19 қаңтарда коронавирус жұққан 1134 адам, 18 қаңтарда коронавирус пневмониясына шалдыққан 118 адам анықталған. Қазір елде 25 мыңнан астам адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 13 404, U07.2 немесе КВИ- бойынша 11 643) ауырып жатыр.
#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – астана (198), Павлодар (151), Алматы қаласы (112), Ақмола (108), Алматы (92), СҚО (76), Атырау (74), Қарағанды (72) облыстарында. Өткен тәулікте 948 адам ауруынан айғып шығып үйіне жіберілген, сондай-ақ 8 адам өмірден өткен.
#U07.2 Дүйсенбі күні, яғни қаңтардың 18-і коронавирус пневмониясына жататын 118 науқас және 3 өлім жағдайы тіркелген. Ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін пневмониядан айыққандар саны 149-ға артты.
#Жалпы Тәуліктік көрсеткіш күн сайын артып келеді. Қаңтардың 13-інен бері тәулігіне ұдайы 900-ден кем емес кейс анықталуда. Мәселен, дүйсенбі күні 1117 науқас анықталған.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 25 038 науқастың 6522-сі ауруханада, 18 516-сы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 307 науқастың арасында 61 адамның жағдайы қатты қиындаған. 34 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. 26 желтоқсаннан бастап министрлік кемшілігін мойындап, ресми хабарламаның формасын өгертті. Статистиканың пневмонияға қатысты мерзімін көрсетіп жариялауға көшті.
(!) Пандемия модераторы – министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтарға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.
The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ең шынайы нұсқа деп санайды.
Осыған дейін 9 желтоқсан денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар-дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау кезеңін биыл қаңтар және ақпан айларына сәйкес келеді деп болжаған. Алайда министр Алексей Цой сейсенбі күнгі үкімет отырысында бұл болжамды жаңартты. Оның сөзінше, наурыз айының соңына қарай жағдай қиындап, жұрт кезекті шарықтау кезеңін (былтырғы «маусым-шілде қырғынан» – QT) өткеруі мүмкін.
13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 171 мыңнан асса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 47 мыңға жуықтаған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 216 мыңға, ал Ұлттық статистикада 218 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Халықаралық ұйым туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар мен қайтқандар, айығып шыққандардың аймақтардағы көрсеткіші күнделікті жарияланады, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріледі. Коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі есеп министр о баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, он күнде бір рет, оның өзінде ведомство сайтына файл форматында жүктеліп келеді.
Әзірге вирус таралу қатері жағынан астана, Ақмола, Атырау, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстары – қызыл; БҚО, ШҚО, Алматы және Қарағанды өңірлері – сары аймақта тұр.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3914-і (КВИ+ / U07.1 – 2431, КВИ- / U07.2 – 545, ілеспе аурулардан – 938) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 938 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қоғамда былтырғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізімінде 51-ші орында тұр.