Биліктің ауысуына әкелген толқулардан кейін демократияға бір табан жақын Қырғызстанда президент сайлауы өтті. Нәтижесінде елдің алтыншы президенті болып 52 жастағы Садыр Жапаров сайланды. Ол 79,12% дауыспен жеңіске жетті. Жапаровтың жеңісінен кейін «сәттілік феномені» деп бағаланған сайлаудың посткеңестік елдердегі саяси додалардан айырмашылығы аз. Мұнда да Қазақстандағыдай «ақылы нұрботтардың» белсенділігі мен заңға қайшылық байқалды. Сондай-ақ екі елде де президенттікке үміткер негізгі фигура сайлауалды дебаттарға қатысқан жоқ.
Сайлаумен қатар, мұнда елдегі басқару формасы бойынша референдум өтті. Нәтижесінде Қырғызстан сайлаушылары президенттік басқару формасын қолдады. Бұл нұсқаны референдумда дауыс бергендердің 81%-ы мақұлдаған. Осылайша, Садыр Жапаров дағдарыста қалған Қырғызстан билігін қолына алды.
Пандемия, карантин және биліктің ауысуынан кейін ІЖӨ 8,1%-ға қысқарып, Қырғызстан экономикасы құлдырады. Сонымен бірге, елдің ең ірі несие берушісі Қытай қарыз бойынша төлемді тек 2020 жылға және қосымша сомаға кейінге қалдыруға келісті. Бұған дейін президенттікке үміткерлер арасында өткен екі дебатқа да Жаппаров қатысқан жоқ. Пікір сайыс барысында Садыр Жапаровтың Қытаймен астыртын байланысы бар болуы мүмкін деген ойдың ұшын Қанат Исаев ортаға тастағаны көп талқыға шоқ тастады. Ол бұған дейін «Қытай тыңшысы болуы мүмкін» делінген ЖК депутаты Әділ Жүнісұлы мен Садыр Жапаровтың байланысын жіті тексеру керек деген пікірін айтқан болатын.
Елдегі сайлаудан кейін ЕҚЫҰ-ның ресми өкілі: «Біз заңнамалық база тең сайлауды қамтамасыз ететінін және түбегейлі бостандықтар сақталатынын анықтадық. Науқанның өзінде бір ғана кандидат басым болды. Ол пропорционалды емес қаржы және әкімшілік ресурстарды пайдалану арқылы артықшылыққа ие болды. сол себепті ЕҚЫҰ бұл күресті шынайы өтті деп санамайды», – деп мәлімдеді.
Қырғызстанда президент алты жылға бір-ақ мерзімге сайланады. Алайда бұрынғы президент Сооронбай Жээнбеков қазандағы халық толқуынан кейін биліктен ерте кетуге мәжбүр болды. Үш жылға таяу президент болған оның тағы да үш жылдан аса мерзімі қалған еді.
Парламенттік сайлаудан кейін болған қақтығыстар кезінде 11,5 жылға сотталған Жапаров түрмеден босатылған. Кейіннен ол күтпеген жерден наразылық акциялаының жетекшісі, содан кейін премьер-министр және президенттің міндетін атқарушы болды.
Биліктегі тосын өзгеріс
Жапаров өз кандидатурасын ұсынған кезде қоғамдық пікір жақтаушылар мен даттаушылар боп екіге бөлінген. Бірқатар сарапшылар президент сайлауын заңды деп санамайды. Себебі бұл – посткеңестік елдерде қалыптасқан үрдіс. Және сайлаудың мерзімінен бұрын өткенін, оның тағайындалуы Конституцияға немесе заңға толық сәйкес келмегенін ескеруіміз керек. Демек бұл Жапаров пен оның жақтастарының «билікті иемдену және ескі жүйені жалғастыру» әрекетінің бір парасы деуге негіз бар.
Заңгерлер де Жапаровтың конституциялық реформасын, сондай-ақ басқару түрінде референдум өткізуді заңсыз деп санайды. Бұған дейін Еуропадағы Венеция комиссиясы парламенттік сайлауды референдум мен конституциялық реформадан кейін өткізуді жоспарланғаны үшін Қырғызстан билігін сынға алған.
«Контекст» саяси бағдарламасының авторы Азим Азимов сұхбаттарының бірінде: «Жапаров өз кандидатурасын толықтай бақылауға алды. Іс жүзінде өз мерзіміне қызмет еткен Парламент оны қолдайды, ал негізгі лауазымдарда қазір оның жақтастары мен жақын серіктестері бар. Осы тобының көмегімен ол әкімшілік ресурсқа оңай қол жеткізе алады», – дейді.
Ал жаңа президентті жақтаушылардың пікірінше, Жапаров «Кумтор» ірі алтын кен орнына қатысты мәселеде шынайы зерттеуді талап еткені үшін саяси қудалауға ұшыраған. Бейне үндеулерінде ол билікті ашық сынға алып, жүйеге қарсы екенін білдірген.
Жапаров саясатқа жаңадан келген адам емес. Еңбек жолын 2005 жылы аудан депутаты болып бастаған ол біраз уақыт бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің кеңесшісі болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссар лауазымына ие болған.
2010 жылғы жаппай наразылықтар кезінде және 2 мыңнан астам адамның өмірін қиған елдің оңтүстігінде болған этникалық қақтығыс кезінде Жапаров бітімгершілік миссиясына белсенді қатысты.
Қырғызстандағы «Нұрботтар»
Жапаровтың жақтастары мен қарсыластары арасындағы «ірі тартыс» әлеуметтік желілерде жиі болады. Сарапшылардың пікірінше, олардың арасында әлеуметтік желілерде көптеген боттар мен ақша төленетін «желі белсенділері» бар. Мәселен, Жапаровтың «Фейсбуктегі» қолдау тобының бірінде 166 мың адам бар. Бұл – қырғыз тіліндегі ең ауқымды аудиторияға ие аккаунт. Ал Жапаровқа қарсы топта небәрі 11 мың адам бар.
Ақылы комментаторлардың оппозиция мен белсенділерге интернетте «шабуыл» жасауы Қазақстан үшін де қалыпты жағдайға айналған. Елді 30 жылға жуық басқарып, саясаттағы үстемдігін сақтап қалған Н.Назарбаев пен оның партиясына ортақ құбылыс – «нұрботтар» ретінде белгілі. Олар әлеуметтік желіде фейк аккаунттармен шенеуніктердің мәлімдемелеріне пікір жазып, тұңғыш президент пен үкімет жобалары жайлы мақтау айтып, қажет болса билікті сынағандарға қарсы шабуыл жасайды. Митинг, наразылық шерулері кезінде де осы тектес арандатушылар биліктің сойылын соға сөйлейді.
1994 жылдан бері Беларусьті басқарып отырған «Еуропаның соңғы диктаторы» Лукашенконың да «билікке адал ақылы боттары» бар.
Жапаровтың жақтастары мен қарсыластары
Жапаров өзінің сайлау алдындағы науқанында дәстүрлі құндылықтарға жиі жүгінетін. Атап айтқанда, Конституцияны қайта жазуды, жаңа билік органын – Президент пен парламентті қадағалайтын халықтық құрылтай (дәстүрлі парламент) құруды, сондай-ақ халықтық құндылықтар туралы бөлімді елдің негізгі Заңына қосуды ұсынды.
Оның «Мекенчил» («Патриот») саяси партиясы Қырғызстан аймақтарында танымалдылыққа ие. Президент жақтастарының арасында еңбек мигранттарының көп екені айтылып та жүр. Бір ғана Ресейде 850 мыңнанн астам қырғызстандық жұмыс істейді. Сонымен қатар қырғыз мигранттары Түркия, Қазақстан, Корея, АҚШ және басқа елдерде де бар.
Жапаровты «хан» сайлап, оның «ханституциясын» енгізуді еткен жақтастарының амбициясы да жоғары болатын. Жапаровтың кандидатурасын қолдаушылардың басым бөлігі саясаттан алыс прогрессивті жастар. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылық қозғалысына қатысып, 5 қазандағы парламенттік сайлау нәтижелеріне наразылық білдірді. Сондай-ақ олар демократиялық елде өмір сүргісі келетінін, жемқорлықпен күресетінін айтады. Соңғы 10 апта ішінде олар конституциялық реформаларға қарсы бірнеше наразылық акцияларын өткізді.
Жапаровшыл белсенділердің бірі Эльдар Шабданов: «Соңғы 10 жылда біз парламенттік елде өмір сүрдік. Осы уақыт ішінде қандай жағдайлардың болғанын есімізге түсірейікші: партиялар фракция жетекшілері үшін бизнеске айналды, саяси жүйеде әділетсіздіктер көп болды», – дейді.
Посткеңестік елдердегі элита арасындағы бәсеке
Қырғызстанда президент сайлауы өткен күні Қазақстан парламент депутаттарын сайлады. Садыр Жапаровтың президент болатыны, Қазақстандағы «Нұр Отан» партиясының басым дауысқа ие болатыны алдын ала болжанған. Көршілес екі елде де сайлауға қатысу белсенділігі төмен болғанымен, алдын ала болжамдар дәл келді.
«Нұр Отан» Назарбаевтың партиясы болғандықтан, мәжілістегі 98 орынның көбін иеленетін фаворит саналады. «Ауыл», «Қазақстан халық партиясы», «Адал» және «Ақ жол» партиясы билікті қолдайтындықтан, жаңа парламентте үлкен рөл атқарады деген үміттен күдіктің басым болғаны жасырын емес. Расымен, биыл 10 қаңтарда өткен сайлаудан кейін экзит-пол «Нұр Отанның» 71% дауыс жинағанын жариялады. Бұған дейін өткен бірнеше сайлауларда билік партиясы басым орынға ие болған.
Авторитаризмде бір жүйенің ұзақ мерзімге созылатынына посткеңестік елдер дәлел болғандай. Мысалы, Беларусьте тамызда өткен президент сайлауында Александр Лукашенко 80,10 % дауыспен алтыншы рет жеңіске жетті. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сайлау арқылы өзінің билігін тағы жеті жылға созды. Егер Рахмон мерзімі аяқталғанға дейін президенттікте қалса, Орталық Азияда ғана емес, бұрынғы Совет одағы елдері арасында да ең ұзақ билікте отырған басшыға айналмақ.
Былтыр Түркіменстанда конституция тағы бір мәрте өзгертілді. Осы өзгертулер арқылы Түркіменстан парламентін қос палаталы етіп құрды. Яғни өзгертулер бойынша Түркіменстанның бұрынғы президенттері өзі қаласа, өмірбойы халқ маслахатының мүшесі болып қала бермек. Ал Өзбекстан Ислам Кәрімов тұсында біраз оқшауланып қалған.
Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы бірде бір сайлауды әділ өтті деп мойындаған емес. Сарапшылар Қырғызстандағы сайлауды да заңға қайшы дейді.