Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Марат Сұлтанғазиев сәрсенбіде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «саяси қысымға» ұшырадық деген бейүкіметтік ұйымдардың мәселесі туралы айтты. Ол азаматтық қоғамның дамуына үлес қосып жүрген әртүрлі бағыттағы үкіметтік емес тәуелсіз ұйымдардың салық есептілігін тапсыру кезінде жіберілген техникалық қателіктердің «формальді» екенін және заң аясында жазаланатынын жеткізді.

 «Құқық бұзушылықтың осы құрамы формальды болып саналады – есепті ұсынбау не кей деректерді нақты көрсетпеу. Осы формалық негіздер бойынша, есепті ұсыну мерзімін бұзғаны немесе дұрыс ұсынбағаны үшін Әкімшілік кодексте әкімшілік айыппұл көзделгендіктен, айыппұл салатын боламыз», – деді Сұлтанғазиев.

Ол мұндай кемшіліктерді анықтаған тексеруші заңнама шеңберінде, яғни Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша хаттама жасауға міндетті екенін айтады. Ал кодексте айыппұлдан өзге қызметін уақытша тоқтату қарастырылған. Оның айтуынша, мұндай тексеріс тұрақты түрде жүргізіледі. Мәселен, 2018 жылы есептілікті ұсыну тәртібін бұзған 4 ҮЕҰ, 2019 жылы – 6 ұйым, ал былтыр – 16 ұйым анықталған көрінеді. Бірақ Сұлтанғазиев осы күнге дейін аталған ұйымдардың қайсыбірінің қызметі тоқтатылған я тоқтатылмағаны туралы сұраққа жауап бермеді. Сондай-ақ, ол бірқатар халықаралық ұйымдардың «саяси қысым», «келісілген шабуыл» деген сынын терістеп, жоққа шығаруға тырысты.

«Бізде 2018 және 2019 жылдары ғана емес, жыл сайын талап қою мерзімі шегінде де бұл жұмыс үнемі жүргізіледі. Сонымен қоса, халықаралық тәжірибеге жүгінетін болсақ, онда АҚШ, Ұлыбритания, Израиль сияқты дамыған елдердің де ҮЕҰ туралы заңнамасындағы нормалар біздікімен бірдей. Бұл ұйымдар басқа субъектілерге қарағанда барынша ашық және заңға мейілінше бағынуға тиіс. Келіп түскен қаржыны салық есебінде көрсетпегені үшін салынатын айыппұлдың көлемі айтарлықтай көп. Қателеспесем, АҚШ-та мұндай заң бұзушылыққа 10 мың долларға дейін айыппұл кеседі», – дейді комитет төрағасы.

Қазақстанның салық органдары, анығы мемлекеттік кірістер комитеті адам құқығын қорғайтын тәуелсіз ұйымдарды тексеруін тоқтатпады. Алда бірнеше ұйымның ісі сотта қаралмақ.

«Саяси қысымға» ұшырадық деген бейүкіметтік ұйымдардың қатарында әріптесіміз, MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүргізетін Орталық Азиядағы фактілерді тексеру бойынша алғашқы ресурс Factcheck.kz сайтына бірнеше ай қызметін тоқтату және  5,5 миллион теңге айыппұл салыну қаупі төніп тұр.

«Қате есепті қасақана бұрмалаудан емес, заңдық талаптың өзгеруінен кеткенін» айтқан ұйымдар мемлекеттік кіріс органдары қатені жөндеу мүмкіндігін елеместен, тәуелсіз ұйымдарды жазалауға бейіл екені байқалады деп есептейді.

«Органдар «заңбұзушылық» деп атаған бұл қателердің салық төлемдеріне не салық есебіне қатысы жоғын, келеңсіздіктен бюджетке ақша түспей қалмағанын, ешкімге залал келмегенін айта кеткен жөн. Ақпараттық сипаттағы есеп қылмыстық пиғылмен жасалған бұрмалау болмаса да, кесілген жаза тым ауыр. Заңға сай, мұндай заңбұзушылық бойынша кейінгі 2 айдағы әрекет үшін ғана әкімшілік жазаға кесуге болады. Бірақ салық органдары бұл істі «салық заңбұзушылығы» ретінде қарастырып, кейінгі 5 жылды тексеріп отыр», – делінген Factcheck.kz сайтының хабарламасында.

«Салық органдарының қоғамдық ұйымдарға мұндай қатынасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтқан «азаматтық қоғамды дамыту» туралы мәлімдемесі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің президент тапсырмасымен 2025 жылға дейін Азаматтық қоғамды дамыту концепциясына деген сенімді азайтады». © Factcheck.kz 

Осыған дейін бірнеше халықаралық ұйым мен дипломатиялық миссия ахуалға алаңдаушылық танытып отырғанын мәлімдеген.

"The Qazaq Times"