Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі редакция сұрауы бойынша 1 наурыз бен 30 қараша аралығында коронавирустың жанама әсерінен 816 адам қайтыс болғанын хабарлады.
Билік аталған санаттағы пациенттен ПТР тесті арқылы коронавирус анықталғанына қарамастан, «басқа аурулардың себебінен қайтыс болғанын» алға тарта отырып ортақ есепке қоспайды. Ведомство бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрауымен ғана жариялайды.
Министрлік олардың өлімін «басқа дерттерден болды, коронавирус тікелей әсер етпейді» деп санайды. Жауапты мамандар бұл жайлы сирек сөз етеді, оның өзінде журналистердің сұрауымен. Ақпарат автоматтандырылмаған. 18 маусым 54 жағдай, 2 шілде 101, 23 шілде 319, 11 қыркүйек 576,15 қазан 672, 9 қараша 709, 15 желтоқсан 764, 26 желтоқсан 816 жағдай болғаны айтылды.
Ақпарат жаңармағалы бір айдан астам уақыт өтті. Редакция журналисі вице-министр Ғиниятқызының уәдесін (қараша айының басында Ғиниятқызы аталған ақпаратты айына бір рет жариялауды жолға қоюға уәде берген – QT) еске салып, қайта сұрау жолдады. Дер кезінде жауап болмағасын өткен сәрсенбіде бас санитар-дәрігер Ерлан Қиясовқа брифинг барысында қойылды. Ешбір сұрағымызға жауап бере алмаған ол мәліметті жазбаша нұсқада жолдауға уәде еткен. Баспасөз жиынынан кейін тұщымды ақпарат берілмеді. Ақыры орындаусыз қалған вице-министрдің уәдесі әрі президенттің тапсырмасын редакция табанды түрде талап етіп жүріп жауап алды.
«Министірлікке қарасты «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК деректеріне сәйкес, 2020 жылдың 1 наурызы мен 30 қарашасының аралығында коронавирус инфекциясы ілеспе диагнозы болған 816 өлім жағдайы тіркелді», – делінген ресми мәліметте.
Қарашада 107 өлім тіркеліп, қайта күрт өскен. Оның 50-і тыныс алу органдарының, 33-і қанайналым жүйесі ауруларынан.
Осы санат бойынша өмірден өткендердің дерегі жалпы есепке енгізілмейді. Сарапшылар мен мамандар бұған қарсы. Мұны «статистиканы мейілінше жақсартудың амалы» деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырады. 816 кейстің аурулар тобы жіктелімін ведомство былай таратады:
- Тыныс алу жүйесінің аурулары – 382 (47%)
- Қанайналым жүйесінің аурулары – 268 (32,8%)
- Эндокриндік жүйенің аурулары және метаболизмнің – 40 (4,9%)
- Жаңа өскіндер – 37 (4,5%)
- Несеп-жыныс жүйеснің аурулары – 26 (3,2%)
- Ас қорыту ағзасы аурулары – 20 (2,5%)
- Жүйке жүйесінің аурулары – 13 (1,6%)
- Жұқпалы және паразиттік аурулар – 11 (1,3%)
- Басқа жағдайлар – 19 (2,3%)
Сонымен қоса, өткен айда ең көбі Қостанай облысында 36, СҚО-да 33, ШҚО-да 19 (бойында вирус табылған – QT) адам қайтыс болған. 1 наурыз бен 30 қараша аралығындағы тоғыз айдағы жиынтық есеппен бір ШҚО-да 102, Қостанайда 90, СҚО-да 88 жағдайға жеткен. Ең кемі – Ақтөбе (4), Маңғыстау (6) мен Атырау (6) облыстарына тиесілі.
Пандемия жарияланып, карантин қолға алынған көктемде төртеу, «Маусым-шілде қырғыны» орын алған жазда 600-ге жуық, күзде 200-ден астам адам өмірден өтті. Желтоқсан айының есебі келесі айда белгілі болады.
13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 153 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 45 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 196 мыңнан асса, ал Ұлттық статистикада 198,5 мыңға жеткен. Сондай-ақ, пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3576-сы (КВИ+ / U07.1 – 2267, КВИ- / U07.2 – 493, ілеспе аурулардан – 816) қайтыс болған. Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізімінде 49-шы орында тұр.