Осыдан 15 жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов өз үйінен өлі күйінде табылды. Қазақстан «мерзімінен бұрын» президенттік сайлауға дайындық жүргізіп жатқан жылы қаза тапқан саясаткердің өлімі әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.
30 жылдай Қазақстанның президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевты «билікті заңсыз иемденіп, жемқорлық жасады» деп айыптап, ашық сынаған Заманбек Қалабайұлы оппозициялық пікірлерін білдіргенге дейін ірі қызметтер атқарды. Ол Алматы қаласы мен облысының әкімі, Мәжіліс депутаты, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы болған.
2004 жылы наурызда Назарбаевтың саясатын сынағаннан кейін төтенше жағдайлар агенттігі жетекшісі Заманбек Нұрқаділов «қызмет міндетін дұрыс атқармаған» деген уәжбен орнынан алынды. Көп ұзамай Нұрқаділов Қазақстандағы коррупцияға қарсы қоғамдық комитет құратынын жариялап, «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық қозғалысының құрылтай комитетіне енді.
Бір жылдан кейін 12 қарашада саясаткер Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда мерт болды. Оның жансыз денесінен үш оқтың ізі және оқиға орнынан кезінде оған сыйға тартылған тапанша табылғаны хабарланды. Ресми тергеу «Нұрқаділов өз-өзін екі рет кеудесінен және бір рет басынан тапаншадан атып қаза болған» деген қорытынды жасады. Бірақ оппозиция «билікті сынаған қайраткер қастандық құрбаны болған» деп санайды.
2005 жылы Алматы қаласының Ғылым акаедмиясында өткен саясаткердің жерлеу рәсімінде жүздеген адам жиналды. Бірнеше айдан соң дәл осы ғимаратта халық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевпен де қоштасты. Екі қайраткердің де қазасы әлі күнге дейін толық тергелген жоқ.