АҚШ-та президент пен вице-президент сайлауы аяқталуға жақын. Бірер уақыттан кейін Американың 46-шы президенті белгілі болмақ. Дәл қазір дауыс санын есептеу жүргізіліп жатыр. Ресми мәлімет бойынша қос кандидат – республикалық партия өкілі Дональд Трамп 145, ал демократ Джозеф Байден 223 дауыс нәтиже көрсетіп тұр. Үміткер президент болу үшін сайлаушылар алқасындағы 538 дауыстың кемінде 270-ін алуы керек.

Америкалықтар бүгін тек Ақ үй басшысын ғана емес, вице-президентті, Өкілдер палатасының бүкіл 435 мүшесін, 35 сенатор және бірнеше штат мен аймақтың 13 басшысын да таңдауы тиіс. Дегенмен әлем назары президент сайлауына ауып отыр.

Осыған дейін 97 миллион америкалық мерзімінен бұрын дауыс берген. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Жергілікті заң бойынша халық саны 100-ден аз елді мекендерге түнгі 00:00-ден бастап дауыс беруге болады. Сөйтіп Нью-Гэмпшир штатындағы Диксвилл-Нотч және МИллсфилд жұрты өз таңдауын жасап үлгерген. Тіпті дауыс беру нәтжелері де саналды: Миллсфилдте 21 сайлаушының 16-сы Трампты қолдаса, Диксвилл-Нотч елді мекенінде 5 дауыс жинаған Джо Байден жеңіске жеткен.

Associated Press агенттігі сайлау нәтижесі біршама айқын делінген штаттарда нақты кім жеңетінін болжай бастады. АР агенттігінің мәліметінше, Мәскеу уақытымен таңғы сағат 4-те Байден 9 штатта жеңіске жеткен. Ал Трамп 7 штатта басымдыққа ие болған.

Президенттік сайлауда сарапшылардың қорытындысы бойынша құбылмалы штаттардың саны – 8. Олар: Пенсильвания, Джорджия, Висконсин, Аризона, Флорида, Солтүстік-Каролина, Мичиган және Миннесота. Бұл – ең негізгі және шешуші штаттар. Халықтық сауалнама бойынша Байден алда келеді. Тіпті Пенсильвания, Мичиган, Аризона сияқты құбылмалы штаттардың тұрғындары да Байденінң кандидатурасын қолдап отыр.

CNN-нің зертеуі бойынша Байден қазірдің өзінде электоралды колледждің 279 дауысын жинап отыр. Президент атану үшін оның 270 жинағаны да жеткілікті. Ал Дональд Трамп болса, 20 штатта көш бастап келеді. Электоралды дауыстардың саны – 125. Техасты қоссақ, 163 дауыс. Дегенмен бұл тек бейресми және алдын ала жасалып жатқан ақпарат, қорытынды шешім емес. Барлығы 2016 жылдағыдай соңғы сәтте өзгеріп кетуі мүмкін.

Мәлімет

АҚШ президенттігіне бірінші үміткер – республикалық партияның өкілі Дональд Трамп. Республикалықтардың соңғы жылдардағы ұстанымы – салықты азайту, қаруды ұстау құқығын қолдау және көші-қонға қатысты қатаң шектеулер енгізу. Шалғай өңірлерде қолдаушылары көп. Республикалық экс-президенттердің қатарында Рональд Рейган мен Джордж Буш бар.

Екінші үміткер – демократ Джо Байден. Барак Обама ел басшысы болған кезде 8 жыл бойы вице-президент қызметін атқарған. Саясаттағы тәжірибесі 50 жылға жуықтайды. Демократтар партиясының өкілі. Бұл саяси ұйым азаматтық құқық, көші-қон және климаттың өзгеруі секілді мәселелерге деген либералдық көзқарасымен ерекшеленеді. Демократиялық партияның экс-президенттері қатарында Джон Кеннеди, Билл Клинтон мен Барак Обама бар.

"The Qazaq Times"