Қазан айының бас шенінде Қырғызстанда болған дүрбелеңдерден кейін Қытай бұл елдегі кәсіпорындарының қауіпсіздігі туралы бірнеше рет қырғыз билігіне қайрылып, кепілдік сұрады. Осы аптада да Қытайдың Қырғызстандағы елшісі қытайлық кәсіпкерлердің мүддесі мен құқықтарын қорғауды сұрап Қырғыз үкіметіне қарата мәлімдеме жасапты. Қырғыс СІМ жетекшісі Қазақбаев елдегі бірқатар қытайлық кәсіпорындардың жетекшілерін қабылдады.
Қырғыз ақпарат құралдарының мәліметінше, елде 170 шамасындағы қырғыз-қытай біріккен кәсіпорындары бар. Олардың 80 пайызынан астамы энергетика, тау-кен және өндіріс саласында. Қазандағы дүрбелеңде тау-кен саласында жұмыс істеп жатқан 8 кәсіпорынға шабуыл жасалған еді. Солардың ішінде Қытай салымы бар Full Gold Mining және «Алтынкен» кәсіпорындары көбірек зардап шекті.
Қазақстандағы жағдаймен салыстыруға келмесе де, Қырғызстанда да синофобияның күшейіп тұрғаны шын. Әсіресе, Қытай билігінің Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жасаған қысымы Орталық Азияда ксенефобияны күшейтті. Бұған қоса, қазіргі індетпен қатар келген экономикалық дағдарыс кезінде Қытайға болған берешегін өтеу Қырғызстан үшін ауыр тиіп отыр. Қарізін қайтара алмасақ жерімізді алып қояды деген қорқыныш қырғызстандықтардың Қытайға деген сенімзідігі мен үрейін күшейткендей.
Қытайлық компаниялардың жұмыс сапасы мен экологияға тигізетін зардаптары туралы да алаңдаушылықтар аз емес. Былтыр Сұлтан-Сары (Солтон-Сары) кен орнында қытайлық жұмыскерлермен жергілікті жұмысшылар арасында қақтығыс болып, 21 адам түрлі зардап шекті. Ал, ондағы қытайлық компания өз қызметкерлері мен техникаларын алып елден кетуге мәжбүр болды.
Қырғыз СІМ басшысы қытайлық кәсіпкерлерді қабылдағанда жылы сөйледі. Ол қытайлық кәсіпкерлердің елдегі өндіріс пен сауда тармақтарын дамытып, елдің дамуына үлес қосып жатыр деп атапты. Бұған қоса, Қытай кәсіпорындарына жасалған шабуылдарға қатысты құқықтық тұрғыда іс қозғалатынын да айтқан.
Қырғыз-қытай қатынасы бізге тікелей әсер етеді деп даурықпасақ та, Орталық Азиядағы мүдделестікті ескерсек, бізге ауылы алыс тақырып емес. Іргелес елдер мен аймақтардағы жағдайларға сәл қарау ертеңгі өзіміздің күнімізге немқұрайдылық болар еді. 60 миллоннан астам халқы бар елдердің интеграциясын жеделдету өңірдегі елдердің ұзақ болашағы үшін аса маңызды. Өкінішке орай қазір бұл үрдіс қажетті деңгейде болмай отыр.