Қазақстандағы коронавирус жағдайы туралы ресми ақпарат көзі болып саналатын coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат ресурстарында жарияланған деректер төрт айдан бері қате беріліп келген.
Пандемия жайлы мемлекеттік басты ресурс саналатын «ҚазАқпарат» ХАА-ның жобасы coronavirus2020.kz сайтында «өткен күнге» байланысты ақпарат берілді:
«Қазақстанда өткен тәулікте 729 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды. ...Өткен тәулікте коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 215 жағдайы тіркелді», – делінген ресми хабарламада.
Қазақстан Үкіметінің статистика жүргізу әдістемесі бірізді емес. Мәселен, өткен күнгі КВИ+ (коронавирус ПТР арқылы расталған науқастар – QT) есебі бүгін желтоқсанның 9-ы таңда «8 желтоқсан 23:59-дағы эпидемиологиялық жағдай» ретінде берілді. Бұл – дұрыс. Халықаралық тәжірибе бойынша өткен тәуліктің мәліметі келесі күні жиынтық есеп түрінде жарияланады.
Алайда коронавирус пневмониясы («КВИ-» – QT) бір күнге кешігіп жарияланғанына қарамастан, «өткен тәуліктегі» дерек деп беріледі. Мысалы, сәрсенбі күні таңда коронавирус сияқты сейсенбінің емес, дүйсенбі күнге тиесілі мәлімет беріледі. Бірақ неге екені белгісіз «алдыңғы» деп берудің орнына ресми ақпараттарда «өткен тәулікте» деп жарияланады.
Демек «бір күнде 944 науқас анықталды» деген ақпарат – қате. Себебі 729 КВИ+ жағдайы – 8 желтоқсанға, 215 КВИ- жағдайы – 7 желтоқсанға тиесілі. Бірақ екеуі де бүгін, желтоқсанның 9-ы жарияланды.
1 тамыздан бері жүргізіле бастаған коронавирус пневмониясының диаграммасына үңілсек, әр аптаның дүйсенбі және сейсенбі күнгі деректер күрт кеміп отырады. Бұл демалыс күндері (сенбі-жексенбі) анықталған ақпарат. Төменде берілген инфокесте кейінгі төрт жарым айда жарияланған ресми мәлімет бойынша әзірленген.
Редакция тілшісі министрліктің статистика жүргізуге жауапты маманы Гүлнар Батырхановамен тілдесіп көрді. Ол да «КВИ- бойынша деректер бір күнге кешігіп берілетінін» растады.
ДенМин өкілінің айтуына қарағанда, дүйсенбі және сейсенбі күндері демалыс күнгі, яғни сенбі мен жексенбідегі мәлімет беріледі. КВИ+ жағдайын өткен тәуліктің ертеңіне жүйелеп жариялау жолға қойылғанымен, КВИ- туралы мәлімет екі күнге кешіктіріліп жинақталады. Министрлік мұны медицина ұйымдары мен ведомствода демалыс күні екендігімен түсіндіреді. Статистикадағы кемшілікті, президент тапсырмасындағыдай бірізділік пен объективтіліктің сақталмайтыны жөнінде редакция тарапы ДенМин өкілдеріне (баспасөз хатшысы Әсел Артықшиновадан вице-министр Ажар Ғиниятқызына дейін) үш ай бойы кемінде 10 мәрте ескертіп, түсіндірді де. Алайда жауапты шенеуніктердің қатесін дер кезінде түзеткен жоқ. Қазан айының ортасында министрлік екінші толқын кезінде демалыс не мереке күніне қарамастан толық штаттық деңгейде жұмыс істейтінін мәлімдеген. Өңірлер әр күні әртүрлі түске боялып жатқанда пандемия модераторы жүгін арқалаған ведомствоның бұл уәдесі орындаусыз келеді.
Дегенмен Батырханова «күні ертеңнен бастап коронавирус пневмониясы туралы деректі «өткен тәуліктегі» деп емес, «алдыңғы тәулікте» деп жариялауға сөз берді.
Сол себепті өзге ақпарат құралдарын бір кезде жарияланған (КВИ+ / U07.1, КВИ- / U07.2) деректің жиынтық есебін қайсыбір күнге телімеуге шақырамыз. Себебі екі диагноздың дерегі әртүрлі күнге жатады.
Пандемия кезінде коронавирус пен оның пневмониясы статистикасына жауапты Үкімет (оның құрамындағы ДенМин) БАҚ өкілдерімен қоса ДДСҰ және халықаралық ұйымдардың дерекқорында қате ақпарат берілуіне түрткі болып отыр деп топшылауға болады. Бұл жаңа анықталған науқастар мен тіркелген өлім жағдайына да қатысты. «Алдыңғы» күнгі деректі «өткен тәулікке» теліп беріп келген ДенМин-нің мәліметінше, 6 желтоқсан күні елде 745 науқас (712 КВИ+, 33 КВИ-) анықталған.
ДДСҰ ұсттық статистикаға сүйене отырып осы деректі қаз-қалпында 745 кейс деп жариялады.
Жоғарыдағы аргументтерді есепке ала отырып, The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ең шынайы нұсқа деп санайды.
Қазақстанда дертке шалдыққандар 181 мыңнан асқан. Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.