АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының өкілдері Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкенге ресейлік «Солтүстік ағын-2» жобасына санкция енгізуді ұсынды. Заң шығарушылардың ұсыныс хатын Комитеттің баспасөз қызметі жариялады.
Конгрессмендер өз хатында АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ресейге енгізілген санкциялық тізімге аталған жобаны да қосуды сұраған. Өткен аптада Мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Нед Прайс газ құбырын шектеуге қатысты келесі есеп мамырда АҚШ Конгресіне ұсынылуы керектігін ескертті. Хатта республикашылар сыртқы саясат ведомствосы жоба бойынша жұмыс істеп жатқандығына байланысты санкциялар енгізілуі мүмкін компаниялардың тізімін ертерек беруді талап еткен.
«Солтүстік ағын-2» жобасы Балтық теңізі арқылы Германияға жалпы қуаты 55 млрд текше метр болатын газ құбырының екі желісін салуды көздейді. 2019 жылдың желтоқсанында Швейцарияның Allseas компаниясы АҚШ-тың санкциясына байланысты құбыр жұмысы тоқтатылды. Бірақ 2020 жылдың желтоқсанында Nord Stream жобаны қайтадан бастады.
3 наурызда АҚШ Навальный ісіне байланысты Ресейге қарсы санкция енгізіп, экономика, қорғаныс саласында көмек көрсету бағдарламаларын тоқтатты. Санкция 1991 жылы қабылданған «Химиялық және биологиялық қаруды бақылау және оны қолдануға тыйым салу туралы» заң аясында жүзеге асып отыр. Санкциядан кейін Ресейге шетелдік әскери қаржыландыруды көздейтін АҚШ-тың барлық бағдарламсы күшін жойды. Вашингтон, сонымен бірге, Мәскеуге АҚШ үкіметінің министрліктері мен басқармалары, оның ішінде экспорт-импорт банкі арқылы несие немесе басқа қаржылық көмек беруден де бас тартады. Америкадан Ресейге «Ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды тауарлар мен технологияларды экспорттауға» да шектеулер енгізілуде.