі ең бай олигархтардың бірі Тимур Құлыбаевқа қарайтын компанияға өткенін хабарлаған.