АҚШ президенті Джо Байден мен Германия канцлері Ангела Меркель «Уашингтон декларациясына» қол қойды.
Тараптар «Солтүстік ағын-2» жобасына да арнайы тоқталды. Екі ел басшысы аталған жоба бойынша Украина газ дәлізі ретіндегі мәртебесін сақтауы керек деп, Ресейге энергетиканы қару құралы ретінде пайдалануға жол бермейтінін кесіп айтты.
Уашингтонда өткен жиында АҚШ президенті Джо Байден: «Солтүстік ағын-2» жобасы бойынша менің ұстанымым бұрыннан белгілі. Жақсы достарымның көзқарасы бөлек болуы мүмкін. Газ құбырының құрылысы 90%-ға дейін салынған болатын. Сондықтан санкциялар енгізудің еш мәні болмады», – деді.
Ақ үй басшысының айтуынша, бұл құжат екі елдің демократиялық қағидаларды берік ұстанатынын бекітеді. Онда ГФР мен АҚШ НАТО-ны Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған әскери ұйым деп есептейді. Сондай-ақ тараптар экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты бірлесе дамытуға уағдаласты.
«Солтүстік ағын-2» құбыры Ресейде өндірілген табиғи газды Украина мен Польша жерінен айналып өтіп, Балтық теңізінің табаны арқылы Батыс Еуропаға жеткізуге арналған.
Уашингтон мен Шығыс Еуропа елдерінің көпшілігі Ресейден Германияға тікелей тасымалданатын газ көлемін екі есе арттыруға арналған «Солтүстік ағын–2» құбыр жобасы Батыс Еуропаны Ресейдің табиғи энергия ресурстарына тәуелділігін бұрынғыдан да күшейте түседі деп қауіптенеді.
"The Qazaq Times"