Құқық қорғаушы, «Халықаралық құқықтық бастама» қорының басшысы Амангелді Шорманбаев сейсенбі күні Алматы қаласының әділет департаменті ғимаратының алдында рұқсат етілген жалғыз адамдық пикет өткізді. Акция авторының талап-уәжін Азаттық радиосы тыңдап көрген.
Белсенді құқық қорғаушы қазір сенатта қаралып жатқан «Адвокат қызметі және заңгерлік көмек» туралы заңға енгізілетін кейбір нормаларды алып тастауға шақырды. Оның пайымдауынша, «заңгерлер, адвокаттардың ісін реттеуге» бағытталған түзетулер шын мәнінде заңгерлерді мемлекетке бағындырмақ. Тәуелсіз сала мемлекетке бағынса, елде тәуелсіз заңгерлер қалмайды деп алаңдайды құқық қорғаушы.
«Заң жобасы бойынша жоғары құрылым – республикалық адвокаттар алқасы мен заң жөнінде кеңесшілердің республикалық палатасы құрылады. Біздің ойымызша, бұл құрылымдар төмендегі адвокаттық кеңселер мен адвокаттар және заңгерлер палатасын тәуелсіздіктен толық айыруды көздейді. Олар нені ұсынады? «Адвокат және заң қызметін жетілдіреміз» деген желеумен түрлі жарна енгізіп, қандай да бір ақпарат жүйелерін, деректер қорын тықпалап жатыр, оны пайдаланып, сол үшін ақша төлеу де міндетті болады» деді Шорманбаев.
Оның айтуынша, әр маман алқадан бөлек құрылатын орган – республикалық палатаға мүше болу үшін айына кемінде 1 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2917 теңге) көлемінде жарна төлеп отыруға міндетті. «Бостан-босқа айына 1 АЕК төлеу. Елде кемінде 9 мың заңгер бар. Республикалық палата кеңсесін кім үшін ашады?» дейді.
«2018 жылы қабылданған заң жобасында заңгерлер адвокаттар алқасы сияқты кеңесшілер палатасына кіруге міндеттелді. Жарайды, біз барлық заңгерлерді жинаймыз. Мыңдаған заңгер түрлі палаталарға мүше. Заңгерлер ұйымдаса алды және тәуелсіз болаып қала берді. Оларға (министрлікке – QT) бұл жеткіліксіз, енді заңгерлік кеңесшілер палатасының минималды мүшелігін 50-ден 200-ге дейін арттырғысы келеді. Неліктен? Өйткені мемлекеттің бақылауындағы түрлі топтардың бірігуіне жол бермей және оларды бұрынғы кәсіподақтар сияқты жою үшін», – деді Шорманбаев.
Амангелді Шорманбаев заңгерлердің президент пен сенатқа үндеу жолдап, заң жобасын кері қайтаруға күш салатынын мәлімдеген. Ол сонымен бірге БҰҰ-ның заңгерлерді қорғау, құқық қорғаушыларды қорғау және бірлесу еркіндігі жөніндегі арнайы баяндамашыларына жақын арада үндеу жолдайтынын хабарлады.