Соңғы уақытта алыс, жақын шет елдерде болып жатқан лаңкестік шабуылдарға ТМД және Орталық Азия елдерінің азаматтарының қатысы бар екендігі жиі айтылуда. Осыған байланысты бүгін біз Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстанға тоқталуды жөн көрдік.
Қазіргі таңда Орталық Азия елдері арасында Өзбекстан азаматтарының миграциясы өте күрделі мәселелердің бірі болып тұр. Өзбек еліндегі жұмыссыздық, саяси, діни ахуалдың ушығып тұруы, бұл елдің азаматтарының күн көріс қамымен Ресей, Қазақстан ,Европа мемлекеттеріне қоныс аударуына сепші болып отыр. Бірақ, өзбек азаматтары бұл елдерде жұмыс істеп қана қоймай, экстремистік ұйымдардың арбауына түсіп, түрлі лаңкестік шабуылдарға қатысып жатқандығы белгілі. Бұған дәлел Станбулдың «Ататүрік» әуежайында, Санкт- Петербор қаласының метросында (жарылыс жасаған Қырғызстан азаматы Ақборжон Жалиловтың ұлты өзбек), Швецияның Стокгольм қаласында жасалған лаңкестік шабуылдар. Аталған елдерде болған террорлық әрекеттердің барлығында өзбек елінің азаматтарының қатысы бар. Бұның себебі не де?. Неге Өзбекстан азаматтары радикалды бағыттағы ұйымдардың жетегінде кетуге бейім?. Осы және өзгеде сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Өзбекстанды 26 жыл басқарған Ислам Кәрімов өз кезінде елде қатаң тәртіп орнатқаны белгілі. Ол «алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп», оппозиция өкілдерінен бастап, діни ұйымдарға дейін қысым көрсетіп өз жүйесін құрды. 2005 жылы Әндіжандағы халық наразылығын күшпен басып, қанда төккен осы Кәрімов режимі еді. Ол кезде жергілікті кәсіпкер Акрам Юлдашевті «Хизб-ут-Тахрир», «Акромия» экстремистік топтарын басқарды деген айыппен қамауға да алған болатын. Бір сөзбен айтқанда Ислам Кәрімов Өзбекстанды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстауға барынша тырысты. Ал ол өлгеннен кейін ел іші мен сыртында не болды?. Жылдар бойы Ислам әкәнің «ұртоқпағының» арқасында көзден таса жүріп үйренген өзбек экстремистік топтары жандана бастады. Шет елдерде жүрген өзбек азаматтарын «Ислам мемлекеті» сынды ұйымдарға кіруге үгіт насихат жасай бастады. Бұл туралы сәуірдің 11-і күні Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) басшысы Александр Бортниковта айтқан еді. Алып қарулы күшке ие Ресейдің өзі лаңкестік шабуылдардың алдын ала алмай отырғанда, оңтүстік шекарадан күнде кіріп, шығып жүрген Өзбек мигранттарымен бірге лаңкестік топтарынан Қазақстан қалай қорғануы керек?.
Р. S. Билікке ара-кідік бас көтеріп жүрген еліміздегі террорлық топтарды күшпен басып, жаншып, кейін ұмытып кете бермей. Ресми Астанаға содан сабақ алып, елдің тәрбиесі, діни, рухани құндылықтарды насихаттау жұмыстарын мықтап қолға алған жөн шығар. «Ислам мемлекеті» сынды ұйымдарда жүрген Өзбекстан, Қырғызстан жалпы Орталық Азиядан шыққан лаңкестер Ақтөбе, Атыру, Тараздағы мылтық ұстауды білмейтін, теріс діни ағымдардың өкілдеріндей емес екені белгілі. Сол себепті «аурудың емін емес, ауырмаудың жолын іздеген» дұрыс шығар.
“The Qazaq Times”