«Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты қылмыстық істі қайта тексеріп, тапсырыс берушілердің кім екенін ашып көрсету керек!» Бүгін, 11 ақпан күні Алматыда өткен мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған шарада осындай талаптар қойылды. «Астана» қонақ үйінде өткен шараны А.Сәрсенбайұлының қаза болған күніне орай «Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры» және жаңадан құрылған «Демократиялық партия» тарабынан ұйымдастырылған.

Бірқатар саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және азаматтық белсенділер қатысқан жиында Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, қоғам белсендісі, журналист Ырысбек Сәрсенбайұлы арнайы баяндама жасады. Ол «Саяси террордың қалай жасалғанын және тапсырыс берушінің кімдер екенін ашып айтатын кез келді» деген тақырыптағы баяндамасында Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты бірқатар түйткілді мәселелерді ортаға салды және қазіргі биліктен Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандықты ашып тексеруді талап етті.

Ырысбек Сәрсенбайұлы інісін Алтынбек пен Заманбек Нұрқаділовті саяси террорлық құрбаны деп санайды және З. Нұрқаділовтің жерлесі, Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы ретінде заң бойынша жәбірленуші екенін алға тарта отырып, аттары аталған мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевке оқ атқызғандарды, оқ атқандарды анықтауды, қылмыстық жазаға тартуды талап ететінін білдірді.

«Бұрынғы президент Н.Назарбаевты 2005 жылғы 13 қарашадағы, 2006 жылғы 11 ақпандағы қылмыстық істерге қатысы бар деп есептеймін! Қазіргі сенат төрағасы Дариға Назарбаеваны Р.Әлиев пен Ә.Мусаевқа қатысты қозғалған №14001901100001 қылмыстық іске күдікті ретінде қосып, тергеуге алуды талап етемін! Сол екі қанды оқиғаның қоғамдағы қаупін ескеріп, терроризм бабы бойынша жаңадан іс жүргізуді талап етемін!»деді Ырысбек Сәрсенбайұлы.

Азаматтық қоғам өкілдері қатысқан жиында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің өлімі Қазақстанның демократиялануы мен құқықтық кемелденуін кері шегерген тарихи-саяси оқиға деп бағаланды.

Ырысбек Сәрсенбайұлы сөз соңында: «Президент Қ.Тоқаев, парламент мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулин қоғамның бұл талабын жеделдетіп орындасын! Міне, сонда ғана барлық азаматтардың құқығы теңеледі. Мемлекеттік билікті жекешелендіріп алып, аса ауыр қылмыс жасаушылардың жолы кесіледі. Заң алдында барлық адамдардың бірдей жауаптылығы жәніндегі талап сонда ғана іске асады. Ал ол өз кезегінде әр деңгейдегі «назарбаевтардың» астамшылығы мен заңбұзарлығын тоқтатуға септеседі», – деген уәжін білдірді.

Бұдан кейін кезегімен сөз алған жиынға қатысушылар бүгінгі Қазақстан қоғамында Алтынбек Сәрсенбайұлы сынды тұлғалардың орыны ойсырап тұрғанын айта келіп, қазіргі биліктің Қазақстанның саяси тарихындағы осыған ұқсас істердің ақ-қарасын айырып, шын мәнісіндегі азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруды талап етті.

 

“The Qazaq Times”