Қазақстан президенті Тоқаев Еуропарламенттің сыни қарарынан кейінгі Бас прокуратура өкілдерімен кездесуде былтыр көктемде үсті-үстіне асығыс қабылданған заң жобаларының бірі «Бейбіт митинг туралы» заңды «қоғамда ғана емес шетелдіктерге де түсіндіру керек» екенін айтты.
15 ақпан Бас прокуратура басшылығымен өткен кеңесте президент айтты делінген митинг жөніндегі пікірі сол күні емес, сейсенбі кешкісін жарияланды. Ақорданың баспасөз қызметі өкілі Берік Уәлидің Facebook желісінде хабарлауынша, Тоқаев:
«Былтырдан бастап Қазақстанда бейбіт жиындар өткізу туралы мүлде жаңа заң күшіне енді. Егер бұрын қолданыста болған заңда рұқсат алу процедурасы болса, жаңа заңда митинг өткізу туралы хабарласа жеткілікті. Сонымен қатар, ірі қалалардың орталықтарында бейбіт жиындарға, оның ішінде, наразылық акцияларын өткізуге арнайы орындар белгіленген. Бұл – біздің қоғамды демократияландыру жолындағы өте маңызды қадам. Бұл саясатты біздің қоғамда ғана емес, шетелдерде де түсіндіруіміз керек», – деген.
Тоқаевтың сөзі Еуропа Парламенті және халықаралық ұйымдар тарапынан Қазақстан билігіне сын күшейген шақта жарияланды.
«Жиын өткізгісі келетіндер жаңа заңға бағынуға міндетті, – дей келе, құқықтық теңдікке тоқталған – Азаматтардың билікке қатысты өз ойын білдіру, сыни пікір айту құқынан ешкім айыра алмайды. Бұл олардың конституциялық құқығы және ол қатаң түрде заң аясында орындалуы керек».
Өткен бейсенбі 11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған қарарында биліктің белсенділерге қысым жасайтынын, «үкіметтің саясатын сынайтын бейбіт наразылықтарды билік үнемі басып-жаншитынын» өткір сынаған. Еуродепутаттардың кейбірі адам құқығын бұзып отырған қазақстандық шенеуніктерге санкция салуды ұсынып, көпшілігі билікті «Бейбіт митинг туралы» заңды қайта өзгертуге шақырған.
Қазақстан Парлменті былтыр пандемия басталған көктемде қоғамның жеткілікті деңгейде қатысуынсыз «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң қабылдап, президент қол қойып жіберген. Жаңарған заңда ұйымдастырушы тарап жиын туралы билікке ескертіп, оның рұқсатын күту сынды ескі шектеулер сақталып қалды. Халық наразылық шарасын әкімдік бекіткен бірнеше жерде ғана өткізе алады.
Азаматтық қоғам белсенділері, оппозиция өкілдері мен құқық қорғаушылар заң өзгергенімен, елде бейбіт митинг өткізу үлкен машақат екенін айтады. Ақорданың «ескі заңда рұқсат алу процедурасы болса, жаңа заңда митинг өткізу туралы хабарласа жеткілікті» деген тәпсірі шындап келгенде толықтай анық емес. Себебі 2020 жылдың жазынан күшіне енген заң негізінде Қазақстанның әр аймағында әкімдіктер жиын өткізгісі келген белсенділердің өтініштерін жиі кері қайтарады.
Жуырда өткен сайлау күні полиция билікке талап айтып шыққан белсенділердің кейбірін ұстаса, арнайы жасақ азаматтық топтарды жеті-он сағат қоршауда ұстаған. Қандайда бір санкцияланбаған митингтер қарсаңында жер-жердегі белсенділердің үйін тінту, қамау, аңду жағдайы да биліктің әдетіне айналып келеді. Тіпті бәр адамдық пикетке шақырған не шыққандар да жиі ескету алып, сотталып жатады. Мәселен, Шыңжаңдағы бауырының хабарын сұрап, босатуын талап етіп Алматы қаласындағы Қытай елшілігінің алдына барған Байболат Күнболатұлы бірнеше тәулікке қамалды.
Осы тәрізді фактілердің жиілегенін ескерген Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы да осыған дейін Қазақстанның «Бейбіт митинг туралы» заңында кедергілер әлі көп екенін айтып, билікті заңды қайта қарауға шақырған еді.