Былтыр ХХІ ғасыр басталғалы Қазақстан тарихындағы «ең қасіретті» жыл болғанын жылдық өлім статитсикасынан байқауға болады. 2020 жылы 162,5 мыңнан астам адам өмірден өтсе, алдыңғы жылы статистика бұдан 30 мыңға кем еді.
Тоқаевтың екінші жолдауымен өткен күзде құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің қарамағына Экономика министрлігінен ауысқан Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, былтырғы адам өлімі алдыңғы жылдан кемінде 20%-ға артқан. Былтыр көз жұмған 163 613 адамның өлімі Қазақстан үшін жаңа жүзжылдықтағы ең жоғары көрсеткіш.
2020 жыл әлем халқы коронавирус пандемиясына ұшырап, өмір сүру салты айтарлықтай өзгерді. Жүз мыңдаған адам тікелей вирустың кесірінен қайтты. Соның арасында Қазақстан да денсаулық сақтау жүйесінің дайынсыздығынан «маусым-шілде қырғынына» тап болды. Салдарынан ауруханаларда маман, оттек қоры және науқастарды қабылдайтын орын жетіспей, ел дәріханалардың алдында сағаттар бойы қалың кезекте тұрды. Сабылған жұрт дәрі-дәрмекке дер кезінде қол жеткізе алмады. Тіпті жедел жәрдем қызметі жүктеменің ауырлауынан барлық шақыртуға үлгермеген күндер өтті. Дерт дендеген шақта ауруханалар мен емханаларда жоспарлы емделу-профилактика шаралары шетін қалып, созылмалы ауруларға шалдыққан басқа науқастар қажетті медициналық қызметтерден қағылғаны есімізде.
Үкіметтің жаздыгүні жол беріп алған «халықтық трагедияның» суық ізін шілде және тамыз айларындағы статистикадан анығырақ көрінеді. Шілдеде түрлі себептен 28 178, алдыңғы жылы дәл осы айда 12 420 адам қайтыс болған. Былтыр тамыз айында 2019 жылға сол аралықтағы уақытқа қарағанда 7358-ге артық өлім жағдайы тіркелген.
Денсаулық сақтау министрлігі әлемде пандемия режимі жарияланған күннен бері коронавирус статистикасын бірнеше рет өзгертіп, Тоқаевтан үш мәрте ескерту алған. Десе де әлі күнге дейін медицина саласындағы есеп толықтай жолға қойылмай келеді. ДДСҰ-ның шілде айындағы консультативті сынынан кейін 1 тамыздан бастап коронавирустан бөлек оның пневмониялық түрін (КВИ- немесе U07.2) есептеу қолға алынған еді. Алексей Цойдың командасы бұған дейінгі жарты жылдан астам уақытқа тиесілі, әдеттегіден үш есеге ұлғайған пневмонияның арасынан коронавирусты анықтауға құлықсыздық танытып, шынайы статистиканы қалыпқа келтіруден бас тартқан.
Ресми есеп бойынша, 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 199 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 48 мыңнан асып, жалпы ауырғандар саны 247.5 мыңға жеткен. Сонымен қоса, 2020 жылғы наурыз айынан бері Қазақстанда вирус жұққандардың 4278-і (КВИ+ / U07.1 – 2626, КВИ- / U07.2 – 591, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзінше, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Тәуелсіз сарапшылар мен белсенді дәрігерлер күрт өскен өлімнің басым бөлігі коронавирустан екенін айтады.