Қырғызстан президенті ретінде қызметіне кіріскен Садыр Жапаров сыртқы саясатта АҚШ, Еуроодақ, Түркия және Қытаймен байланысты нығайтуға баса назар аудармақ. Алдағы жоспарларына тоқталып өткен ол көршілес Қазақстанға ерекше алғыс білдірді.
Елдің сыртқы қарызы 5 миллиард долларға таяп қалғанын еске салған қырғыз президенті экономиканы дамыту керектігін айтты. Сонымен қатар, Қырғызстан мүшелік ететін Еуроазиялық экономикалық одақ сынды ұйымдармен ынтымақтатықты дамытпақ. Ал ішкі саясатта Жапаров шетелде еңбек етіп жүрген азаматтарын отанына қайтару үшін жаңа жұмыс орындарын құруға уәде берді. Бұл мақсатта ең алдымен энергетика саласында ірі жобалар жүзеге асырылмақ.
Ұлықтау рәсімінде ол: «Барлық патриоттар секілді мен де Қырғызстан экономикасы дамыған, адам құқықтары мен заң үстемдігін сақтайтын және жастары болашаққа зор сеніммен қарайтын елге айналғанын армандаймын. Қырғызстанда болып жатқан жағдайға өз алаңдаушылығын білдіріп, қиын кезде бізге көмек көрсеткен елдерге, әсіресе, Ресейге алғысымызды айтқымыз келеді. Сондай-ақ пандемия кезінде бізге жәрдем берген көрші Өзбекстан мен Қазақстанға шын жүректен рақмет айтамын», – деді.
Президент ретінде алғаш сөз сөйлеген Жапаров мойнына «өте ауыр жауапкершілікті» алып отырғанын атап өтті. Елдің қиын жағдайда тұрғанын еске салып, мемлекет бюджетінің қысқаруы, мемлекет қарызының өсуі, энергетика саласындағы дағдарыс мәселелеріне тоқталған. Халықты мәселелерді бірігіп шешуге шақырған.
52 жастағы Жапаров – авторитар басшылардың ұзақ жыл билікте отыруы дәстүрге айналған Орталық Азиядағы қазіргі ең жас президент. Ол билік басына келгенде Конституцияға өзгерістер енгізетіні айтқан. Дегенмен, Human Rights Watch ұйымы мен бірқатар заңгер қазіргі парламент сайлауының мерзімі өтіп кеткенін, сол себепті оның Конституцияға өзгеріс енгізу туралы бастама көтере алмайды дейді. Ал жергілікті сарапшылар Садыр Жапаровтың президенттік басқару формасына өту бастамасы елді Орталық Азияның өзге елдеріндегі секілді авторитарлық режимге әкелуі мүмкін деп алаңдайды.
Мәліметтер бойынша, бастапқыда президенттің инаугурациясына 15 миллион сом бөлінген. Бірақ бұл шығын Садыр Жапаровтың талабымен 8 миллион сомға дейін қысқартылған. Сондай-ақ ол көшелерді жауып, ұлықтау рәсіміне сәулетті автокөліктер керуенімен келуден бас тартқан. Кезінде Құрманбек Бакиевтің ұлықтау рәсіміне 20 миллион сом жұмсалғанын жазған сарапшылар «Жапаров экономикасы қыл үстінде тұрған Қырғызстандағы шығындарды қазірден бастап азайтып жатыр» дейді.
Кеше салтанатты шараға шетел басшылары мен БАҚ қатыстырылған жоқ. Шарада елде жұмыс істейтін шетел дипломаттары, жергілікті саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері болды. Ал Қазақстаннан қазіргі емес, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев шақырылған. Алайда Назарбаевтың өзі шарада бой көрсетпеді. Оның құттықтау хатын рәсім кезінде Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев оқыды.
Биыл 10 қаңтарда Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы мен референдум өтті. Сол күні азаматтар президенттік басқару формасын таңдады. Мемлекет басшысы лауазымына 17 үміткер болды. ОСК ақпарат бойынша, деректерді өңдегеннен кейін Садыр Жапаров учаскелердің 79%-дан астам дауыс жинады. Сайлаушылардың 80%-дан астамы президенттік басқаруды қолдады.
Сайлаумен қатар, мұнда елдегі басқару формасы бойынша референдум өтті. Нәтижесінде Қырғызстан сайлаушылары президенттік басқару формасын қолдады. Бұл нұсқаны референдумда дауыс бергендердің 81%-ы мақұлдаған. Осылайша, Садыр Жапаров дағдарыста қалған Қырғызстан билігін қолына алды.