Ошағы Қытайдың Ухань қаласынан басталған коронавирусты жұқтырғандар саны әлем бойынша 99,1 миллионға жетті. Ал желтоқсанда анықталған «британдық штамм» – вирустың мутацияланған түрі тез таралып барады. Сол себепті Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде екінші деңгейлі локдаун енгізіліп, карантин шектеулері қатаңдатыла бастады. Жаппай вакцинациялау басталған елдер «COVID-төлқұжат» енгізу мәселесін талқыға алған.
Вакцина қабылдады деген құжатты енгізуге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қарсылық білдіргенмен, Еуроодақ елдері мен Ресей бұл мәселені қарастырып жатыр. Мәселен, Испания билігі бастаманы қолдайтынын жеткізді. Өйткені ел экономикасы туризмге тәуелді.
Былтыр Испанияның саяхат саласы соңғы жарты ғасырдағы ең ауыр жылға тап болды. Пиреней түбегіне келген шетелдік саяхатшылар саны 80 процентке азайған. Грекия билігі де осындай сертификат енгізу бастамасын қолдап отыр. Себебі эллада елінде де туризмнің экономикадағы үлесі жоғары. Қолдаушылар қатарында Польша мен Дания да бар. Еуроодақтағы Франция мен Румыния билігі керісінше, бұл идеяны құптамайтындарын айтқан.
Аталған құжат вакцинациялау туралы анықтаманы алмастырады. Қолында тиісті құжаты бар адамның шетелге шығуы жеңілдеп, өзге елден оралғанда карантинде отырмайды.
Әлем елдері мен түрлі ұйым өкілдері «ковид-төлқұжатты» талқылап жатқанда АҚШ-та «Майкрософт», «Оракл» бірлестігі бастаған бірқатар компания адамдардың індетке қарсы егілгенін тіркейтін жаңа цифрлық жүйе құруды бастап кетті. Бірнеше компания бірлесіп қолға алған жоба «Вакциналауды тексеретін бастама» деп аталады. Мақсат – азаматтардың егілгені жайлы ақпаратты жедел алуға жағдай жасау. Жаңа жүйеге сәйкес мәліметтер электрондық әмиянда сақталады. Смартфондары жоқ адамдар мәліметтерді арнайы кодпен ала алады.
АҚШ-та бүгінге дейін 25,2 миллион адам дертке шалдыққан. Өткен аптада ғана президенттік қызметіне кіріскен Джо Байден барлық тұрғындарды тегін вакцинациялау мәселесін қолға алған. Мәліметтер бойынша, Байденнің ұлықтау рәсімінде Капитолийді күзеткен Ұлттық гавардияның 200-ден астам сарбазының ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен.
Вирустың жаңа түрі тіркелген Германияда карантин шектеулері қатаңдатылды. Жаңа шектеулер «қауіп-қатер аумағы» деп танылған 20-дан астам мемлекетке қатысты қолданылады. Тізімде АҚШ, Испания, Португалия, Египет, Израиль, сондай-ақ Балтық жағалауы елдері бар.
Бүгіннен бастап Германияда тұрғындар қоғамдық орындар мен дүкендерде тек бетпердемен жүруі тиіс. Бұрынғыдай бетті орамалмен тұмшалауға болмайды.
Франция президенті Эммануэль Макрон мен Америка президенті Джозеф Байден Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) аясында пандемиямен күресте бірлесу туралы келісімге келді. Өткен аптадан бастап мұнда да карантин шектеулері қатаңдатылды.
Ұлыбритания қазір COVID-19-ды күнделікті жұқтыру көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орында тұр. Вирустың мутациялық түрін жұқтырған науқастардың арасындағы өлім-жітім 30%-ке ұлғайған. Ел премьер-министрі Борис Джонсон Pfizer және AstraZeneca вакциналары жаңа штамға қарсы емдеу ісінде тиімді екенін айтты.
Жаңа Зеландияда екі айда алғаш рет бір кейс тіркелді. Қазір науқас карантинге жатқызылған. Жалпы елде 2 283 жағдай тіркеліп, 25 адам ажал құшқан.
Бельгия билігі 27 қаңтардан бастап міндетті емес шетелдік сапарларға 1 наурызға дейін уақытша тыйым салды. Коронавирустың тез жұққыш жаңа штамдары анықталған Ұлыбритания, Оңтүстік Африка Республикасы және Оңтүстік Америка елдерінен келушілер 10 күндік карантинге жабылады. Кез келген жиналыс пен той-домалақ өткізуге болмайды. Ғибадатханалардың жұмысына да шектеу қойылды.
Португалия үкіметі елде коронавирустың британиялық штамын жұқтыру саны күрт өскендіктен, мектептер мен университеттерді жабылды. Сонымен қатар, Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты. Мұнда жаңа штамды жұқтыру 20%-ға өскен. Жалпы 10 миллион халқы бар Португалияда індет басталғалы 600 мыңдай адам коронавирусты жұқтырып, 9700 дей адам одан қайтыс болған.
Түркияда вакциналау науқаны 14 қаңтарда басталды. Содан бері 1 миллионнан астам адам екпе салдырған. Препаратты бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен қарттар қабылдап жатыр. Бүгінге дейін Түркияға «Корона-вак» вакцинасының 10 миллионға жуық дозасы жеткізілген.
Эпидемиологиялық ахуалы нашар елдердің бірі – Үндістан. Мұнда күніне 13 мыңға жуық кейс тіркеліп жатыр. Қазір Үндістанда екі вакцинаны қолдануға рұқсат етілген. Оның бірі оксфордтық екпе болса, екіншісі жергілікті вакцина. Билік тағы 4 екпені қолдануды көздеп отыр. Ел аумағында 3 мыңға жуық екпе орталығы ашылған. Нью-Делиде олардың саны 80-нен асады. Алдағы аптада тағы 5 мың, ақпан айында 12 мыңы ашылады.
26-31 қаңтар аралығында Израильде халықаралық әуе қатынасы тоқтатылмақ. Жергілікті тұрғындар осы аралықта тек бірнеше себеппен ғана шетелге шыға алады. Солардың қатарында емделу, сот ісіне не жақын адамының жерлеу рәсіміне қатысу не басқа мемлекетке қоныс аудару. Сонымен қатар билік шетелдік жүк ұшақтары мен жедел жәрдем ұшақтарын қабылдауға да рұқсат берді.
Осы аптада Гонконгтың кей аймақтарында локдаун енгізілді. Уақытша карантин 48 сағат ішінде тұрғындардан коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін енгізілген. Осыған байланысты 10 мың тұрғынның сыртқа шығуға тыйым салынды. Гонконгта тұтас ауданда локдаун алғаш рет жарияланып отыр. Індет тараған аймақта осы айда 162 адам COVID-19 жұқтырған.