Бүгін таңда Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беру басталды. 10 қаңтар күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00 мен кешкі 20.00 аралығында елдегі барлық сайлау учаскелері дауыс берушілерге ашылды.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елдегі дауыс беруге құқылы 11,8 млн сайлаушы барлығы 10 мыңнан астам сайлау учаскесінде дауыс бере алады. 66 учаске 53 мемлекеттегі Қазақстан өкілдігі жанынан құрылған.
Бұл жолғы кезекті парламент сайлауы күллі әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы кезінде өтіп отыр. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы бойынша, сайлау учаскелерінің алдында адамдардың дене қызуы тексеріледі. Ыстығы бар адамдар (температурасы 37 градустан жоғары) сайлау учаскесіндегі арнайы бөлмеде белгісіз бақылау жүйесінде дауыс береді. Сайлау процесіне қатысатын комиссия мүшелері, партиялардың сенімді өкілдері, бақылаушылар үшін оларда соңғы бес күн ішінде ПТР тест тапсырғаны және коронавирустан аман екені туралы анықтама болуы тиіс.
Кейбір бақылаушылар тест тапсыру қиындағанын айтса, енді бірі негізсіз себептермен бақылау миссисынан шеттетілген немесе туыстары арқылы сес көрсетілген. ПТР сынамасын тапсырмаған атыраулық белсендіге «коронавирус анықталғаны» хабарланған. Сонымен қоса, Алматы қаласының Санитарлық эпидемиологиялық қызметі жүздеген бақылушыдан тест алған екі бірдей зертхананың жұмысын заңсыздығын хабарлап, нәтижесін жарамсыз деп танығанын хабарлады. Мұндай қисынсыз әрі күтпеген жағдайлар аз емес тәрізді.
2 желтоқсан күні Қазақстан президенті Тоқаев 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін мәжіліс және мәслихаттар сайлауын «ашық әрі әділ өткізуге ниетті» екенін мәлімдеген еді. Дегенмен төрағасының «Кітапханаға» және мәжіліс депутаттығынан дәмелі Дариға Назарбаеваға туыстық жақындығы бар Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы президент сайлауынан кейін бақылаушыларға қойылатын талапты күшейте түсті. Сондай-ақ, атқару органдары тарапынан қысым артқан.
Елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі: «Нұр Отан», «Ақ жол», «Адал» (бұрынғы «Бірлік»), «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы» (бұрынғы «Қазақстан коммунистік халық партиясы») мәжіліс сайлауына 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам) ұсынған. Кандидаттардың орташа жасы – 46,7. Бұл жолы парламент сайлауына түсіп жатқандардың арасында қазіргі алтыншы шақырылымдағы мәжілістің 34 депутаты да бар.