АҚШ Ресейге енгізілген санкциялар тізімін кеңейтті. Атап айтқанда, «Солтүстік ағын-2» газ құбырын салуға қатысатын «Фортуна» кемесіне және оның иесі «КВТ-Рус» компаниясына қарсы шектеулер енгізді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі хабарлады.
АҚШ ресми өкілдерінің ойынша, газ құбыры экономикалық жобадан гөрі, саяси құралға қаттырақ ұқсайды; бұл құрал Кремльге Украина мәселесін айналып өтіп, Еуропаны қақ жаруға мүмкіндік береді. Ал Ресей АҚШ-тың өзін айыптап, санкцияны «қару» ретінде пайдаланып, өз газы мен мұнайына жаңа нарық ашқысы келеді дейді.
«Санкциялар арқылы Американың қарсыластарына қарсы тұру туралы» (CAATSA) заң бойынша жүзеге аспақ. Яғни қара тізімге ену – АҚШ-тағы активтерді тоқтату және ресейлік кәсіпкерлермен байланысқа тыйым салынады деген сөз.
Бастапқыда 2020 жылдың басында аяқталуы тиіс болған газ құбырының құрылысы бір жыл бұрын АҚШ билігінің санкциясынан кейін тоқтап қалған. Құбыр төсеумен айналысып жатқан шетелдік кемелер санкция тізіміне кіруден қорқып, жобаны жалғастырудан бас тартқан. Құны бірнеше миллиард доллар болатын бұл жоба Ресейден Германияға баратын газдың көлемін екі есе арттыра алады.
Сонымен қатар, АҚШ билігі сейсенбіде жеке және заңды тұлғаларды да санкция тізіміне қосты. Ресейде орналасқан «Рустанкер» компаниясы, оған тиесілі «Сьерра» танкері, сондай-ақ «Максим Горький» танкеріне де шектеу енгізілді.
«Фортуна» баржасы 15 қаңтардан бастап Германияның «Росток» портына қойылған. Бұған дейін Дания теңіз басқармасы «Фортуна» баржасы, «Балтық зерттеушісі» жабдықтау кемесі және «Мурман» кемесі 15 қаңтардан бастап Данияда газ құбырының құрылысын бастайды деп хабарлаған болатын. 2020 жылдың желтоқсанында Nord Stream 2 AG жобасының операторы «Фортуна» баржасының көмегімен Германияның ерекше экономикалық аймағында 2,6 км құбыр салуды қайта бастаған. Қазіргі уақытта газ құбырының 94%-ы салынды.
АҚШ билігінің сөзінше, Nord Stream 2 құбыры Батыс пен Ресей қарым-қатынасы қиындаған тұста Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді дейді. Қарым-қатынастың қиындауына Қырымды аннекциялау, Кремльдің сыншысы Алексей Навальныйды улау істері түрткі болып отыр.
5 желтоқсанда АҚШ-тың Берлиндегі елшілігі Германияны газ құбырын салуды тоқтатуға шақырған.
«Солтүстік ағын» газ жобасының екінші кезеңінің салынуына Еуроодақтың бірқатар елдері қарсы шығып отыр. Әсіресе Орталық және Шығыс Еуропа елдері. Тіптен бұл жобаға тыйым салуға барын салып жатыр. Атап айтқанда, Польша, Украина және Балтық жағалауы елдері газ құбырына үзілді-кесілді қарсы шықты. Украина Nord Stream 2 құбыры Ресей газын Еуропаға айналма жолмен жеткізіп, Украинаны транзит ақысынан айырады дейді. Қазір Ресей газы Украина территориясынан өтеді. Киев осы үшін ақы алады.