Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро мен «Халықаралық құқықтық бастаманың» жұмысын салық органдары үш айға шектеді. Сонымен қатар, аталған үкіметтік емес ұйымдарға 2 миллион теңге көлемінде айыппұл да салынды.

Ұйым директоры Евгений Жовтис: «Салық органының қызметкері істі қараған адамға көп жағдайды айтып отырды. Біз сол салық органы қызметкеріне сұрақ қоймақ болдық. Біз көптеген дәйек ұсындық, бірақ оны қабылдамады. Шешім әлі күшіне енген жоқ, мемлекеттік кіріс департаментіне шағым түсіруге он күн уақытымыз бар. Одан кейін сотқа барамыз, егер бұл істің саяси астары болса, үміт аз», – дейді.

Құқық қорғаушы мұның астарында саяси себеп жатыр деп есептейді. Қаулы әзірге күшіне енген жоқ. Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы бұл шешімнің үстінен кіріс департаменті, әкімшілік сотқа, қажет болса апелляциялық сот пен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданбақ.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы мемлекеттік органдардың әрекетін сынға алып, «репрессивті шаралар» деп атаған. Бұған дейін бірнеше үкіметтік емес ұйымдарды заңсыз тексеру жұмыстары жүргізілген. 15 қаңтарда Алмалы аудандық салық департаменті «Эхо» ұйымының қзыметін үш айға тоқтату және 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарған. Ал 19 қаңтарда астанадағы Есіл аудандық кіріс басқармасы «Еркіндік қанаты» ұйымына 277 мың теңге көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

"The Qazaq Times"